Қазақтың «Наташа Королевасымен» сыр-сұхбат : «Жұбанышпен тойларға шыққанбыз»

0
8 688

«Мен» деген эстрада әншісімен бірдей кез келген әнді айтып бере аламын».


Қазақтың «Наташа Королевасымен» сыр-сұхбат : «Жұбанышпен тойларға шыққанбыз»

Ол жастайынан ән көгінде қалықтауды армандады. Ауылда мектеп қабырғасында алдыңғы қатарлы әнші, актриса болды. Білім ұясынан түлеп ұшқан соң Жетісайдағы педагогикалық училищенің музыкалық факультетіне оқуға түсті. Осы тұста «Әнші боламын!», «Үлкен сахнада өнер көрсетемін!» деген арманына бір қадам жақындай түскен сияқты еді. Қазақ эстрадасының жарқын жұлдызы Жұбаныш Жексенұлымен бір топқа түсіп, екеуі дуэт болып ән айтты. Алайда, алдыңғы ағалары тым қатал еді. «Ән айтсаң бұзылып кетесің!» деген ұстаныммен қарындасынан бір секунд та көз алмай бой жеткізіпті. Оқуын әупірімдеп оқып жүрген екінші курсында жолдасы алып қашып кетті. Содан оқу да, ән көгінде қалықтаймын деген асқақ арман да жайына қалды.

...Осыдан біраз уақыт бұрын жетісайлық Есенай Айманбетова тик-ток желісінде орыстың әйгілі әншісі Наташа Королеваның «Желтые тюльпаны» деген әнін айтып жарқ ете қалды. Есенай ханымның әнді әдемі орындауы, даусының нәзік иірімдері желі қолданушыларын тәнті етті. «Қазақтың Наташа Королевасы» деген ат та қойып үлгерді. Артынша Наташа Королева бұл видеоны көріп сүйсініп, өз парақшасына салыпты. Одан соң өзбектің беткеұстар әншісі Юлдуз Усманованың танымал әнін айтқаны сол екен, Усманова да өз парақшасында бөлісіп, жүздескісі келетінін айтыпты.

...Бір кездері әнші болсам, үлкен сахнада ән салсам деген балауса қыздың әппақ арманы жасы елуге жеткенде ақиқатқа айналып келе жатқандай... Біз арманы ақиқатқа айналған, аядай ғана ауылдың автобусында ән салып, күллі қазақ жұртшылығына, тіпті, жақын шетелдерге танымал бола бастаған Есенай Айманбетованы іздеп тауып, сұхбат құрдық.



– Үлкен сахнаға ең алғаш шыққан кезіңіз есіңізде ме?

– Мен Өзбектанның Жизақ облысы, Тимирязев кеңшарында туып, өстім. Ш.Уәлиханов атындағы №4 орта мектеп табалдырығын аттағаннан ән айтып, байқауларға қатыстым. Жетінші сыныпта «Замандас» деген телехабарға ән айтып шықтым. 1991 жылы Жетісайдағы педагогикалық колледждің музыкалық факультетіне оқуға түстім. Жұбаныш Жексенұлымен бір топта оқыдым. 1993 жылы тұрмыс құрдым. Содан отбасы, ошақ қасы, балалы болдық дегендей, екі баладан кейін ән айтуды қолға алдым.


– Барған жеріңіз өнеріңізді қалай қабылдады? Келінге ән айтуға бола ма екен?

– Ағаларым мен әпшем әнге жақын, аспаптарда ойнайды. Түскен жерімде қайынатам моңғол, күйеуім де аз-маз домбыра тартады екен. Сондықтан, менің өнерімді еш жатырқамады. Қазірге дейін ән салып келемін.


– Үлкен той-жиындарда ән салып жүрсіз. Үйдегі көкеміз қызғанбай ма?

– Қызғанбайды, «Құдайдың берген өнерін тастама» деп той-томалаққа өзі алып жүреді. Алланың берген 4 бала, 2 қызын өсіріп, жетілдірдік. Алтауы да өнерге жақын. Қазір отбасылық ансамбльміз.


– «Бір ауылдың төңірегінде қалып қойдым, үлкен сахнаға шыға алмай қалдым» деген өкініш болмай ма?

– Мен қайынжұртыма еш кінә арта алмаймын. Бұл әулетке келіп, өнерімді үзбей жалғастырдым. Бала кезімде ағаларымның қаталдығынан көп мүмкіндіктен қағылдым. Олардың қаталдығын сөзбен айтып жеткізе алмаймын. «Өнерді қусаң бұзылып кетесің» деп үйден аттап шығармайтын. Тордағы тотықұс болдым. Анама жылап жүріп музыкалық факультетке әрең дегенде түскенмін. Ал қайынжұртым сол тотықұсты тордан шығарды. Адам баласында арман деген таусылған ба?! Сол кезден жарқырап шыққанымда қазір Жұбаныштармен қатар ән айтып не шетелде жүрер едім деп ойлаймын. Мысалы, мен даусымды кәсіби әншілер сияқты аялап жүрген жоқпын. Керек жерінде айтамын. Шемішкені де шағып, балмұздақты да жеп жүре беремін. Тойға шақырса, шақырған жерден қалмауға тырысамын. Шаршаған даусымыз бар. Соны күтіп ұстауды білмеппін. Негізі күту керек екен. Вокалда оқыды деген атым болмаса, Алланың берген өнері ғой. Оқымай-ақ табиғаттан берілген есту қабілетім жоғары.


