«Өнерден ойып орын алар кезде перде іліп жүрмін»: Белгілі актриса, кәсіпкер Гүлшарат Жұбаевамен сыр-сұхбат

0
5 286

«Түнімен ұйықтамаймын»


«Өнерден ойып орын алар кезде перде іліп жүрмін»: Белгілі актриса, кәсіпкер Гүлшарат Жұбаевамен сыр-сұхбат

«Келін» киносының жарыққа шыққанына да 15 жыл болып қалыпты. Осы кино арқылы танылған актриса Гүлшарат Жұбаева бүгінде «Шабыт» орталығының директоры, танымал кәсіпкер. Аты аталған фильмнен кейін де ол көптеген персонаждарды сомдады. Бірақ, «15 жыл өтсе де «Келінді» қазбалай береді. Бұл фильмнің арқасында тек мен ғана 15 жылдан бері небір ауыр сөздерді естіп,таланып келе жатырмын. Мұндай көп негативті көтеру маған оңай болмады. Әлі де сол жүкті көтерудемін. Қаншама көз жас, өкініш, ұрыс... Тіпті, сарыжағал басылымдардың өмірден түңілдіріп жіберген кездері болды», - дейді Гүлшарат ханым.

Біздің кейіпкеріміз бар қиындықты жеңіп шықты. Актриса, биші, кәсіпкер, тігінші, блогер...Өзін сан қырынан сынап көрген ол қазірде қыз-келіншектерді іс тігуге, ешкімге қол жаймауға үйретіп жүр. Арасында үй-үйді аралап, перде тігіп, оны іліп береді екен. «Өнердің ортасында өз орныңызды ойып тұрып алар кезде үй аралап перде іліп жүру қаншалықты көкейге қонады деп ойлайсыз?» деп сұрадық өзінен. Жауабын білгіңіз келсе, сұхбатқа назар салыңыз.


– Гүлшарат ханым, алдымен бізге сұхбат бергеніңізге келіскеніңізге рахметімізді айтамыз. Мен танитын Гүлшарат Жұбаева «Келін» киносы арқылы танылған киноактриса еді. Ал қазір Гүлшарат Жұбаева – «Шабыт» орталығының директоры, бизнес вумэн. Кинодан кәсіпкерлікке секіріс жасағанда қандай тәуекелдерге бардыңыз?


– Иә, мені көпшілік «Келін» арқылы таниды. Бірақ, соңғы кездері кәсіпкерлікке 100 % емес, 200 % бет бұрдым десем де болады. Кәсіпкерлікті бастаған кезде анау айтты тәуекелдерге бардым деп айта алмаймын. Себебі, тігін тігу, жалпы кәсіпкерлік менің бала кезімнен сүйікті жұмысым болды. Сондықтан, бір күнде қабылдана салған шешім емес. Жалпы алғанда ұдайы қосымша табыс көзін іздеп жүру мен үшін қалыпты жағдай. Сол бала күнгі армандарымды шындыққа айналдырып, кәсібімді сұранысқа байланысты үлкейтіп отырдым десем дұрыс болатын сияқты.

– «Келін» киносынан кейін сізді жерден алып, жерге салғандар жетерлік еді. Өзіңіз де «Бұл фильмнің арқасында тек мен ғана 15 жылдан бері небір ауыр сөздерді естіп,таланып келе жатырмын. Мұндай көп негативті көтеру маған оңай болмады. Әлі де сол жүкті көтерудемін. Қаншама көз жас, өкініш, ұрыс... Тіпті, сарыжағал басылымдардың өмірден түңілдіріп жіберген кездері болды» деп жазыпсыз...


– Қанша жерден осы «Келінді» айналып өтейін десем де, бәрібір сіз де қоймай сұрап отырсыз. 2007 жылдан бері 15 жыл өте шықса да, әлі күнге дейін қазбалап сұрай бересіздер. Бұл фильмнен кейін өте қиын кезеңдерді өткіздім. Өйткені, біздің менталилет мұндай фильмдерді қабылдамайды. Оны мойындадым. Қазір өзімнің өткен өмір белесім деп қабылдаймын. Әркімнің пікір білдіруге хақысы бар. Кім не десе де, барлығын қабылдадым. Қазір бұрынғыдай жүрекке жақын қабылдамаймын. Тек мені ғана емес, көптеген өнер адамдарын жерден алып, жерге салып жатыр ғой. Бұл тақырыпқа етім өліп кетті десем де болады.


