"Аяғымды ашық жариялаған соң, өмірімнен кетіп қалған адамдар болды": Белгілі блогермен эксклюзивті сұқбат

0
6 997

Ол бала күнінде аяғынан айрылған. Осы уақытқа дейін аяғында протез барын жасырын ұстап келген. Ол TikTok желісіне жариялаған видеосынан соң дүйім елге танылды. Самалмен әке тәрбиесі, мүгедектердің жағдайы мен армандары туралы сөйлестік. Менің бүгінгі кейіпкерім - журналист, блогер Самал Смаханқызы.



- Самал, сізді әлеуметтік желі арқылы танып жатырмыз. Барлығын ашық көрсетіп, батыл қадамға баруға не себеп болды?


- Бір үлкен себеп болды, мұны ұзақ уақыт жоспарладым деп те айта алмаймын. Мен жыл сайын ортопедиялық орталыққа барамын. Сол жерде бір кісіні көріп қалдым. Ол кісі біздің қоғам мүгедек адамдарды бөледі деген ойын айтты. Сол екеуара әңгіме маған әсер етті. «Біздің қоғам сау адамдар мен мүгедектерді бөлмейді. Олардың бөлектеуіне итермелейтін біздің өзіміз», – дедім. Ол кісі, әрине, менімен келіспеді. Содан кейін үйге келіп, қолыма қайшымды алдым да, аяғымды шешіп, барлық темірімді көрсетіп, қасыма екі құрбымды ертіп алып фототүсірілім жасауға шығып кеттім. Сол күні кешке ТикТокке бір видео салдық. Таңертең тұрсақ біршама қаралым жинапты. 3–4 күннің ішінде 1 миллион қаралым жинап, Қазақстанның біраз қаласы менің аяғым туралы білді. Ол қанша жыл бойы жасырып жүрген құпия болатын.


- Өзіңіз туралы білсек? Қай жақтан боласыз? Қайда оқыдыңыз? Қазір немен айналысасыз?


- Мен Алматы облысы, Алакөл ауданынан боламын. Төрт бірдей ағам, анам бар. Әкем қайтыс болған. Аяғыма келетін болсақ, аяғымды он жасқа дейін жоғалтым алғам. Бірақ қалай, қайда болды, мен оны бөлісіп жатқан жоқпын. Өйткені оның уақыты әлі келген жоқ. Жан дүнием ол жайтты бөлісуге дайын емес. Бұл тақырып маған өте ауыр тиеді. Әрине, уақыты келгенде міндеттітүрде оқырмандармен бөлісетін боламын. Бұл сол кішкентай кезімде болған жағдай. Соған байланысты мен протезбен жүрген кезде қиналмаймын, тәжірибем көп. Протезді кішкентай күнімнен кидім, сондықтан бір супер адам болғанымнан емес, тәжірибемнің көп болғандығынан ақсаңдамаймын.


- Қосалқы дүние емес, бір бөлшегіңіз секілді болып кеткен ғой?


- Иә, өзімнің аяғым сияқты қалыптасып кеткен.


- Сол бір оқиғадан кейін ата-анаңыз бірден протезге жүгінді ме?


- Иә, әкем жүгініп, кигізіп, онымен жүруді үйретті. Көшеде балаларды көрсетіп: «Сен мына балалардың аяғын көріп тұрсың ба?», – дейтін. «Иә» десем: «Олардың бәрінің аяғы бірдей, ал сенікі басқаша, демек сен басқашасың, өзгешесің», – деп үйретті. Үйге қонақ келсе, дереу менің аяғымды кигізіп қоятын. Ешқашан аянышты қылып, жарты аяғымды көрсетіп қойған жоқ. Осы сәтті пайдаланып бүкіл мүгедек бала ұстап отырған ата-аналарға мынаны айтқым келеді. Егер сіз де мамам мен әкемнің мені тәрбиелеудегі тактикасын ұстансаңыз, балаңыз өзін ешқашан мүгедек сезінбейді. Менің дәл қазір осылай отыруым – маманың еңбегі. Білмеймін, ол маған көрсетпей талай жылап та алған шығар. Бірақ ешқашан менің алдымда отырып, неге бұлай деп жылаған емес. «Бұл құлап қалады, бұған ауыр көтеруге болмайды» деп шектей берсе, менің санамда «мен мүгедекпін» деген ой қалыптасар ме еді. Олар ешқашан мені мүгедек деп мойындамады, өзіме де мойындатқызбады. Менің ата-анам сияқты еңбектеніп, үміттеріңізді үзбесеңіздер, сіздердің балаларыңыз соның барлығын қайтарады. Сіздер мүгедек емес, ерекше бала ұстап отырсыздар. Мүгедектік деген жоқ, ол тек біздің басымызда. Егер біз оны мойындамасақ, оны басқалар да мойындамайды.



