Асылхан Төлепов: "Гауһартас" қойылымының билеттерін жұрт "OLX"-пен сатып жүр"

0
2 647

​Менің бүгінгі кейіпкерім - жас болса да өнерде өз орнын тауып келе жатқан, кинода Сартай батыр болып танылса, театрда Қайыркен болып көптің қошеметіне бөленген "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының, «Ерен еңбегі» үшін төс белгісінің иегері, театр және кино актері, үш дүркін «Өнер барысы», Музыкалық жас көрермен театрының актері Асылхан Төлепов.


Асылхан Төлепов:

Асылхан мырза, сәлеметсіз бе! Аз уақытта сұхбат беруге келіскеніңізге рахмет! Шығармашылығыңызда қандай өзгерістер бар? Астанада ашылған Музыкалық жас көрермен театрының дамуына ат салысып, батыл қадам жасап, Астанаға көшіп кеткеніңізге көп болған жоқ. Жас театрдың аяқ алысы қалай?

Қазіргі таңда Астана қаласының әкімдігінің қолдауымен ашылған, ұстазым Асхат Маемировтың арнайы шақыртуымен Астана қаласы көшіп келген жайым бар. Театрдың жас та болса, аяқ алысы жақсы. Өзінің көрермені толықты. Аз уақыттың ішінде бірнеше премьера жасадық, жақсы спектакльдер халық назарына ұсынылды. Кез келген қойылымда зал көрерменге лық толы болады десем артық емес. Театр труппасы жас актерлерден құралған, барлығының ішінде от бар, жалын бар. Соның барлығын көрермен сезсе керек, соңғы кезде спектакльдердің барлығы дерлік аншлагпен өтеді. Театр жақсы көтеріліп келеді, ашылғанына үш жыл да толмаған театр үшін жақсы көрсеткіш деп ойлаймын.

Әлеуметтік желілерді біраз шулатқан «Гауһартас» спектаклінде сізге берілген Қайыркен рөлін қалай алып шықтыңыз? Жазушы драматург Дулат Исабековтің өзі келіп спектакльді көрді ғой, сізге қандай баға берді?

Жалпы екі жарым жылдың ішінде он бес қойылымның көпшілікке таныстырылымы өтті. Ал соңғы жаңалығымыз өзіңіз айтпақшы, барлық әлеуметтік желілерді шулатқан, көп мектептерді, оқу орындарында флешмоб болып ұйымдастырылып кеткен, «Гауһартас» спектаклі деп айтсам болады. Үш күн қатарынан қойылған қойылымға еліміздің әр түкпірінен көрермен келді. Жазушы драматург Дулат Исабеков те премьераға келіп, оң бағасы мен батасын берді. «Гауһартастың» 1975 жылы киносы шыққан екен.Біздің ұжым тәукел етіп, қолға алып, көрермен назарына ұсынды. Театр сүйер қауым өте жылы қабылдады десем болады. Ал өз роліме, яғни, Қайыркенге келер болсам, маған бұл рольді алып шығу үшін, қателеспесем, төрт бес ай уақыт керек болды. Себебі маған берілген мәтін көп еді. Мәтінді жаттауға, кейіпкеріме енуге, оны сахнада тудыра білуге осыншама уақыт жұмсадым. Кейіпкерім кез келген актер үшін қызықты. Дулат Исабековтің өзі келетінін естіген кезде, мен де жауапкершілік екі есеге артты. Барымды салдым, көрермен жақсы қабылдады, сәтті шықты. Дулат ағамның өзі сахнада «Менің Қайыркенім» деп мені құшақтап тұрып, батасын берді. Бұл мен үшін мәртебе. Дулат Исабековтың көңілінен шыққаны соншалық, осы қойылым еліміздің алыс жақын шетелдерді араласын деп, ұсыныс тастады. Қазақстанның облыстарын «Гауһартаспен» бірге аралау жоспарда бар.

Музыкалық жас көрермен театрының «ақсақалы» сіз десек қателеспейміз? Өнерде де өмірде де бағыт бағдар сілтеп жүрген Асхат Маемировтың шәкірті ретінде бұл театрдың дамуына қалай үлес қосып келесіз? Сіз қызмет ететін өнер ордасының басқалардан ерекшелігі неде?

Ия, театрдағы үлкендердің қатарында Самал Ислямова бар. Театр ашылатын кезде ұстазым Асхат Маемиров өзі хабарласып мені шақырған болатын. Бастапқы кезде менімен бірге Аян Өтепберген де болатын. Бірақ белгілі себептермен, Аян өз шығармашылығын Алматыда жалғастыруды дұрыс деп санады. Ал мен Астанада қалдым. Себебі театрда шыңдалғым келді, театрды жастар арасында кеңінен насихаттағым келді. Театрсүйер қауымның аудиториясын жасартқым келді. Қолымнан келіп жатыр деп ойлаймын. Жоғарыда айтып өткенімдей, қазір біздің ұжым ұсынған бар қойылым аншлагпен өтеді. Гастрольдік сапарда да халықтың ықыласы мен құрметі ерекше. Ал еңбектің ақталғаны мені шабыттандыра түседі.

