​«Халық тойдан әбден шаршады»: Асаба Біржан Жандарбекұлымен сыр-сұхбат

0
1 237

«Тойдың жақсы өтуін асабадан емес, Құдайдан сұрау керек»


​«Халық тойдан әбден шаршады»: Асаба Біржан Жандарбекұлымен сыр-сұхбат

Той-бизнесінде бәсеке баршылық. Бұған өзіміз барып көрген той да, әлеуметтік желі, мессенджерлерде тарап жатқан түрлі той видеолар да дәлел бола алады. Тойдың сәнін кіргізіп, әрін ашатын бір кәсіп иелері болса, ол – асабалар. Олардың да арасында сан түрі бар. Есімі танылып, дауысын естіген жұрт жазбай танитындары, той әлеміне енді-енді еніп, нарықтағы орнын табуға кіріскені де, талай жылдан бері тойда жүргізіп жүрсе ле ортанқол қалыптан шықпағандары да жетерлік. Ал біздің бүгінгі кейіпкеріміз жас та болса талай халықтың қуанышына қызмет етіп, алғыс арқалап жүрген асаба. Ол – Біржан Жандарбекұлы.


- Біржан мырза, танымал асабаға дейінгі бала Біржан қандай болды, оның отбасы, туып-өскен ортасы қандай, өзіңізді таныстырып, айтып өтсеңіз...

- Бала Біржан сотқарлау, ерке болды. Туып-өскен жеріміз Түркістан облысына қарасты табиғаты тамаша, барған адам кете алмайтын, кеткен адам қайта жете алмайтын Төлеби ауданы, Алғабас ауылы. Мен дүниеге келген жылы ата-анам Шымкентке қоныс аударған. Осы қалада оқыдық, білім алдық. Бір атадан үш бауыр болдық, қазір анам, ағам, үшеуміз қалдық. Әкем мен інім дүниеден озып кетті.

Бала күннен өнерге ғашық болдым. Ол кезде көпқабатты үйде тұратынбыз. Есіктің алдына шығып алып, кішкентай балаларды жинап, соларға концерт беруші едім. "Қанға біткен қасиет тепкілесе де кетпейді" деген рас екен, әкемнің анасы, әжем әнші болған, анамның шешесі де әлі күнге дейін той-жиындардан ән айтпай қайтпайды. Былайша айтқанда, екі жақтан да маған дарыған болып тұр ғой.


- Қазір сұранысы жоғары мамандық көп, әртүрлі кәсіп иелері бар. Ал сіздің бұл саланы таңдауыңызға не түрткі болды, той бизнесіне қалай келдіңіз, жалпы?

- Дұрыс айтасыз, мамандық та көп, істеймін деген адамға жұмыс та көп. Менің бірінші мамандығым - байланыс саласы. Жүрек қалауымен оқымағасын болмайды екен. Үйдегілердің айтуымен «осыны оқысаң қор болмайсың» деген соң бітіріп шықтық. Одан кейін жалпы музыка білімі бойынша оқыдым. Негізі асабалық қабілетімнің мектепте оқып жүргенде байқағанмын. Отырыстарда, құрбы-құрдастардың бас қосуында тізгінді өзім алып, кештің қызықты өтуіне барымды салушы едім. Мектепішілік іс-шараларға араласып, кештерді жүргізіп жүрдім. Бәрі солай-солай басталды. Сөздің шындығын айтқанда, бізді ешкім жетектеген жоқ, «Сен былай сөйле, былай айт» демеді. Өз ынтаммен, талпынысыммен той бизнесіне кірісіп, кірігіп кеттім.


- Біржан асаба той таңдай ма? Оны басқа асабалардан ерекшелейтін қабілет-қарымы қайсы?

- Жоқ, ешқандай той таңдамаймын. Халық сені қалап «тойымды жүргізіп берші» деп келіп тұрса, ықыласының өзі не тұрады? Қуана-қуана қызмет етеміз. Қазір енді кей асабалар «Мен тек халал той басқарам» дейді. Бір асаба бар, «Мен тойда ойын ойнатпаймын» деп шарт қояды. Кейбіреулер «мен көп сөйлетпеймін, тек ойын түрінде өткізіп берем» деп шығады.

