Гүлшат Тутова - театр және кино актрисасы.
Қарашаш Есенбай: Гулшат ханым, туып өскен жеріңізді, балалық шағыңызды еске алсақ...
Гүлшат Тутова: Мен қазіргі Түркістан облысындағы Шардара жерінде дүниеге келдім. «Бұрын бәрі қай жерденсің?» деп сұраса, «2-ші микрорайон, улица Нариманова» деп толық айтатын едім (күліп).
Өнерлі отбасында өстім, әкем «Шардара толқындары» деген халықтың арасынан құрылған ансамбль де ән айтып, өнер көрсететін. Бірақ өнердің қазанында қайнамағандықтан ба, мені өнерге баулып, қазіргі Өнер академиясына алып келді.
Қарашаш Есенбай: Сол жерде сіз өнердегі жолыңызбен қатар, өмірлік жарыңызды да таптыңыз ғой. Осы туралы толығырақ білгіміз келеді?
Гүлшат Тутова: Иә, біз Нұржан екеуміз Жүргенов атындағы институтта оқыдық. Бірақ ол бірге оқыған жоқ, ол кезде әскерге алып кетуші еді ғой, сосын 2 жылдан кейін әскерден келіп оқуын жалғастырды. Сол кезде таныстық. Сосын екеуміз бірге бір шығарма алып, өзіндік жұмыстарды бірге жасап, Тұңғышбай ағайымызға көрсетіп жүрдік. Бір қойылымда ол - король, мен - королева рөлін сомдадық. Сөйтіп жүріп екеумізде «махаббаттың құдірет күшін әлдилеп» болып кетті ғой (күліп). Нәтижесінде өмірде де дәл солай, ол - король, мен – королева.
Қарашаш Есенбай: Сіз туралы айтқан кезде, көзімізге бірден кинода да, театрда да ананың, әйелдің образдары келеді екен. Бірақ, мамандар театр мен киноны екі әлем деп қарастырып жатады. Сізге жақыны қай сала? Қай әлемде көбірек өмір сүргіңіз келеді?
Гүлшат Тутова: Екеуін бөліп жаратын дүние емес, өнер болғаннан кейін екеуін бөлек қарай алмаймын. Тек айырмашылығын ғана айтуға болады. Театрда күнделікті ойнағандықтан сол сәтті бір-ақ рет көрсете аласың. Ал кинода жасай алмаған дүниеңді халыққа көрсету үшін бірнеше дубль түсіріп, жақсы ойыныңды көрсетесің. Сондықтан мен екеуін бірдей жақсы көремін.
Қарашаш Есенбай: 1996 жылы оқуды бітіріп, бірден театрға жұмысқа қабылданған екенсіз. Сондағы ең бірінші рөліңіз есіңізде болар?!
Гүлшат Тутова: Менің бірінші рөлім - А.П.Чеховтың «Чайкасындағы» – «Маша» рөлі болды. Режиссері - Болат Атабаев. Шынымды айтсам, ол рөлге қалай енгенімді, қалай ойнап шыққанымды әлі күнге дейін түсінбеймін. Ұзақ қойылым болғандықтан көп жерлерінқысқартыптастаған, сөйтіпменің рөлім 1-2 жерде ғана шығатын эпизод болды. Дегенмен өзім үшін тарихта қалатын рөл болды.
Қарашаш Есенбай: Неліктен сіздің образыңыздағы аналар тағдыры ауырлау болып келеді. Сол рөлдерді өзіңіз саралайсыз ба? Жоқ әлде ұсыныстан бастартпай міндетті түрде рөлдерді алып шығасыз ба?
Гүлшат Тутова: Кино әлемінде таңдау жоқ! Менің жасымда аналардың рөлі өте аз. Көбіне түр пішініме қарап па, әлде жан дүниеме қарап па режиссерлар мейірімді ананың рөлін беріп жатады. Мысалы, былтыр ғана «47 ананың баласы» деген сериалда басты кейіпкердің рөлін сомдадым. Соның өзінде жүзіңізде мейірім бар, көзіңіз мұңды, түр-пішініңіз де парасатты ананың рөліне келеді дейді.
Қарашаш Есенбай: Актердің келбетін ашу үшін режиссерға да шеберлік керек дейді ғой. Өзіңізге қай режиссерлармен жұмыс істеген қолайлы, қай режиссерлармен жақсы тандем шығады?
Гүлшат Тутова: Енді режиссерларды да кәсіби тұрғыдан оқыған, оқымаған режиссер деп бөліп жатамыз. Бірақ оқысын,оқымасын мені акртиса ретінде танытқан «Жетімдер» фильмі. Режиссері - Еркін Рақышев. Бәрі «сенің режиссерің Еркін Рақышев» деп мазақтайды. Мазақтай берсін, керісінше мені актриса ретінде танытқан Еркін Рақышевқа рақметімді айтамын! «Жетімдер» киносы 2 жылдан кейін бірақ шықты, оның артында үлкен еңбек жатыр. Одан кейінгі фильмім «Біржан сал» Досқан Жолжақсынов. Өзі актер, өзі режиссер болып, фильмді өте жоғарғы деңгейде түсіріп шықты.
Қарашаш Есенбай: «Актер әр образымен өмір сүре білуі тиіс» дейді. Десе де бір сәт ойланып көріңізші, егер өзіңіз мүмкіндік берілсе қай кейіпкер болып өмір сүруді қалайтын едіңіз?
Гүлшат Тутова: Өз өмірім ұнайды. Басқа бір кейіпкер болып өмір сүргім келмейді. Балалық шағым да жаман өткен жоқ, қазір де жаман емес. Қазақ «Жас кезіңде бейнет бер, қартайғанда дәулет бер» дейді, сол себепті дәулетті болғым келеді. Бұрын бұл сөздің мағынасын түсінбеуші едім. Қазір «дәулет» деген сөздің астарында қандай мағына жатқандығын білдім. Балаларымның дәулеті тасысын! Екінші рет дүниеге келсем де осы өмірімді сүргім келеді ( жымиып).
Қарашаш Есенбай: Бұл нағыз бақытты әйелдің сөзі шығар деп түсіндім. Бақытыңыз баянды болсын! Бізбен сұқбаттасқаныңыз үшін алғыс айтамын.