– Бір жазбаңызда «Қызғанбайтын күйеу жоқ, бәрі де қызғанады, мен де тұрмысқа шыққан соң біраз уақыт фильмдерге түсе алмадым» деген екенсіз. Күйеуіңіз де актер боп киноэпизодтарға түсіпті. Күйеудің қызғаншықтығын қалай жеңдіңіз?..


– Мен жеңдім деп айта алмаймын. Басында қызғанған адам соңына дейін қызғана береді. Фильмдерге түсу, келісімшартқа отыру, сценарий, қаламақы мәселесі, кез келген сұхбаттарға рұқсатты сол кісіден аламын. Соңғы шешімді де өзі қабылдайды. Рұқсат берсе ғана келісемін. Әлі де бірге жүріп, бірге барып, бірге сөйлесеміз. Бір жағы қызғаныш та бар. Екінші жағынан өнерімді жалғастыруға рұқсат бергені, өзі де фильмдердің түсіріліміне араласуы, өзі де актер болып кетуі, мені үнемі бақылауында ұстағысы келетіндігі маған деген махаббаты деп ойлаймын. Сондықтан бұл да мен үшін қалыпты жағдай. Қызғану кез келген ер адамға тән қасиет. Ал әйел де қатты қызғандырып, өрескел әрекеттер істеуге тырыспау керек деп ойлаймын.


– Инстаграмда #Оралманқыздыңдәптері хэштегімен 70-ке жуық жазба жарияладыңыз. Соның бәрін оқып отырып, осы күнгі жетістіктеріңізге оңай қол жеткізбегеніңізді, жетістіктің артында жылдар бойғы еңбек пен талпыныс, ізденіс жатқанына көз жеткізуге болады. Көрмеген қиындығыңыз жоқ екен. Сол жазбаларды кітап қылып шығару ойда бар ма?


– Өте жақын арада «Оралман қыздың дәптері» кітабы жарыққа шығады. Тұщынып оқитын, мотивацияға толы кітап болады деп ойлаймын. Бас кейіпкері етіп анам марқұмды алдық. Ол кісі былтыр пандемиядан қайтыс болып кетті. Қазақ әйелдерінің жанкештілігін сипаттайтын кітап болады деген ойдамын. Ол кітапты белгілі ақын, қаламы қуатты қаламгер Бақытгүл Бабаш жазып жатыр. Жақын арада оқырманға жол тартпақ. Өйткені, мен анама: «Сіздің өмір жолыңыз, бізді қалай жеткізгеніңіз, көрген қиындықтарыңыз туралы кітап жазып, кино түсіремін» деп уәде бергенмін. Соның біріншісін жүзеге асырсам, екіншісін де қолға алмақпын. Сол үшін де аянбай тер төгіп келемін.

– «Қарақалпақстаннан көшіп келген біздерді күнін көре алмай қаңғып жүрген қайыршы сығандай көретіні рас» депсіз... Елге оралғаныңызға да жылдар тізбектеліп өте шықты. Қазір қандай сезімдесіз?


– Шынымды айтсам, Қарақалпақстанда өсіп, туылып, сол жақтың нанын жеп, суын ішіп, менталитетін, тәрбиесін сіңіріп өскеніме қуанамын десем артық айтқандығым емес. Өйткені, дәл осындай қиын жолдармен жүріп өтпесек, дәл қазіргі бақытты сәттердің қадіріне жетпес пе едік деген ой келеді. Яғни, алға қойған мақсатқа әрқашан еңбекпен жетуге болатынын дәлелдедім деп есептеймін. Құдайға шүкір, заманымыз тыныш. Өзіңді дамытуға, ізденуге, оқуға, бар мүмкіндігіңді пайдалануға бар жағдай жасалған. Әлі де өз-өзімізді қамшылай түсуіріміз қажет.


– Актриса, биші, кәсіпкер, тігінші, блогер... Сіздің бойыңыздан табылатын көп өнердің бір парасы. Шыныңызды айтыңызшы, өзіңізге қайсысы жақын?