Қазір шоу деген дүние шықты ғой. «Асаба» деген сөзді «шоумен» деп жаңашалап алды. Мен бәріне көнем, той иесі қалай айтады, солай басқарамыз. Негізі той басқару өте үлкен жауапкершілікті талап етеді. Себебі сол тойдың иесі осы күнді аңсап, зарыға күтіп жетті. Тапқанын сол тойға шашты. Ең сыйлы, ең қадірлі деген меймандарын шақырды. Сол себепті асаба ол тойды той иесі күткеннен артық жүргізіп, қызықтыруы тиіс.


- Ел ішінде асаба болу – жеңіл ақша табу көзі деген бір түсінік бар. Сіз бұған не дейсіз? Жалпы, сұранысқа ие, халықтың қошеметіне лайық асаба болу үшін не істеу керек өзі?

- Ол сөзбен келіспеймін. Асаба болу оңай емес, жұрттың көңілінен шығып, қаншама адамды аузыңа қарату үшін қарым-қабілет болмаса, Тәңірден берілген қасиет болмаса, онда ол асаба ұзаққа шаппайды. Алған ақшамызды ақтап, той иесінің алғысын алғанша көңіл алаң боп тұрады.

Ал енді сұранысқа ие асаба болу үшін елден бөлектенбеу керек. Қарғыс емес, алғыс, бата алуға тырысқан дұрыс. Тер төгесің, бейнет тартасың. Қарапайым ғана мысал, еккен егініңнен жақсы өнім алу үшін де адам қара күзге дейін тынбай еңбек етеді ғой, қопсытады, суарады, шөбін жұлады. Сол сияқты асабалық та әдемі сөйлеуді, өзін әдемі ұстауды, жағынан жаңылмауды талап етеді. Тойға келген адам алдымен саған қарайды, сөзіңді тыңдайды. Соған сай болуға тырысу керек. Соны кей асабалар түсінбейді, «менің сөзімді кім тыңдайды дейсің, сөзді көбейтудің керегі не, одан да ойын мен биді көбейтейік» деп той иелеліне өздері ұсыныс білдіреді.

Мен енді бірінші баратын ортама қараймын. Қандай кісілер отыр, жас шамалары қандай, оларға менің тұштаңдағаным жаға ма, жоқ бұл жерге қара сөз керек пе, нақыл сөз керек пе, керек болса оны қай кезде айтқан дұрыс, соның бәрін сараптаймын. «Тізеден сүрінсең тұрып кетесің, тілден сүрінсең құрып кетесің» деген бар, дүйім жұрттың алдында тілден жаңылмайын, қате сөйлеп қалмайын деп тілеп тұрасың.


- Той – идеологияның бір түрі. Той басқарып тұрып та отырғандарға ой тастап, санасын серпілтіп жіберуге болады. Осы ретте сіздің ерекше бір әдісіңіз бар ма?

- Дұрыс айтасыз, той тұнып тұрған идеология. Өзі негізі той саласында қызмет ететін жандар психолог болып қалады екен. Қас-қабағына, көз-жанарына қарап-ақ біраз нәрсені бағамдап тұрасың. Өзі елдің көкейінде қалатындай, «жүректен шыққан сөз жүрекке жетеді» демекші, жүректен шығарып әдемі нақыл сөздеріңді айтып, «Ойпырмай, мынау қай бала?» деп қарап, тыңдап қалатындай сөздерді айтуға тырысамыз. Оның өзі де халықты тәрбиелеудің бір әдісі деп ойлаймын. Әйтеуір келген қонақты аузыңа қаратып, ұйытып әкете алсаң, сөзге шыққан кісі «Балам, жаңағы әңгімең өте жақсы екен» деп мақтап, содан кейін тілегін айтса, кешегі би-шешендердің жолымен келе жатқандай марқайып қаласың.


- Қазақта не көп, той көп, дәстүрдің де озығы бар, тозығы бар. Осыған байланысты сіз той жасасаңыз нені алып тастар едіңіз, нені қосар едіңіз?

- Небір ортаны көріп жүрміз, неше түрлі адамдарды кездестіресің. «Балам бір жасқа толды» деп те дүйім жұртты жинап, той істеп жатқандарды да көрдік. Бірінші сыныпқа барған баласына да шабылып, той жасайтындар да бар. Қазір халықты тоймен таңғалдыра алмайсың, турасын айтқанда тойдан шаршаған адам көп. Неге халық шаршайды?! Өйткені бәрі жаңағыдай, болатынға да, болмайтынға да той жасап кетті.

