ҚАЙТА ҮЛЕСТІРІЛЕТІН ГРАНТТАР туралы білесің бе?

0
300

Ақылы негізде оқитын, бірақ белсенді, ғылыми жетістігі бар, баллы өте жоғары студенттер үшін арнайы қарастырылған қосымша гранттар бар


ҚАЙТА ҮЛЕСТІРІЛЕТІН ГРАНТТАР туралы білесің бе?

сурет: ЖИ

Көп студент мектеп бітірген кезде грантқа түсе алмаса, «ақылы бөлімде ғана оқимын» деп ойлайды. Бірақ оқу барысында қайта үлестірілетін гранттар бар. Бұл - студенттерге берілетін екінші мүмкіндік.

Әдетте мұндай гранттар бос орындар пайда болғанда, немесе арнайы бағдарламалар арқылы бөлінеді. Ең бастысы – олар туралы уақытында біліп, құжат тапсыру. Төменде студенттерге қолжетімді негізгі грант түрлерін нақтылап түсіндіремін.


Әкімдік гранты

Әкімдік гранты – белгілі бір облыс немесе қала тарапынан бөлінетін білім гранты. Бұл гранттар көбіне кадр тапшылығы бар мамандықтарға беріледі. Мысалы, педагогика, медицина, ауыл шаруашылығы сияқты бағыттар жиі қамтылады. Әкімдік грантына әдетте ақылы бөлімде оқитын студенттер де үміткер бола алады. Бірақ басты шарт – оқу үлгерімі жақсы болуы керек.

Қалай алуға болады:

  • GPA көрсеткіші жоғары болуы тиіс (көбіне 3.0-ден жоғары)
  • Университет арқылы өтініш жазылады
  • Кейде жергілікті әкімдікке жеке құжат тапсыру талап етіледі
  • Мамандық аймаққа қажет болуы маңызды

Қашан тапсырылады:

  • Көбіне жаз айларында (маусым–тамыз)
  • Кейбір өңірлерде оқу жылы ішінде қосымша конкурс жарияланады
  • Университет деканаты немесе сайтынан хабарландыру шығады

Маңыздысы: әкімдік грантын алған студент оқу бітірген соң сол өңірде жұмыс істеуге міндеттелуі мүмкін.


Президенттік стипендия

Президенттік стипендия – оқу үлгерімі мен ғылыми, қоғамдық белсенділігі студенттерге берілетін мүмкіндік. Бұл грант көбіне 2-3 курс студенттеріне беріледі. Ол стипендия арнайы уақыттарда әр университеттің жеке сайтында хабарланады.

Қалай алуға болады:

  • GPA өте жоғары болуы керек (көбіне 3.5+)
  • Ғылыми мақала, олимпиада, конференция жетістіктері болғаны жақсы
  • Қоғамдық белсенділік ескеріледі
  • Университет комиссиясы арқылы конкурс өтеді

Қашан тапсырылады:

  • Әдетте жазғы сессиядан кейін
  • Кейде қысқы семестрден кейін де жарияланады
  • Университеттің академиялық бөлімі хабарлайды



Жергілікті (ішкі университет) гранттары

Кейбір университеттер өз ішкі гранттарын бөледі. Бұл гранттар демеушілерден, университет қорынан немесе бос қалған мемлекеттік гранттардан қалыптасады. Мұндай гранттар көп айтылмайды, бірақ студенттерге нақты мүмкіндік береді.

Қалай алуға болады:

  • Жоғары оқу үлгерімі
  • Сабаққа қатысу көрсеткіші
  • Тәртіптік жаза болмауы
  • Кейде әлеуметтік жағдай да ескеріледі

Қашан тапсырылады:

  • Әдетте әр семестр соңында
  • Қысқы және жазғы сессиядан кейін
  • Деканат немесе студенттік бөлім хабарлайды

Бұл гранттарға көбіне 1–2 семестрге беріледі, кейін қайта конкурс болуы мүмкін.


Бизнесмендер мен демеушілер гранты

Соңғы жылдары жеке кәсіпкерлер мен компаниялар да студенттерге грант бөліп жүр. Бұл гранттар белгілі бір мамандықтарға немесе талантты студенттерге бағытталады. Кейбір компаниялар кейін жұмысқа қабылдау шартымен береді.

Қалай алуға болады:

  • Университет сайтындағы хабарландыруларды бақылау
  • Мотивациялық хат жазу
  • Портфолио дайындау
  • Кейде сұхбаттан өту қажет

Қашан тапсырылады:

  • Жыл бойы жариялана береді
  • Көбіне күзде және көктемде
  • Әр компанияның өз мерзімі болады. Оны университеттің ресми сайтында алдын-ала жариялайды.

Бұл гранттың артықшылығы – кейде шәкіртақы да қосымша беріледі.


Қорытындылай келе, гранттан кеш қалдым деп ойлаудың қажеті жоқ. Оқу барысында әкімдік гранты, президенттік грант, университеттің ішкі гранты және демеушілер гранты сияқты бірнеше мүмкіндік бар. Ең бастысы – оқу үлгерімін жақсартып, университет хабарландыруларын бақылап отыру. Көп студент дәл осы қайта үлестірілетін гранттардың арқасында ақылы бөлімнен тегін бөлімге ауысады. Сондықтан мүмкіндікті жіберіп алмаңыз.