Студенттерге арналған жазғы ВОЛОНТЕРЛІК бағдарламалар

0
302

Жаз мезгілінде волонтерлік жұмыс – уақытыңды тиімді өткізіп, пайдалы тәжірибе жинауға таптырмас мүмкіндік.


 Студенттерге арналған жазғы ВОЛОНТЕРЛІК бағдарламалар

сурет: eco village волонтерлік сайтынан

Жазғы демалысты тек қана серуенмен немесе ұйқымен өткізу – казіргі заманғы студент үшін тым қарапайым. Өйткені қазіргі заман – белсенділік пен даму заманы. Осы тұста волонтерлік жұмыс – өз уақытыңды тиімді өткізіп, пайдалы тәжірибе жинауға таптырмас мүмкіндік. Волонтерлікке қатысқан жастар жаңа ортаға түсіп, адаммен тіл табысуды, командада жұмыс істеуді, көшбасшылық қабілетті дамытуды үйренеді. Сонымен қатар әртүрлі салада (білім беру, экология, әлеуметтік көмек, мәдени шаралар) тәжірибе жинап, болашақ мансабына алғашқы қадам жасайды. Көптеген волонтерлік бағдарламаларда арнайы сағаттар тіркеліп, ресми сертификаттар, марапаттар мен кейде стипендиялар да беріледі.

Жаз айы – дәл осындай пайдалы істерге уақыт табуға таптырмас кезең. Сондықтан студенттерге арналған тиімді әрі қызықты 5 волонтерлік бағдарлама туралы танысып шығуды ұсынамыз.


«Jas Volunteer» бағдарламасы – Қазақстан жастары үшін қолжетімді мүмкіндік

«Jas Volunteer» – Қазақстандағы еріктілік қозғалысының дамуына үлкен үлес қосып жүрген жоба. Бұл бағдарлама ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жұмыс істейді. Бағдарлама жастарды түрлі әлеуметтік жобаларға тартуды мақсат етеді. Мысалы, студенттер балалар үйінде, қарттар үйінде көмек көрсетіп, арнайы білім беру бағдарламаларына қатыса алады. Сонымен қатар экологиялық сенбіліктерге, мәдени шараларға волонтер ретінде қатысу мүмкіндігі бар.

Jas Volunteer-дің басты артықшылығы – волонтерлік сағаттардың арнайы жүйеде тіркелуі. Бұл болашақта портфолио мен түйіндеме жасау кезінде үлкен көмек болады. Кейбір белсенді волонтерлерге арнайы сертификаттар мен ақшалай сыйақылар да қарастырылған. Бағдарламаға қатысу үшін QazVolunteer.kz платформасына тіркеліп, өз аймағыңыздағы жобаларды таңдау жеткілікті.


«AIESEC»егер шетелде волонтер болғың келсе...

AIESEC – әлемнің 120-дан астам елінде жұмыс істейтін жастар ұйымы. Бұл бағдарлама 18–30 жас аралығындағы студенттерге арналған. AIESEC арқылы жастар шетелге шығып, әлеуметтік, білім беру немесе экологиялық бағыттағы жобаларға волонтер ретінде қатыса алады. Бағдарламаның негізгі мақсаты – көшбасшылықты дамыту мен мәдени алмасуға жағдай жасау.

Мысалы, Үндістан, Түркия, Польша, Мысыр сияқты елдерде 6–8 апта аралығында ағылшын тілін үйрететін жобаға немесе балалармен жұмыс істейтін әлеуметтік жобаға қатысуға болады. Бұл уақыт ішінде волонтерлер жатын орынмен және кей жағдайда тамақпен қамтамасыз етіледі. Шетелге шығу – тіл үйренуге, жаңа адамдармен танысуға және өзін дамытуға зор мүмкіндік. AIESEC-ке қатысу үшін сайтына кіріп, тіркелу қажет.


«QazVolunteer.kz» – Волонтерлікке арналған отандық платформа

QazVolunteer.kz – Қазақстандағы ресми волонтерлік платформалардың бірі. Мұнда еліміздің барлық аймағынан ұсынылған жобалар жинақталған. Платформа арқылы студенттер әлеуметтік көмек, мәдени шаралар, жастар саясаты, білім беру, экология және спорт салаларында ерікті бола алады.

QazVolunteer.kz-тің ерекшелігі – әрбір волонтерлік жұмыс электронды түрде тіркеліп, арнайы жүйеде сақталады. Бұл жүйе арқылы студенттер өз волонтерлік сағаттарын жинап, болашақта түрлі гранттарға, стипендияларға немесе жұмысқа орналасу кезінде дәлел ретінде көрсете алады. Сонымен қатар, белсенді волонтерлерге сертификат пен марапаттар беріледі. Бар болғаны сайтқа тіркеліп, өзіңе ұнайтын жобаны таңдау жеткілікті.


«UN Volunteers» – Онлайн және халықаралық волонтерлік

UN Volunteers – Біріккен Ұлттар Ұйымының еріктілік бағдарламасы. Бұл жоба арқылы студенттер әлемнің әр түкпіріндегі гуманитарлық, білім беру, құқық қорғау, денсаулық сақтау салаларында ерікті болып қызмет ете алады. Бұл бағдарлама ағылшын тілін білетін, жаһандық ойлауға ұмтылатын жастар үшін өте тиімді.

UN Volunteers арқылы волонтер болудың екі түрі бар: оффлайн (нақты бір елде жұмыс істеу) және онлайн (қашықтан қызмет көрсету). Онлайн волонтерлікке жазу, аударма, графикалық дизайн, SMM сияқты бағыттар кіреді. Бұл – өз салаңда тәжірибе жинап, БҰҰ сияқты ірі ұйыммен жұмыс істеуге мүмкіндік.


«Eco Village» бағдарламасы – Табиғат аясындағы пайдалы демалыс

Eco Village және GoCamp бағдарламалары – жазда табиғат аясында экологиялық немесе білім беру бағытындағы волонтерлікпен айналысуға мүмкіндік береді. Бұл бағдарламалар, әсіресе, ауыл өміріне қызығатын немесе балалармен жұмыс істеуді ұнататын жастар үшін таптырмас тәжірибе.

GoCamp – Украинада ұйымдастырылатын жазғы лагерьлер желісі. Онда еріктілер балаларға ағылшын тілін үйретіп, түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырады. Ал Eco Village бағдарламасы арқылы студенттер экологиялық жобаларға қатысып, табиғатты қорғау, ағаш отырғызу, қалдықтарды қайта өңдеу сияқты пайдалы жұмыстармен айналысады.


Бұл бағдарламалар, әдетте, жатын орын және тамақпен қамтамасыз етеді. Кейбір жобаларда жол шығыны да өтелуі мүмкін. Шетелдік тәжірибе мен халықаралық достар – бұл бағдарламалардың тағы бір үлкен артықшылығы.

Волонтерлік – бұл тек көмек көрсету емес, бұл – өз болашағыңа, тұлғалық дамуыңа, тіпті мансап жолыңа салынған инвестиция. Жазғы уақытты пайдалы әрі есте қаларлықтай өткізу үшін жоғарыда аталған бағдарламалар студенттерге үлкен мүмкіндік береді. Қазірден бастап тіркеліп, өз жолыңды таңда!