– Шындап келгенде әр түрлі кәсіптің басын ұстап жүргенге көп адамдар тиіп-қашып істеп жүр деп ойлауы мүмкін. Кәсібім тігіншілік болғанымен, жүрегіме жақыны би өнері. Өйткені, би өнерімді әлі сахнаға шығара алмадым. Одан соң актерлік деп ойлаймын. Әрбір ана бар баласын бірдей көреді ғой. Сол сияқты барлық қызығушылығым, хоббиім, жұмысымның әрқайсының өзіндік орны, құпиясы, артықшылықтары мен кемшіліктері бар.


– Сіз шаршамайтын, тынымсыз еңбектенетін, ұдайы динамикалық қозғалыста жүретін жансыз. Табиғатыңыз сондай ма, әлде жүре келе өзіңізді солай тәрбиеледіңіз бе?


– Үйде жалғыз мен ғана сондай емеспін. Үш қыз да тынымсызбыз. Менен кейінгі екі сіңлім де еңбекқор. Ең кішкентай сіңлім, тіпті, менен асып түседі. Мен бала кезімнен түнде ұйықтамаймын. Бұл менің биоритмім десем де болады. Тұрмыс құрған соң жолдасым менің түнімен ұйықтамайтыныма таңғалатын. Кейіннен ол да соған үйреніп кетті. Өйткені, бұл мен үшін қалыпты жағдай. Таңғы 8-де жатып, түсте тұруым мүмкін. Ал менің сіңлім түнгі 3-те жатып, 5-те тұрады. Бәлкім, мұның бәрі геннен де шығар. Нағашы атам сондай ұйқысыз, сергек болған екен. Мүмкін тәрбиеден де шығар. Адамның жаратылысына да байланысты болар. Не үшін үнемі тынбай тырбаңдай беретінімді кейде өзім де түсінбеймін. Бір жұмыс бітсе, екіншісі басталады. Өмір сонысымен мағыналы. Өзімді тар шеңберге салып жүре алмаймын.

– Қазақстандағы алғашқы тігіншілерге арналған «Шабыт» журналы аз тиражбен шыққанына қарамастан, сұраныс бойынша бірнеше рет қайта басылып жатыр екен. Тіпті, «Шабыттың» географиясы кеңейіп, Венгрияның Будапешт қаласына дейін таралыпты. Жалпы, «Шабыт» орталығының жұмысы ойдағыдай жемісін беріп жатыр ма?


– Білесіз бе, мен осы «Шабыт» журналын шығарған кезде «Өтпей қалса қайтем?» деген қорқыныш болды. Бірақ, жүрегімнің бір түкпірінде бастапқы сатысында қиындықтармен бетпе-бет келетінімді түсіндім. Өйткені, бұл нәрсеге адамдарды үйретіп, тұрақты бір деңгейге жету үшін жылдар бойы еңбек ету керек. Аллаға шүкір, қазір журналым бірнеше қайтара басылуда. Түсінгенім, бірнеше кәсіпті алып жүрген кезде бәрін бақылауда ұстау өте қиын екен. Бірақ, бір жүйеге қойып алса, басқару оңай болады. Соңғы кездері халықтың сұранысына, тігін өнеріне қызығушылығына байланысты журналдың оқырмандары көбеюде. Көбіне ұлттық киімдерді шығарғандықтан да шығар. Үшінші журналымызды QR кодпен шығарайын деп жатырмыз. Яғни, киім үлгісін QR код арқылы жүктеп алуға мүмкіндік бар. Адамдарды пайдалы кәсіпке баулу мақсатында ерекше журнал шығардық.


– Қазір не көп, курс көп. Байқаймыз, сіздің онлайн тігін тігу курстарыңыз өте қолжетімді бағада. Оның үстіне іс бастағысы кеп жүрген қыз-келіншектерге өте пайдалы. Қазақ қыз-келіншектерінің қызығушылығы қалай? Қолынан іс келе ме екен?


