«Өзіме қатты ұнады»: Елді шулатқан «Ұйқым келмейді» әнінің орындаушысымен сұхбат

0
10 606

«Автордан сұрап алдым»


«Өзіме қатты ұнады»: Елді шулатқан «Ұйқым келмейді» әнінің орындаушысымен сұхбат

«Желіде «Той думан» арнасында жарық көрген Алина Шакиева есімді әншінің «Ұйқым келмейді» атты әні қызу талқыланып жатыр. Алина Шакиева Tengrinews.kz сайтына берген сұхбатында бұл оның екінші әні екені, 5 жыл бұрын «Аялаймын» деген әні жарыққа шыққанын айтты. ⠀⠀


«Менің негізгі мамандығым – заңгер. Болашақта кәсіби әнші болып, осы саланы дамытқым келеді. Болашақта жоспарымда тағы да ән жазу бар», - дейді ол.

Сондай-ақ, әнші әннің авторлары кім екенін айтты.


«Ұйқым келмейді» әні өзіме қатты ұнады. Сондықтан автордан сұрап алдым. Әннің сөзін жазған Рамазан Амантай, ал әнін жазған Диана Исмайылова. Дайын әнді алдым, әрине, мәтінін алдын ала оқыдым. Бейнебаян маусымда түсірілді», - деді әнші.


⠀Ал журналист, «1001 түн» бағдарламасының жүргізушісі Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында Алина әннің әні мен сөзінің авторларын айтқысы келмеді. Бағдарламаға қонақ болып келген белгілі ақын Серікзат Дүйсенғазин «Ешқандай қазақтың әріптерін айта алмайды екенсіз. І, Ү, Ө-ні айта алмайсыз. Мамандармен жұмыс істеу керек еді. Бұл екінші әніңіз екен. Біздің жастар орысша, ағылшынша қате сөйлеуден ұялмайды. Намыс кетіп қалған. Қазақша қате сөйлеуден ұялсаңдаршы!» деп сын-ескертпесін, жанашырлық пейілін білдірді. Әнші Қарақат Әбілдина да Алинаға әпкелік ақылын айтты. «Сіз кішкене асықтыңыз. Әбден жұмыстанып барып шығару керек еді. Басқа ұлттың өкілі солай айтып тұрса, кешіріммен қараймыз. Керісінше қуанатын шығармыз. Ал қазақтың баласына бұлай айту кешірілмейді» деді.


Ары қарай сұхбатты сөзбе-сөз беруді жөн санадық.



– Алина, «Ұйқым келмейді» әні хит болып жатыр. Сіз мұндайды күттіңіз бе, жоқ па?

– Әнімнің хит болуы мен үшін күтпеген жағдай. Әрине, мен қуаныштымын. Өлең айтам деп кішкентай кезімнен армандап едім.


– Ән айтып жүргеніңізге қанша уақыт болды?

– Бес жыл бұрын «Аялаймын» деген әнім шыққан. Бұл екінші әнім.


– Екінші әніңізге хейтерлер көбейіп кетті. Олар не үшін сынап жатыр деп ойлайсыз?

– Акцентті дұрыс айтпайды деп жатқан шығар. Өзім Ресейдің қазағымын. Сонда туылып, сонда 17 жыл тұрдым. 2001-2002 жылдары мектепті бітірген соң Қазақстанға көшіп келдік. Тілді өте жақсы көремін, құрметтеймін. Қазақ тілі – менің ана тілім. Ана тілімде айтқым келеді.


– Сіз Ресейді туылып, өссеңіз де, елге келіп қазақша сөйлеймін, қазақша ән айтамын деп өзіңізге мақсат қойдыңыз ғой, иә?

– Ана тілімді құрметтеймін. Қазақпын ғой. Ана тілімді үйреніп жатырмын. Әнді де өз тілімде айтқанды жөн көрдім.


– Клип түсіру идеясы, қаражат бәрі өзіңізден болды ма?

– Соны айта алмаймын.


– Ешкімнен сұраған жоқсыз, таза өз еңбегіңіз ғой?

– Иә, иә.


– Әннің әнін шығарған кім?

– Ол да құпия.


– Неге, көпшілік білсін, айтсаңызшы... Диана Исмайылова, иә, қателеспесем?

– ...(басын изеп)


– Сөзі кімдікі?

– Айта алмаймын.


– Сөзі Рамазан Амантайдыкі, солай ма?

– (тағы да үнсіздік, бас изеу)


– Алдағы уақытта сіздің тыңдармандарыңыз тағы қандай әндерді естуі мүмкін?

– Мен қазір тағы бір әнді дайындап жатырмын. Уақыты келгенде біле жатасыздар.


– Арманыңыз қандай?

– Бала кезімнен әнші боламын деп армандадым.


– Кіммен дуэт айтқыңыз келеді?

– Білмеймін, маған Қайрат Нұртас ұнайды.


– Қайратпен дуэт айтқыңыз келеді ғой?

– Білмеймін (күліп)


– Оқырмандарға не айтасыз? Айтар тілегіңіз болса...

– Сәттілік тілеймін. Аңсаған арманыңызға жете беріңіз.



ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Мәдениетсіз мәдениет министрі кетсін!»: Желі қолданушылары байқамай сөйлеген Дәурен Абаевқа қарсы шықты


«Кешірім бердім»: Баян Есентаева экс-күйеуінің бостандыққа шығатынын сүйіншіледі