«Қару шашып-жинауды жарты сағатта үйрендім»: «KAZBAT» фильмінде басты рөлді сомдаған актрисамен сыр-сұхбат

0
4 224

«Бізді казармаға алып кетті»


«Қару шашып-жинауды жарты сағатта үйрендім»: «KAZBAT» фильмінде басты рөлді сомдаған актрисамен сыр-сұхбат

Өмір деген ұлы сапардың күйбеңінен бірер сәт мөлдір әлемге ауыса тұрасыз ба? Театр және кино актрисасы Индира Құлмағамбетованың әдемі әлеміне саяхаттауды ұсынамын. Оның бағы әуелі кинодан ашылды. «KAZBAT», «Абай жолы», «Құсайыновтар өмір жолы», «Оркестр», т.б. сияқты көркем таспаларға түсті. Ал театрға Өнер академиясын бітірген 2 жылдан соң кастингке шақырылып, 12 қыздың арасынан жалғыз өзі өтті.


Өткенде ғана Димаш Құдайбергеновтің Алматыдағы концертінде «Қорқыт ата туралы аңыз» бейнеролигіндегі рөлімен көзге түсіп, хит болды. Шынашақтай қыз баласы бола тұра «KAZBAT»-тағы қаруды көзін жұмып шашып, жинаған сахнасы әлеуметтік желіні шарлап кетті.


М.Әуезов атындағы қазақ Ұлттық драма театрының биылғы 97-ші маусымын ашқан «Қарагөз» спектаклінде Қарагөзді ойнап, көрермендерінің ыстық ықыласына бөленді.


– Индира, театрға қашан келдіңіз?

– 2013 жылы Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясына «Актерлік» мамандығына, Есмұхан Обаев, Алма Кәкішева деген ұстаздардың қолына түстім. 2017 жылы жоғарғы оқу орнын бітірдім. 2019 жылы әкемтеатрдан кастингке шақырту алдым. Кастингте 12 қыздың арасынан мен ғана өттім. Содан бері театр қабырғасында жұмыс істеп келе жатқаныма биыл төртінші жыл.

– Актриса боламын деп армандап келдіңіз бе?

– Кішкентайымнан би билейтінмін. Академияның актерлік мамандығына аяқ астынан түстім. Мектеп кезінде актриса болу туралы ойлап та көрмеппін. Өнер академиясына бір жел айдап келді-ау деймін.

Мен негізі өнер жолымды театрдан бұрын кинодан бастағанмын. Алайда, студент болып жүргенде киноны емес, театрды армандадым. Бұйрық солай болған шығар, бірінші кинодан бағым жанды. Содан кейін ғана театрға келдім.


– Сізді өз басым «KAZBAT» арқылы таныдым. Одан бөлек, қандай киноларға түстіңіз?

– «KAZBAT»- тан бөлек «Құсайыновтар өмір жолы», «Абай жолы», «Оркестр», т.б. көптеген сериалдарға, киноларға түстім.


– «KAZBAT» фильмінде анау-мынау ер адамдар істей алмайтын қаруды шашып, жинайтын әскери қыздың рөлі қиынға түспеді ме?

– Иә, өте қиын болды. Бізді казармаға алып кетті. Сол жерде 45 күн түсірілім жүрді. Сол жерде бәріміз бірдей әскери тәртіппен бірдей тамақ іштік. Солдаттар қалай өмір сүрсе, біз де солай өмір сүрдік. Негізі автомат шашу деген сахна болмаған. Сол күні ұлдардың сахнасы болды. Мен алаңда сырттай қарап жүрдім. Өзім сондайға қызығамын. Өзім үшін үйреніп отырғанмын ғой. Соны режиссер байқап қойыпты. «Саған жарты сағат берем, көзіңді жұмып шашып үйренбесең түсірмеймін. Өйткені, жарты сағаттан кейін күн батып кетеді, одан кейін түсіріп үлгермейміз», - деді. Жарты сағаттың ішінде көзімді жұмып тез-тез үйреніп алдым. Ішінде қателіктер болған шығар. Жоспарланбай, аяқ астынан пайда болған сахна.