– Әрине, қазақтың қыз-келіншектері өте пысық. Қолынан іс келеді. Мысалы, мен мегамарафонымды қараша айында бастадым. Әлі жалғастырып жатырмыз. Қаңтарда интернет біраз уақыт тоқтап қалуына орай демалып қалдық. 12 жасар қыздан бастап 67 жастағы апаларға дейін бұл курсты оқып жатыр. Бұл мен үшін өте қуанышты жаңалық болды. Апаларымыз да «жасым келіп қалды, не керек?!» демей тырысып жатыр. Тіпті, ер азаматтарымызға дейін үйреніп жатыр. Жалпы, мұндай өнерді көбірек насихаттау керек деп ойлаймын. Өйткені, бізден оқып шыққан қатысушылардың 30-40 пайызы өз киімін, жасау, жабдығын өзі тігіп, кәсіп ашып, отбасылық бюджетті үнемдеп жатса, біз шетелдің импортына тәуелділіктен арылар едік. Жалпы тігін саласында көптеген ауқымды дүниелер жасау жоспарымызда бар. Қолжетімді етіп жасағаным, соңғы кездері халықтың жағдайы белгілі. Бұдан мен сұмдық байып кеттім деп айта алмаймын. Бір жағы сауап іс. Осы кәсіпті бастағалы да он жылдан асты. Бір жерде ұттым, бір жерде ұтылдым. Бір жерін дұрыс істемедім, ұрындым, енді бірде шығынға шықтым. Үйде отырған әйелдер менің жіберген қателіктерімді жібермесін деп, ол үшін өздерін жетілдірсін деген мақсатта аталған курсты аштым. Иә, қазір небір психолог, коучтардың курстары қаптап кетті. Бірақ, біз тек қана аффирмация, мотивациямен іс бітпейтінін ұғынуымыз керек. Кәсіп қашанда кәсіп болып қалады. Классикалық кәсіп ешқашан өлмейді. Сондай екі қолға бір күрек болатын нәрселерге бейімделуіміз керек.


– Сіз көптеген жұмысыңыздан бөлек тойларға шығып, қыз ұзатып жүрсіз. Құпия болмаса гонорарыңыз қанша?


– Гонорарым ондай қатты қымбат деп айта алмаймын. Кез келген той иесі төлей алатындай орташа баға. 5 мың $ не 500 $ емес. Алдағы уақытта жақсы бағдарлама ойлап тауып, тобымдағы қыздардың санын көбейтсем, баға көтерілуі мүмкін.


– Өнердің ортасында өз орныңызды ойып тұрып алар кезде үй аралап перде іліп жүру қаншалықты көкейге қонады деп ойлайсыз?


– Иә, өнердің ортасында өз орнымды ойып алар сәтте үй аралап перде іліп жүру мақсатым емес екенін менің жақындарым өте жақсы түсінеді. Осы жылдан бастап өнерге қайта бет бұрып жатырмын. Перде тігіп, өзім апарып, іліп беру туралы кейбір оқырмандарым: «Сіздің деңгейіңізге сай емес» деген сияқты пікір айтып жатады. Біреудің үйіне барып, перде іліп жүргенімді деңгейімді түсіріп жатырмын деп әсте ойламаймын. «Жоқ, мен белгілі актрисамын» деп емес, қарапайым адам болып қалғанды жөн санаймын. Маған ең басты орында адал еңбек, тапсырыс берушілердің сенімінен шығу. Елдің алдында жүретіндіктен, тұтынушылар менің қызметіме толықтай сенеді. Мен де олардың сенімін ақтағым келеді.


Алысқа бармай-ақ, карантинде көп адамдар жұмыссыз қалдық. Бәрімізде той, түсірілім тоқтады. Өмірдің бір орында сырғып тұрмайтынын карантин, кешегі Қаңтар оқиғасы да ұғындыра түскендей. Бүгін перде іліп, ертең елордамызда іргелі форумда спикер ретінде отыру, үшінші күні Барохолкада тауар алып, түсіріп, төртінші күні түсірілім алаңында не сұхбат беруім отыруым мүмкін. Бұның бәрі мен үшін қалыпты жағдай.


– Қандай отбасылық дәстүрлеріңіз бар?


– Аптасына, жоқ дегенде айына бір рет барып ата-енеммен бірге бәріміз сыртқа шығып, тамақ ішеміз. Ата-енеммен бірге театр, кинотеатрға, рухани азық алатын жерлерге бірге барып қыдырғанды жақсы көреміз. Жұмыс, жұмыс деп рухани жағын әлсіретіп алмауға тырысамыз.


– Гүлшарат ханым, сырлы да нұрлы сұхбатыңызға үлкен Алғыс! Шығармашылығыңыз жанданып, кәсібіңіз өрге домалай берсін!


Сұхбаттасқан Мөлдір КЕНЖЕБАЙ


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Ура! Олар татуласты!»: Қайрат пен Жұлдыз інісінің тойында табысты


«Бірі көкіректен итерді, бірінің шашын жұлқылады»: Концерттегі «қызықтар»