- Сізді батыл етіп тәрбиелеуде ата-анаңыздың тағы қандай ерекше ұстанымы болды?


- Олар менің өз бағамды білетін адам етіп тәрбиеледі. Бұл біреу үшін дұрыс емес шығар, бірақ ол дәл қыз баласы үшін қажет. Қыз бала өзін бағалай білуі керек. Менің әкем: «Қазақстанда қанша қыз бар, бірақ ең әдемісі менің қызым. Менің қызыма ханзададан басқа ешкім тең емес», – деп айтатын. Білесіз бе, қазір маған қаншама ер адам: «Қарындасым, мен сені әйелім етіп алайын. Аяғыңа қарамастан алайын», – деп жазады. Мен оларды оқып күлемін. Маған аяғыма қарайтын, қарамайтын адам емес, өзім қарайтын жігіт қана мені ала алады. Бұл жерде әке-шешемнің рөлі өте жоғары.


- Ата-анаңыз туралы білгіміз келіп кетті, ол кісілер туралы тағы не айта аласыз?


- Әкем өмір бақи көлік жүргізушісі болған, кейін келе шағын кәсібін дөңгелеткен кісі. Анам бес баланы тәрбиелеп, үй шаруасында отырды, өйткені әкем біздің толықтай жағдайымызды жасады.


- Жақында ғана Қайрат Құдайбергеннің компаниясына жұмысқа тұрдыңыз...


- Иә, мен осы туралы да айтып кеткім келеді (қуанып). Желіде тараған видеодан кейін ол кісі маған дайретке жазды. «Қарындасым, менің саған деген ағалық көмегім болсын, қандай көмегім керек?» деп сұрады. Мен ол кісіге: «Жұмыс бойынша көмегіңіз керек» деп жаздым. Өйткені Алматыда жүргеніме 1 жыл болды. Әлі мамандық бойынша жұмысқа кіре алмадым.


- Сіздің мамандығыңыз журналист, иә?


- Иә, мамандығым журналист. Сосын ол кісі маған өзінің компаниясынан СММ маманның жұмысын ұсынды. Өздеріңіз білесіздер, ол кісі өз компаниясына білікті мамандарды ғана алады. Десе де Қайрат мырза маған сенім артты, мотивация берді деп айта аламын. Енді әрі қарай ізденіп, ол кісінің сенімін ақтауға тырысамын.


- Мамандығыммен жұмысқа тұра алмадым дейсіз. Телеарналарға, сайттарға барып, іздендіңіз бе?


- Иә, 31 арнада бір бағдарламада стажер ретінде жүрдім. Бағдарламаның атын айта алмаймын. Ол жерде мені менсінбеді деп айтуға болады. Хабарландырулар бойынша түйіндеме жолдап, журналистердің желідегі жекесіне жаздым. Жауап бермеді, сондықтан журналистика саласында жұмыс істеуге мүмкіндік болмады.


- Бір жыл бойы қай салада жұмыс істедіңіз?


- Талдықорған қаласында даяшы болып істегенмін. Ол кезде аяғым туралы ешкім білмеді. Алматыға келіп, 31 арнада стажер болдым. Ойым жүзеге аспаған соң кеттім. Әрі қарай эпидемиялық жағдайға байланысты қалада дизинфекция жұмыстары жүрді, сол жерде оператор болып жұмыс істедім. Біршама уақыттан кейін ол жердің жұмысы тоқтаған соң, бір бизнес орталықтың тіркеу бөліміне орналастым. Ол жерден өз еркіммен кетіп үйде екі айдай жұмыссыз жаттым. Сол уақытта өзімді іздедім. «Не істеп жүрмін? Қайда бара жатырмын? Әрі қарай не болады? Алматыға не үшін келдім? Бекер келдім бе әлде қайтқаным дұрыс па?» деген сұрақтарға жауап іздедім.


- Сөйтіп, ойланып жүргенде құрбыларыңызды ертіп видео түсіруге кеттіңіз?


- Иә.


- Соңында танымал болып кететініңізді білдіңіз бе?


- Әрине. Қазір мені аты шулы бағдарламалар қонаққа шақырып жазады. Бірақ менің отбасым ондай бағдарламаларға шығуыма мүлде қарсы. Олар ол жерде қандай жағымсыз сөздердің айтылатынын біледі. Отбасым: «Сенің бізден естімеген ауыр сөздерді басқалардан естігеніңді қаламаймыз», – деді. Сондықтан ол бағдарламалардың ешқайсысына бармадым.


- Тағдырластарыңызды көп көресіз, ортасында боласыз. Олардың қандай жан жарасы бар? Өздерінен ұялатын кездері бола ма?