– Даусыңызды шаршаған деп айтпас едім. Жас кезіңіздегідей бұзбай сақтапсыз. Мұның сыры неде?

– Негізі менің даусым бұрын Димаш Құдайбергеновтікіндей жіңішке болатын. Қазір жасыма қарай даусым сәл жуандаған. Дегенмен өзімді өзім тыңдасам, жас қыз айтып жатқандай естіледі. Осылай жүріп елуге келгенімді байқамай қалыппын. Алдағы ақпанның 9-на елуге толамын, құдай қаласа.


– Жас кезіңізде Жұбаныш Жексенұлымен бірге ән айтқан екенсіз. Жастық шақтан қандай қызықты естеліктеріңіз бар?

– Тобымызда Жұбаныш екеуміздің даусымыз сәйкес келді. Бірге тойларға шығып ән айттық. Ол уақытта жатақханада тұрамыз. Қарын аш. Ән айтып болған соң үстелге отыра қап, тамақтанатынбыз. Сонда Жұбаныш бір мәнтіні аузына бүтіндей тығып жіберетін, ал мен сүт шәйді сораптап ішкенді ұнататынмын. Екеуміз бір-бірімізге күліп, тойдан қайтатынбыз. Жұбаныш та бір сұхбатындаең алғаш менімен дуэт құрғанын айтқан болатын. Ол ер адам болғаннан кейін өнерін алға сүйреді. Ал мен отбасыммен қалдым.


– Оқуыңызды аяқтап, диплом ала алдыңыз ба?

– Училищені бітірдім. Ал басқа топтастарым ары қарай жоғарғы оқу орнында білімін жалғастырды.

1995 жылы ауылдағы мектепте музыкадан сабақ бердім. 2012 жылдан балабақшада істедім. Сөйтіп уақытымды өткізіп алдым. Күндердің күнінде Ботагөз деген мәдениет үйінің директоры мені шақырып, жұмыс ұсынды. 2018 жылдан бері мәдениет үйінде ұйымдастырушы болып істеп жатырмын.

– Жұбаныш ағамен қазір араласып тұрасыздар ма?

– Анда-санда телефонмен сөйлесіп тұрамыз. Бұрынырақта «Концертіңе тартсайшы» деп айтатынмын. «Өнер жолы – ауыр жол, мен өзім әрең шығамын» деп онша тартқысы келмей жүрді. Наташа Королева мені парақшасында бөлісіп, таныла бастап, «Таңғы хабар», «Астарлы ақиқат» бағдарламаларына шыққаннан соң өзі хабарласып жатыр. Өнердің қазанында қайнамаған соң айтуға оңай ғой біздікі.



– Тик-токқа қалай шықтыңыз?

– Иса деген балам «Мама, ән айтып әлеуметтік желіге шығарайық» деп, инстаграмға салды. Бірақ, онда онша бағалана қоймады. Сосын тик-токқа салды. «Желтые тюлпаны» әнін айтып салғанбыз. Оны Наташа Королева бөлісіпті. «Алматы» телеарнасындағы «Таңғы хабарға» шақырды. Әуелі Алла, екінші бізді қолдаған Наташа Королеваға рахмет. Өзіміздің әншілер емес, шетелдік әншілер бағалап жатыр.


– Өзбек әндеріне тіліңіз жатық екені байқалады. Өзбекшені қайдан үйренгенсіз?

– Өзім Өзбекстанның қызы болғандықтан, өзбекшеге тілім жатық. Юлдуз Усманованың әндерін шырқаймын. Ол кісі де менің видеомды бөлісіпті.


– «Қазақстан дауысы» жобасына өтпей қалдыңыздар ма?

– Иә, Шымкентке барып қатыстық. Бірақ, өткізбеді.


– Келіндеріңіз бар ма? Сізді бәрі әнші құдағи деп құрметтейтін шығар?

– Иә (күліп). Екі келінім бар.


– Ендігі жоспарларыңыз қандай?

– Бірінші сыныбымнан өнердің шыңына шығуды армандадым. Эстрада жұлдыздары сияқты үлкен сахнада тірі дауыста ән салғым келеді. Себебі кішкентайымнан жанды дауыста айтып келе жатырмын. Бірді-екілі фонограммамен жазылған әндерімді тойларда айтсам, өз-өзімнен ұялып кетемін. Егер аппаратурасы жақсы болса «мен» деген эстрада әншісімен бірдей кез келген әнді айтып бере аламын. Өткенде «Qoslike» бағдарламасына барғанда студиядағы ансамбльмен «Титаникті» айтқанда жиналғандардың бәрі қосыла шырқады. Егер бір ән ұнаса, слухпен айта беремін. Алдағы уақытта Наташа Королева концертіне шақырып қалса, барып қатысқым келеді. Арман деген Алатаудай.


– Сұхбат бергеніңізге көп рахмет, шаршамаңыз, сізді енді үлкен сахнадан көрейік. Сол кезде тағы да сұхбат алуды нәсіп етсін!

Сұхбаттасқан Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

WWW.ERNUR.KZ

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Құтырған қатындар!» : Желідегілер жүздеген тәрелке сындырған Динара Сатжанды сөзбен сыбады


«Берік үйден қуып шықты» : Белгілі әзілкештің жары отбасындағы қиын кезең туралы айтты