"Тойға емес, тойдағы қызметтерге тыйым салсын": Тойбастар жасайтын блогер карантин кезіндегі қиындықтарымен бөлісті

0
4 065

"Өзім жаңа үй алғанда қонақтарды сегізге бөліп шақырдым"


  1. Той - қазір актуалды тақырыптың біріне айналды. Қазір карантинге байланысты тойға онсызда тыйым салынып тұр. Бірақ сонда да болса жасырып, тығылып тойлатып жатқандар да жоқ емес. Одан бөлек белсенділер тойға 2 жылдан 5 жылға дейін тыйым салуды ұсынып жатыр.

Әрине, оған қарсылық танытып, ойларын айтып жүрген әнші-асабалар жетерлік. Ал, біз бүгін инстаграм әлеуметтік желісінде танымал блогер және тойбастар жасаумен айналысатын Салтанат Серікболқызымен осы тақырыптар да тілдескен едік.

Қарашаш Есенбай: Қайырлы кеш, Салтанат ханым! Денсаулығыңыз жақсы ма? Сізді көпшілік әңгімелеріңіз арқылы жақсы таниды, жалпы әлеуметтік желіге қалай келдіңіз және жүз мыңнан аса оқырманды қалай жинадыңыз?


Салтанат Серікболқызы: Рақмет, денсаулығымыз жақсарды. Қазір барлығы дерлік бір рет ауырып, жазылып жатқан секілді ғой (күліп). Бастысы амандық тілеймін!

Ал желіге қалай келдіңіз дегенде, жаңа өзіңіз айтқандай әңгімелерім арқылы оқырмандар өздері тани бастады. Негізі мамандығым – программист, бірақ бала күнімде әдебиетке деген құмарлығым мен журналист болсам деген арманым бартын.


Қарашаш Есенбай: Ендеше, арманыңыз ақиқатқа айналған сияқты ғой?! Көпшілік сізді жазу өнеріңіз арқылы таниды екен?


Салтанат Серікболқызы: Иә, жазған әңгімелерім арқылы танып жатады. Бірақ аса белсендімін деп айта алмаймын. Алғашқыда отбасылық суреттер жариялап жүрдім. Желіні байқап, қарап жүргенімде басқалардың әңгімесін, ойлы сөздерін оқып өзіме ой келді. Неге мен де осылай жазбасқа? Жазуды жақсы көрем. Неге көрмеске? Өз өмірімнен алып, өзгелердің өмірінен алып жаза бастадым. Тәуекел еттім. Осылай жазып жүргенде ақын, филолог Онаш Мажитова байқап, менің әңгімемді бөлісіп, оң пікірін білдірді. Кейін осылай тарала басталды.


Қарашаш Есенбай: Қателеспесем, ең бірінші «Жансая» деп аталатын өз өміріңіз туралы әңгімеңіз сайттарға шығып, оқырмандардың қызығушылығын оятты?


Салтанат Серікболқызы: Иә, оқырман осы әңгімемді жылы қабылдады. Бәлкім, шынайы өмірден алынғаннан кейін болар?! «Жансая» деген менің аяулы анам, ол жердегі қыз да - өзім. Бірақ оны жазғаным үшін анам аздап ренжіді, сондықтан көп жерден өшіруге тура келді.


Қарашаш Есенбай: Сіздің парақшаңызды білгеніме үш жылдай уақыт болыпты. Байқағаным, алғашында оқырман оқитын әңгіме көп сияқты еді, қазір оқырманның тапсырысы көп сияқты ма (күліп)?! Жалпы тойбастар жасаумен қалай айналыса бастадыңыз?


Салтанат Серікболқызы: Декреттегі анаға айналысатын бірнәрсе керек екен. Осы кезеңде қолөнер жасаумен айналыса бастадым. Алғашқыда сырға, кейін басқа тағуға арналған ободоктарды жасадым. Қалай екені белгісіз, оқырмандарым тапсырыс беріп, ойда - жоқта сата бастадым. Әйтпесе, сату, бизнеске айналдыру туралы ойламап едім. Кейін ізденіп, қолөнер туындыларымды көбейттім. Тойға керекті заттар жасай бастадым, мысалы қыз ұзатуға арналған, бесік той мен тұсаукесерге керекті бұйымдар дайындаймын. Байқағаным, көбіне баланың заттарына тапсырыс көп болады. Қазақ халқы баланың куанышын жасауға асығып тұратын халық қой, қырқынан шығару, келін түсіру, тағы басқа той-думандардың қоржындарына және оның ішіне салынатын тәттілер мен ұсақ заттарды безендіруге тапсырыс беріп жатады.


Қарашаш Есенбай: Негізі тойбастар жасаумен айналысатындар көп. Осы өнерді жоғары дәрежеге көтеріп, дизайнерлік бұйымдар мен авторлық салон ашу ойыңыз жоқ па?


Салтанат Серікболқызы: Алдағы уақытқа құрған түрлі жоспарларым бар, бірақ дәл қазір деден бастарымды білмеймін...


Қарашаш Есенбай: Оған біздің елдегі төтенше жағдай да әсер етіп тұрған болар?


Салтанат Серікболқызы: Әрине, әсері бар. Сөздің шыны керек, мол қаржы тауып жатырмын дей алмаймын. Күнде инстаграм желісіне тапсырыстарымды салып жүргендіктен, мені миллонер деп ойлайтындар да бар. Бірақ қолөнерді жасау үшін оның материалдарын сатып алу керек, оған қоса күн-түн демей дайындаймын. Яғни шығыны көп жұмыс, әрі тапсырыс бұрыннан бір қалыпты болмайды. Әсіресе карантин басталғалы тіпті азайды.

Өткенде карантин режимі жеңілдетілген кезде тапсырыстар түсіп еді, кейін қайтарып ала бастады. Өйткені қай кезде тойға рұқсат беретіні белгісіз ғой.



Қарашаш Есенбай: Қазір «тойға тыйым салу керек» дейтіндеп көбейді. Бұл ұсынысқа қалай қарайсыз?


Салтанат Серікболқызы: Мен оған қарсымын, не қарсы емеспін деп айта алмаймын. Өйткені жағдайға байланысты да ойлану керек. Бірақ өзім тойдағы дарақылықты жою керек дер едім. Мысалы, танымалдарды шақыру, шоу жасауға тырысу және шешінген қыздардың да тойға келіп билейтін қызметтерін ғаламтордан көрген едім осы секілді дүниелерді азайту керек.

Әрине қуанышын бөліскісі келетіндерді түсінемін, бірақ қарызға кіріп тойлататындарға таң қаламын. Өткенде «Мейрамхана жабылсын, тойды үйге жасайық» деген пікірлерді естіп қалдым. Бірақ оған әркімнің жағдайы келе бермейді ғой, біреудің үй тарлық етуі мүмкін дегендей, ол – екі есе шығын. Мысалы, өткен жылы өзім жаңа үй алғанда қонақтарды сегізге бөліп шақырдым (күліп).

Той жасауға емес, тойдағы қызметтерге шектеу қойған дұрыс шығар?! Мысалы, адамның санына, шоу жасау мен дастарханды безендірудің нормалары болуы керек. Әйтпесе, тойға тыйым салу дұрыс емес, ол қазақтың көретін қуанышы сол.


Қарашаш Есенбай: Қазақ «тойыңыз тарқамасын» деген тілек айтушы еді, мен де соны тілегім келеді. Әңгімеңізге рақмет!


Автор: Қарашаш Есенбай

ERNUR.KZ