– Ал театрда ше?

– Театрда әрбір рөлім қиын. Ол кино сияқты емес. Бір не екінші дубль жасай алмайсың. Бір рөлімізге 3-4 ай дайындаламыз. Ол сезім бөлек. Бізге қателесуге болмайды. Театрда өзім үшін ауқымды спектакль – «Қарагөз». 97-ші маусымды осы қойылыммен аштық.


– Бірнеше толқыннан бері қойылып келе жатқан қойылым ғой. Сіздің Қарагөзіңіз несімен ерекшеленбек?

– Сұмдық ерекшелік жасаймын деп айта алмаймын. Аса бір ерекшеленбесем де, нашар ойнауға құқым жоқ. Сондықтан барынша тырыстым.

Менің ең алғаш ауқымды рөлім. Мен Қарагөзді сомдағаным үшін өте бақытты актрисамын. Әрбір сахнам оңайға түскен жоқ. Шынымды айтсам, маған сәл уақыт жетпей қалды. Біз өте аз уақыттың ішінде шығардық.


– Димаш Құдайбергеновтің Алматыдағы концертінде «Қорқыт ата туралы аңыз» бейнеүзігі сондай шынайы шыққан. Неге дәл сізді таңдады? Әлде кинодан үзінді ме?

– Маған «Димаштың үлкен концертінде түсірілімге қатысасыз ба?» деген ұсыныспен хабарласты. Шағын ғана ролик. Мен бірден келістім.

Қорқыт ата туралы аңызға келсек, аңыздың желісі бойынша анасы Қорқытты құрсағында үш жыл бойы көтеріп жүріпті. Жылына бір рет толғақ қысып отырады екен. Қорқыт дүниеге келер алдында әлемді үш күн, үш түн бойы көзге түртсе көргісіз қараңғылық басады. Сұрапыл қара дауыл соғып, ел-жұртты қорқыныш сезімі билеген. Осыған орай баланың атын «Қорқыт» деп қойған дейді.
Димаштың тарихи концертінде осы рөльді сомдау бұйырыпты.

– Он екіде бір гүлі үзілмеген жас қыз аяғы ауыр әйелдің рөлін қалай өте шынайы алып шықты екен?

– Менде бұған дейін ондай рөл болған. «Қазақстан» телеарнасынан көрсетілген «Құсайыновтар» деген сериалда сондай сахна болған. Сәбиді босану туралы сахналарды интернеттен іздейміз, қараймыз (күліп).

– Құпия болмаса, сол түсірілім үшін қанша қаламақы алдыңыз?

– Ешқандай қаламақы алған жоқпын. Қазақ өнеріне өлшеусіз үлес қосып жүрген адамға «Маған мынанша төлеңіз» деп айта алмадым. Айтпаймын да. Өйткені, ұлтымызды әлемге танытып жүрген адамнан қалай ақша сұраймын? Менің титтей де пайдам тисе, соған ризамын. Жалпы мен өзіме ұнаған жоба болса, ешқандай да ақша сұрамаймын. Көмектесуге дайынмын.

– Ақылына көркі сай көркем арудың жанкүйерлері көп пе?

– Олай айта алмаймын. Шыны керек, инстаграмда да көп отырмаймын. Көп қыдырмаймын. 24 сағатым театрда өтеді. Кездесуге баруға мүлдем уақыт жоқ.

– Сұхбатыңызға рахмет! Өнерде өрісіңіз кеңейе берсін!


Сұхбаттасқан Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Құрманғазының әруағы атты»: Желі қолданушысы «Қайрат Әділгерейдің 4 рет қояншық атанғанын» айтты


«Ауыр дерттен кетіп қалды»: Актриса Гүлбаушан, Қарагөз Тілеубековалар сахнадан көрінбеу себебін айтты