Ескерту: Автор және редакцияның жазбаша рұқсатынсыз мақаланы көшіріп басуға тыйым салынады.
"Ана қыздың алқасы-ай,
Мына қыздың алқасы-ай
Бұл сұқбатттың болғаныы...
ERNUR.KZ сайтының арқасы-ай!"
Бұл өлең жолдарын жастар арасында хитке айналған "Эщкеренің" әуенімен айтуға болады. Өйткені, менің бүгінгі кейіпкерім аталмыш әнді тойда хитке айналдырған - Нұртілек асаба.
Қарашаш Есенбай: Нұртілек, әңгімені былай бастайықшы, хабарласқан кезде «Мені жұлдыз көріп тұрсың ба, сонда?» деп күлдіңіз. Осы сөзді өте жиі айтатыныңызды байқадым. Сіздіңше жұлдыз деген кім? Өзіңіз оның ішінде барсыз ба?
Нұртілек Асаба: Оны өзім әлі түсінбей жүрмін ғой (күліп)?! «Кейде суретке түсейік» дегендерді көргенде ойланып қаламын. Мен үшін жұлдыз деген - Қайрат Нұртас. Cосын өзімнің достарым «Өнер жұлдыздары» театрының актерлері, Серік Ибрагимов жалпы эстрада да жүрген жандарды жұлдыз деп айтуға болады. Ал өзімді оған қоса алмаймын. Мен әнші емеспін, сахнаға шықпаймын, тек асабамын! Осы асабалықтың арқасында төрт балам мен отбасымды, анамды асырап, несиемді төлеп отырмын. "Жұлдыз болсам, несие болмайтын ба еді?" деп ойлап қоямын (күліп).
Қарашаш Есенбай: Иә, көпшілік сізді асаба ретінде таниды. Осы кәсіппен айналысып жүргеніңізге қанша уақыт болды?
Нұртілек Асаба: Бұл кәсіппен жүргеніме он жыл болды ғой. Алғашында кафе, мейрамханаларда 500 теңгеге ән айтып жүрдім. Сол кезде Атыраудағы Қуандық деген ағам «Музыкант емес, тамада бол» деп ақыл айтты. Содан кейін байқап көрдім, жақсы екен. Өзім Атыраудан екі жүз метр жердегі ауылданмын. Мектепте жүрген кезде ән айтып жүрдік, бәрі содан басталды ғой.
Қарашаш Есенбай: Асабалыққа көпшілік өзінің кәсібін немесе оқуын тастап келіп жатады. Өзіңіз қалай келіп едіңіз?
Нұртілек Асаба: Мен оқуын тастап келгендердің тізіміндемін. Өйткені музыкалық академияға түсіп, бір жылдан кейін оқудан шығып кеттім. Той қуып кеттім, ақшаның дәмін енді сезіп жүрген кездер ғой (күліп).
Оқуға бір ән айттым да, түсіп кеттім. "Оны бітіргесін мұғалім боласың" дегенді екінші курсымда білдім. "Мұғалім болмаймын!" дедім. Негізі менің актерлік шеберлікке түсуім керек еді...
Қарашаш Есенбай: Асабалық жасқа бағынатын кәсіп сияқты. Болашақта басқа кәсіпке кету ойда бар ма?
Нұртілек Асаба: Өзімде отыз бес жасқа дейін той басқаратын шығармын деген ой бар. Әр қарай басқа жоспарларым бар, бұйыртса. Өзімнің інімді, ұлымды асаба еткім келеді. Мен нағашыларыма ұқсағанмын, олар өнерлі, шешен кісілер. Атамыз қолына микрофон ұстамай-ақ той басқарған екен.
Қарашаш Есенбай: Сіз де қолыңызға микрофон ұстамайсыз ғой (күліп)?
Нұртілек Асаба: Иә, мен бірақ басыма тағып аламын. Оны бірінші асабалыққа баулыған ұстазымнан көргенмін. Қазір жас тамадалар көбейіп кетті ғой, ізденіс аз, жаңа дүние таппайды. Мен бір нәрсе ойлап тапсам, басқа асабалар соны көшіреді. Бірақ оларға ренжуге болмайды. Өйткені бізде алғаш бастаған жылдары солай әркімнен көшірме жасағанбыз.