Біздің театрдың ерекшелігі аты айтып тұрғандай қойылымның барлығы музыкалық сүйемелдеумен, жанды дауыста орындаумен өтеді. Бізде мюзикл да спектакль де бар. Әр қойылымда ерекше тандем бар. Жалпы қазір біздің театрымыздың қарқынды дамуына әлеуметтік желілерде ерекше әсер етіп жатыр деп ойлаймын. Себебі, бізге келген көрермен тик ток желісіне спектакльдің кішкене үзіндісін салса болды, қаралым көп жиналады. Оны көрген көрермен бізге қарай ағылады. Біздің көздегеніміз де сол театр өнерін мейлінше жандандыру, жарнамасын жасау, халықты өшпес өнермен достастыру. Қазір біздің соңғы қойылған қойылымдарымызда ескі әндер көптеп орындалады. Бұл да жақсы. Ескі әндерді мұрағатқа салып тастамай, жан бітіріп, дәріптеген дұрыс.

Ылғи аншлаг дейді..?

Ия, біздің билеттер сайтқа түскен сәтте өтіп кетіп жатыр. Тіпті, мынадай қызық жағдай болған. «Гауһартасқа» билет сайтқа шыққан бойда, бір адамдар көптеп сатып алып, оны «Олх» салып, екі үш есе қымбат бағасында сатқан екен. Біздің еңбекке сұраныстың артқаны көңіл қуантады. Дей тұрғанмен, айта кету керек, біздің театрдың спектакльдеріне билет қолжетімді бағада.

Кинода аяқ алыс қалай? Басты рөлдерде бас көтеріп жүрсіз бе?

Былтыр «Бүркіт» деген толықметражды фильмге түстім. Арнайы жасақ туралы фильмде басты рольдердің бірін сомдадым. Фильм күзде үлкен экранға, көрерменге жол тартпақ. Фильмді толық ашып айтпасам да, жалпы мазмұны арнайы жасақтың бізге көрінбейтін, көп адам елей бермейтін тұстары мен жұмысын көрсетеді.

Жастайыңыздан спортқа жақын өстіңіз. «Өнер барысын» үш дүркін жеңімпазы атану қиын болмаған болар?

Ия, мен көпшілігі білетіндей, мен бала кезімнен бастап таэквондомен айналыстым. Ал «Өнер барысы» турнирі ұйымдастырылады дегенді естіген сәттен бастап Алматы қазақ күресі федерациясына арнайы дайындыққа бардым. Жаттықтырушыларға арнайы жолығып, режим ұстанып, өзіме қатаң тәртіп қойып, мәрттікпен өзімді тәрбиелеп қатысқан жобаларымның бірі. Жастайымнан спортпен айналыссам да, «Өнер барысын» жеңу үлкен еңбек пен қажырлықты қажет етті. Қатарынан қанжығама байланған үш жеңісте оңайлықпен келген жоқ.

Өзіңіздің авторлық жобаңыз «Театр барысын» биыл бірінші рет ұйымдастырдыңыз. Жоба дәстүрге айналып жыл сайын өткізіле ме?

«Өнер барысын» үш рет жеңіп алған соң, оны театр актерлері арасында да дәріптегім келді. Биыл алғаш рет өткіздік. Еліміздің барлық театрларынан актерлер қатысты десе болады. Турнирде 48 актер бақ сынады. Жаман емес, жақсы өтті. Дегенмен келер жылы бұдан да жақсы өткізу ойда бар.

«Театр барысын» ұйымдастыру барысында «әттеген ай» болды ма?

Әрине, алғаш рет ұйымдастырылған жоба болған соң, шикілеу тұстары да, «әттеген айы да» болды. Қателікпен жұмыс істейміз, келер жылы бұдан да ауқымды етіп өткіземіз, биылғы қателескен тұстарымызды бір ізге саламыз, ұйымдастыру жағынан, техникалық жағынан кеткен қателіктерді ретке келтіреміз деп ойлаймын. Жыл сайын өткізу мақсатымыз бар.

Шығармашылықтан бөлек, отбасылық өміріңізде қандай жаңалық бар? Жарыңыз Айсұлу Алматыда. Астанаға түбегейлі көшіріп алу жоспарыңызда жоқ па?

Отбасымды жаныма көшіріп алу жоспарымда бар. Биылғы жылы соны қолға алсам деп отырмын.

Сіз қандай әкесіз? Бала тәрбиесіне қаншалықты үлес қосып жүрсіз?

Менің бұл өмірде түзу жүруім, ешкімнің ала жібін аттамауым, жан жақты болуым, барлығы менің ұлыма үлгі деп есептеймін. Өскенде «менің әкем қандай адам?» деген сұрақ туындағанда беті жерге қарамайтындай, кеудесін мақтаныш кернейтіндей болсын деп, жамандығымды жасырып, алдымен өзімді тәрбиелеп жүрген жайым бар.

Алпамыстың өнерге қабілеті басым ба? Ерте жастан байқап, баулып жүрсіз бе?

Алпамыстың әнге құштарлығы ерекше. Естіген әнін бірден жаттап алады, соны нақышына келтіріп орындап береді. Болашақта қай қабілетін болмасын дамытуға көмектесемін.

Театр, кино, спорт, отбасы... осының бәріне уақытты қайдан табасыз?

Адам баласы қаласа бәріне үлгеруге болады. Дегенмен, демалуды да ұмытпау керек. Шаршап қалмау үшін, жалығып кетпеу үшін бәрін ретімен, сағынышпен істеу керек. Биыл көп уақытымды театрға арнасам, маусым жабылған соң, киноға көңіл бөлемін. Жалпы мен кез келген дүниені жоспармен жасайтын адаммын.

Сұхбатыңызға рахмет!

Сұқбаттасқан Қарашаш Есенбай