- Әрине, болады. Менің де басымнан өткен. 8 сынып оқып жүрген кезде жүрісімде ерекшелік болды. Бала кезімде мінсіз жүрістің қандай екенін білмеймін. Семей қаласындағы Алмас деген білікті маманның арқасында қазіргідей мінсіз жүрістің қандай, қалай болатынын білдім. Ол кісі маған бәрін түсіндіріп берген еді. Оған дейін адамдар жүрісіме біртүрлі қарайтын. «Бұлар неге маған бұлай қарайды, қай жерім дұрыс емес» деп ойлайтынмын. Өзгелердің осылай түк көрмегендей қарайтындары бізді шошытады. Соның кесірінен олар ұялып, ешқайда шықпайды. Жыл сайын ортопедиялық орталыққа барып, талай жанмен сұқбаттасқанда осы жайтты айтады. Жастар баратын кештерге де бармайды. «Ақсаңдап бассам, жұрт маған қарайды, ортаға шығып билесем, күледі» деген ой бәрінің басында бар. Сіздер мені интернетке видео жариялағаным үшін ғана білесіздер. Бірақ мен сияқты жүздеген, мыңдаған адам бар. Тура мен сияқты білдіртпей жүретін, тура мен сияқты бәрімен тең жүрген жан көп. Олар өздерін жарияламағандықтан халық білмейді, ал мен бір «герой» сияқты болып қалдым. Негізінде менің ешқандай артықшылығым жоқ.



- «Әлемде әдемі адам көп, ерекшелер аз» деген ұстаным қазіргі сән әлемінде трентде. Сізге сән агенттіктерінен ұсыныс түспеді ме?


- Модель болу – менің арманым. Кішкентай кезімде әкемді отырғызып қойып, маманың көйлектерін киіп, сән көрсететінмін. Бірақ ол арманыма жете алмайтын сияқтымын, себебі Қазақстанда мінсіз адамдарды іздейді. Ал шет елде ерекше жандарды іздейді. Мысалы, құлағы, көзі ерекше модельдер бар. Бізде керісінше, бәрі мінсіз болуы керек, сондықтан менің бұл арманым шет елде болмаса, Қазақстанда жүзеге аспайды.


- Жанымда жүрген көп адам аяғымның протез екенін білмеді дейсіз. Білген соң олардың реакциясы қандай болды?

- Бірнеше күн бұрын аяғымды ашық жариялаған соң, өмірімнен кетіп қалған адамдар да болды. Біз маусым сайын кимейтін киімдерімізді тастап отырамыз. Ол адамдар да менің керек емес киімдерім сияқты. Кететіндер кетсін, нағыз жанашырларым жанымда қалсын. Қол-аяғы жоқ Ник Вуйчичке қараңызшы, әп-әдемі әйелі, сап-сау балалары бар. Мүгедектен мүгедек бала туылады деген факт емес. Оның бәрі Алланың қалауындағы іс.


- Алға қойған қандай мақсаттарыңыз бар?


- Менің негізгі мақсатым: мүгедек пен сау адамның бірдей, тең екенін қазақстандықтарға жеткізгім келеді. Сау адамның мүмкіндігі 100 пайыз, мүгедектікі 70 пайыз емес, екеуінің де мүмкіндігі бірдей екенін түсінсе деймін. Мүгедектерді біздің қоғамға толыққанды адам ретінде кіргізгім келеді. Олардың бір бұрышта, джинс шалбар киіп алып, өзімен-өзі, жұрттан ұялып кетіп бара жатқанын қаламаймын. Қалаған белдемшесін, қалаған көйлегін киіп, көшеде әдемі болып жүргенін қалаймын. Менің ең басты мақсатым осы. Мүмкіндігі шектеулі тағдырластарым мені көріп, «Мына қызды қоғам қабылдады қой, демек мені де қабылдайды», – деп соңымнан еретіндеріне сенемін. Қазіргі жағдайым керемет емес, бір айлыққа қарап жүрген адаммын. Десе де, алдағы уақытта армандарымның орындалатынына сенемін. Соның бірі – ДЦП-мен ауыратын балаларға көмектесу. Жыл сайын менің арқамда бір бала шет елде ем алып отырса, осы арманымның орындалғаны. БАҚ беттерінде мүгедектерді де сау адам сияқты қабылдау керек екенін көбірек насихаттаса деймін. Суға сүңгитін кезде бірден күмп етіп түсіп кетпейміз ғой. Бірінші ұстап көреміз, сосын аяғымызды салып, денемізді үйретеміз. Сол секілді күн сайын мүгедекке жарымжан адам емес, толық адам ретінде қарауды насихаттай берсек, қоғам оған да бой үйретеді деп ойлаймын.

- Самал, шынайы, тұщымды ойыңызды ортаға салғаныңыз үшін рақмет! Сізге сәттілік тілейміз!