Біз енді кітапқа көз салып тұрамыз ғой. Сондағы салт-дәстүрлерге қарасақ, бала дүние есігін ашқан кезде дүбірлетпей-ақ ет-жақындарын жинап, ас беріп, шілдехана жасаған. Ал қазір баланың қырқынан шығару рәсіміне 150-200 адамды шақырамыз. Одан қала берді, бесік той деген бар. Кітапқа сүйенсек, оны да тек әйелдер, қыз-келіншектер жиналып, үйінде бесікке салып, рәсімін жасаған. Қазіргі бесік тойда еркектер де жүр. Үлкен тойхананы жалдап, дүбірлетіп жасайды. Сол, не нәрсе көп болса, қадірі болмайды дегендей ғой әңгіме. Адамдар сондай-сондай тойдан жалықты. Баяғыда бір тойға шақыру келсе «Ой, Пәленшенің тойына барамыз» деп күтіп, апталап дайындалып, әйелдер жағы базарға түсіп, көйлек іздеуші еді. Қазір енді күнде той, орта есеппен айтар болсам, бір адам айына кемі 5-6 тойға барады-ау.

«Құдай тойдан айырмасын» деп қойып бәрін тойлай беретін болдық. Өз пікірімді айтсам, турасын айтсам, сүндет той, үйлену той, қыз ұзату той сияқты үлкен-үлкен тойларды ғана жасасақ деймін. Қалған қуаныштарды үй ішінде, шағын мейманмен, ет-жақындарымен атап өте берсе, әбестігі жоқ. Сонда адамдар да шаршамайтын еді...


- Асаба ретінде той иелеріне қояр талаптарыңыз бар ма? Олар көбіне сізден не талап етеді?

- Той болардан бір ай алдын жолығып, танысып, ақылдасып аламыз. Сондай кезде өзіме керекті нәрселердің бәрін айтып, түсіндіріп жіберемін. Мүмкіндігінше тілек айтатын кісілердің тізімін компьютермен теріп әкелсе дейсің. Ол да той иелерінің тойға деген жауапкершілігі. Кейбіреулер қалай болса солай, қате-қате, қолмен жазып ұстата салады. Кейбірін түсінбей, қате оқып қаласың.

Сосын кей тойға барсаң әйелі бір жақта, күйеуі басқа жақта жүреді. Шақырып, іздеп қаласың. Соны ескеріңіздер деймін. Тойдың қызықты өтуі асабадан бұрын той иелеріне байланысты. Кей кісілер мұңайып, күлмей, бірдеңені уайымдап тұрады. Ол да келген қонақтардың көңіл-күйіне әсер етеді.

Той иелерінің көбі, мейлі мен болайын, мейлі басқа бір асаба болсын, «Асаба, бәрі саған байланысты ғой» деп жауапкершілікті арта береді. Дұрыс, бізге де байланысты ғой, бірақ той иесі алдымен Құдайдан тілеуі тиіс. «Осы тойды абыроймен өткізейін, келген қонақтарым риза болып, аман-есен үйлеріне жетіп алса екен» деп тілесе екен. Мен той иелеріне осыны айтамын. Ал мен өз тарапымнан қолымнан келген бар өнерімді төгуге, қызықты етуге күш саламын. Ол ең бірінші кезекте өзімнің абыройым.


- Құпия болмаса гонорарыңыз қанша?

- Ат пен түйе сұрамаймыз, алыпсатар саудагер емеспіз. Сондықтан қатып қалған баға жоқ. Өнер сатылмайды, өнер бағаланады. Сені қалап, тойын саған тапсырғысы келіп тұрған адамның жағдайына да қараймыз. Кейбір кісілер «балам, жағдайым осындай» деп шынын айтады. Енді бірі «сұрағаныңды берем, жақсы өткізсең болды» дейді. Тегін басқарған тойларымыз да болған. Әлі есімде, 2022 жылы бір кісі хабарласты. «Жағдайым жоқ, жалғыз баламның тойын үйде істеп жатырмын, соны атқарып берсең. Бірақ сенің бағаң осындай екен, ондай ақшам болмай тұр» деді. Сол күні уәдем бойынша барып, бар өнерімді төгіп өткізіп бергенмін. Қатып қалға баға жоқ, бағамызды да ел көтереді, ел түсіреді...


- Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет! Қазақтың тойына қызмет етіп жүре беріңіз!


Сұхбаттасқан – А. ҚАСЫМБЕК.

ERNUR.KZ