​«Келінжаннан» 9 күнде 6 миллион ақша алдым»: Дариға Бадықова және Олжас Абаймен сыр-сұхбат

0
2 205

«Продюсерлердің ішінде ең жақсы ақша беретіні – Гүлнұр Мамасарипова...»


​«Келінжаннан» 9 күнде 6 миллион ақша алдым»: Дариға Бадықова және Олжас Абаймен сыр-сұхбат

«Сезім үшін» әнімен көпшіліктің ыстық ықыласына бөленген актриса Дариға Бадықова мен актер Олжас Абай журналист Асхат Садырбайдың «Парадокс» жобасына сұхбат берді.


- 1 желтоқсаннан бастап барлық кинотеатрлардан көрсетілетін «Таптым-ау сені» фильмін түсіру идеясы қашан, қалай келді?

Дариға: - Тайландта «Хотя бы кинода-2» фильмінің түсірілімде жүргенде ой келді. Әріптестеріммен ерекше жылы қарым-қатынас орнап, еркін жүрдік. Бәсекелестік, көре алмаушылық болмады. Соның арқасында ойымыз да еркін боп, неше түрлі идея келді. Кино түсірудің идеясы режиссер Әнуар Матжановтікі. «Бірігіп түсірейік» деді, мен келістім. «Бірақ Олжас Абай ойнасын» дедім мен. Өйткені Олжаспен партнер болғым келді. Себебі бұл менің образымнан басым түсе алатын актер болды. Олжас образ жасай алатын актер. Бірақ бұл басқалар нашар ойнайды деген сөз емес.


- Айсараның образында қалып қою, бір образдың тұтқыны боп қалудан қорықпайсыз ба?

Дариға: - Сол ғой, образдың тұтқыны боп қалудан қорыққанымнан кино түсіріп отырмын. Басты мақсат ақша табу емес, образды ауыстыру болды. Бұл кинода Айсара сияқты орақ тілді болмадым. Барынша сындыруға тырыстым. Шағып сөйлемеймін. Олжастың көлеңкесінде тұрып-ақ ұтымды ойнаған сияқтымын. Жұлдыз болғың келсе қасыңдағы серіктесің мықты болуы керек дейді ғой, Олжас мықты актер...

Бізде көп продюсерлер өзіне ыңғайлы актрисаны іздейді. Одан кейін де бізде мінезді актрисалар аз. Мінезді образға көп адам келісе бермейді. Жаман боп көрінуден қорқады, «помадам қандай, маникюрім дұрыс па» деп, сол нәрсені ойлап кетеді. Ал негізінде мінезді образды ойнаған әртістер ұзаққа шабады.

Айсара жексұрын болса да бір отбасының ойранын шығарып тастайды ғой, мысалы. Өйткені күйеуіне сондай мінезді әйел ұнайды. Өмірде де «Айсара» деп жүгіріп келеді. «Неге?» деп сұрасам, «әйелімнің көп сөзін сіз кинода айттыңыз» дейді.

Мен Айсара образынан жалықпаймын. Ол менің өмірімдегі қайталанбайтын образым боп қалады. Режиссер де, продюсер де ақымақ емес қой, не істеп жүргенін білмейтін, епсіз актрисаға Айсараның рөлін беріп қоймайды ғой. Олар мені таңдады, Айсара менің оң жамбасыма келген кейіпкер болды.

Олжас: - Дариғаны Айсараның рөлінен шығару үшін «Таптым-ау сені» киносында барымды салдым. Алдағы уақытта тағы бір киноларда серіктес болсақ, онда да тырысып, серіктесімді өзгертуге күш саламын.


- «Келінжаннан» жақсы табыс таптыңыз ба?

Дариға: - Жақсы табамын. Осы жерде айтайын, продюсерлердің ішінде ең жақсы ақша беретіні – Гүлнұр Мамасарипова. Адамның еңбегін жемейді. Келіскен бағаңды береді. Мысалы, осы жолы 9 күнге 6 миллион алдым.


- Онда сіз Жанар Айжановадан кем алады екенсіз. Ол кісі күндік түсірілімге 1 миллион алатынын айтты...

Дариға: - Алсын, Жанар Айжанова алсын, ол кісі біздің алдымызда келе жатқан актриса ғой. Мен Жанар апам алса, оның үзеңгілес әріптестері алып жатса, «біз де соған жетейік» деп қуанам. Өйткені ол кісінің жолы, жасы үлкен. Еңбегі сіңген адам ғой.