Қарашаш Есенбай: Қазір, Нұртілек десе «Эщкере», «Эщкере» десе Нұртілек еске түсетін болды. Бұл өзгеше образды қалай таптыңыз?
Нұртілек Асаба: Өзіңіз танитын, елге белгілі Нұрболхан досым алғаш сахнаға айтып шықты. Досыманан «Сен сахнаға айттың ғой, мен тойға айтайын» деп сұрап алдым. Рұқсатын алып, орындап жүрмін. Алғашында сол әнді «Тойға неге кешігеді? Ұялмайсыңдар ма?» деген сияқты айтқым келген, кейін басқаша сөздермен орындадым. Кеше тойда елуінші рет айттым, халықтың бәрі сол әнді сұрайды. Бірақ қазір басқа асабалар да орындап жүр. Енді жуық арада екінші әнімді шығарамын. Әннің жақсы шығуы тойға келген қонақтарға да байланысты.
Қарашаш Есенбай: Одан кейін, гироскутермен той басқаруға шыққан алғашқы адамсыз. Ол ой қайдан келді?
Нұртілек Асаба: Бір нәрсеге бір себеп болады ғой. Бірнеше жыл бұрын ота жасатып, өтімді алдырып тастадым. Үш күннен кейін той басқаруым керек, ал мен жүре алмаймын. Сосын ойланып гироскутермен шықтым. Ол халыққа қатты ұнады, той шоу болды ғой. Одан кейін Алматы, Астана сияқты қалалардан да шақыртулар түсе бастады. Қазір алты ай бұрын тойына шақырып қоятындар бар. Бірақ гироскутер сәннен кетті, сондықтан басқа тың дүние ойлап табу керек.
Қарашаш Есенбай: Сізді көпшілік "Атыраудың асабасы" деп таниды, өзіңізді сол аймақтың тойынан көп көреміз. Бірде басқа қалаларға «баруға қорқамын» депсіз? Әлі де солай ма, әлде қазір басқа қалаларға да барасыз ба?
Нұртілек Асаба: Иә, барғанда «Басқара алмай қаламын ба?» деп қорқатыным рас. Өйткені Атырау мені жақсы біледі, ал басқа аймақтардың тойлары басқаша өтіп жатады ғой. Мысалы Алматыда той бес сағат болса, Шымкентте тойда адам көп болады. Сосын тойда адамдар сөйлеп жатса тыңдамай жүре береді екен, сосын сөмкелеріне тойдың сарқытын салып алады. Ал біздің Атырауда ондай жоқ. Бұл Шымкентті жамандағаным емес, «Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» деген сөз бар. Қазір өзге қалалардағы тойларды да басқарып жүрмін.
Қарашаш Есенбай: Желіде өзіңізге арналған Ғалым Сағидолланың жыры жүр. Жыр да кез келгенге арнала бермесе керек. Халықтың ықыласына бөленіп, олардың тартуын алып жүрген асабасыз ғой. Өміріңізде сіздің той жүргізгеніңізге разы болып берілген ең қымбат сыйлық қандай?
Нұртілек Асаба: Ондай сыйлықтар жасағандар көп болды. Мысалы мәшинемнің нөмірін алып берді, сағат, костюм сыйлағандар да бар.
Қарашаш Есенбай: Енді отағасы Нұртілек туралы білсек, қыздарына қандай әке, аналарына қандай жар?
Нұртілек Асаба: Үш қызым мен бір ұлым бар, бұйыртса бесіншісін күтіп отырмыз. Өзімнің қолымда туған інім тұрады.
Қарашаш Есенбай: Әйеліңізге үш қыз туса көлік алып беремін деген уәдеңізді оқып едім, орындадыңыз ба?
Нұртілек Асаба: Иә, олай уәде бергенім рас. Оны орындадым! Қазір енді ұл туып берсең, "шуба" алып беремін деп уәде бердім (күліп).
Қарашаш Есенбай: Оныңыз жақсы екен (күліп)! Нұртілек, уақыт бөліп сұқбат бергеніңіз үшін рақмет! Жақсы жаңалықтар күтеміз.
Фото жеке мұрағаттан.
Автор: karashash_esenbay