- Олжас, сенің гонорарың қандай?

Олжас: - Менікі Жанар апаның гонорарының жартысы ғой. Кейде күндігіне, кейде бір жобаға деп келісіп, соған ақша алам. Мысалы «Хотя бы кинода» дегенге әрі жұмыс, әрі шетел көріп қайтуға болатын болғасын келістім.

Дариға: - Жақсының жақсылығын айтып үйренуіміз керек. Мысалы, «Хотя бы кинода» фильмін түсірген адамдар гонорардан бөлек «Мынау фильмнің кассасынан сендердің үлестерің» деп тағы ақша берді. Бұндай біздің жұмысымызда бірінші рет болды.


- Ұстазыңыз Болат Атабаев «Анау Айсара мықты қатын. Сен енді Айсараның жанды жерін шығарып, өзіңнің монологыңды айт, Айсара ондай жаман емес, оның да жүрегі бар. Соның сезімталдығын көрсет, іштегі нәзік Айсараның образын аш, жыла» деген екен. Ұстазыңыздың осы өтінішін орындай алдыңыз ба?

Дариға: - «Келінжанның» сериалында емес, киносында орындай алдым. Негізі Болат Атабаев бірбеткей адамдарды жақсы көреді. Айсара күйеуінің артынан шығып тірлік тындыратын әйелдерден емес қой, барды «бар», жоқты «жоқ» деп айта салады. Ұстазым сондықтан Айсараның образын ұнатты. Мен оның аманатын орындадым.

Болат Атабаевқа соңғы рет қарбызымды көтеріп барғанда көңілім қатты түсті. Құдайға «неге мынандай, атпалдай азамат осындай күйге түсті» деп өкпелеп қалдым. Бір аяғы жоқ боп арбаға таңылып, азып, 50 кило боп қалғаны жаман тиді. Көп әңгімелестік. «Талантсыздардың санын көбейтпеймін деп небәрі 17 шәкірт тәрбиелеген адам ғой. Маған «ризамын» деді. «Келінжан» туралы сөйлестік. Мен шыдай алмай көзіме жас алдым, бірақ ол ағайымның намысына тиіп кетті. Намысшыл, жігерлі кісі еді.


- «Сезім үшін» әніне ойыссақ, тамаша шыққан. Осы әнді орындау кімнің идеясы?

Олжас: - Бұл әнді Дариға таңдады. Өзі іздеп тапты. Ғазизханнан тыңдап, сұрап алған. Сонда Ғазизхан «Киноға менің қосқан үлесім болсын» деп осы әнді бізге берді. Басында «Айтылып қойған ән ғой, қалай болар екен» деп күмәнданып едім. Бірақ миллиондаған қаралым жинап берді ғой.

Дариға: - Саундтрекке ән іздегенде сыған қатын болдым мен. Композиторлардың біразынан ән сұрадым. Қазыбек Құрайыш дегенге шығып, «Таптым-ау сен» әнінің әуенін 28 секундтық эпизодқа қоюға сұрадым. Телефонын алмай, өтінішімізге жауап бермей біраз күттірді. Ақырында көмекшісі арқылы «бере алмаймын» деп айтыпты. Калифариния деген әншінің бір әнін бір минутқа жетпейтін эпизодқа қойғымыз келіп еді, ол бізден 1 миллион теңге сұрады. Тегін бер деп тұрған жоқпын, бірақ 1 минуттық көрініс үшін осынша ақы сұрағанын түсіне алмадым. Келіссе, мен де лайықты түрде рахметімді айтып, атағанымды берер едім.


- Дариға өзінің ойындағы фильмін түсірді. Ал сенің ойыңда жүрген идеяң бар ма, болашақта продюсер ретінде көре аламыз ба?

Олжас: - Жақсы сұрақ. Мен де продюсер болудан, кино түсіруден қорықпаймын. Өйткені осы салада жүрген адаммын. Басқа саладан келіп, ортадан килігіп кеткен адамдар да жүр ғой. Сондықтан мен келесі жылдың көктемінен бастамақшымын. Айтары бар комедия түсірем деп отырмын.


- Уақыт тауып сұхбат бергендеріңізге рахмет!



Сұхбатты «Ютуб» арнасынан ықшамдап жазған С. ИКРАМҚЫЗЫ.