«Ұлыларға көр қазып, қастық қылған дүние-ай!»: Рух көтерер әндерді кімдер айтты?

0
4 803

«Ұрыларға жем беріп, бастық қылған дүние-ай!»


«Ұлыларға көр қазып, қастық қылған дүние-ай!»: Рух көтерер әндерді кімдер айтты?

Қаңтардағы «қанды қырғын» турасындағы ой-тебіренісін шоу бизнес өкілдері парақшаларында білдірді. Олар сағы сынып, ұнжырғасы түскен халқына сөзбен ғана емес, әнімен де күш-жігер беріп, рухын көтергісі келетінін ұғындырып бағуда. Мәселен, талантты әнші, әрлеуші Ұшқын Жамалбек халық әні «Дүние-айдың» әуенімен ақын Білім Қуаныштың сөзіне жазылған мына бір туындысын халыққа ұсынды.


Біздің ғасыр сынаққа

Салып тұрған дүние-ай!

Қызыл-жасыл шырақтай

Жанып тұрған дүние-ай!

Қырын қарап жақынға

Сене алмаған дүние-ай!

Бірін қазақ бірін дос

Көре алмаған дүние-ай!

Елім деген ерлерді

Түрмелеткен дүние-ай!

Ұран салған пысықты

Шешендеткен дүние-ай!

Ылаң салған іріткіні

Көсем еткен дүние-ай!

Қарқылдаған қарғалар,

Бұлбұл болған дүние-ай!

Салпаң құлақ көк есек

Дүлдүл болған дүние-ай!

Ұрыларға жем беріп

Бастық қылған дүние-ай!

Ұлыларға көр қазып

Қастық қылған дүние-ай!

Ханы менен қарасын

Араз қылған дүние-ай!

Ары менен ақшасын

Таразы қылған дүние-ай!

Отбасы мен отанды

Шатыстырған дүние-ай!

Ағасы мен інісін атыстырған дүние-ай!.. - деп кете беретін өлең жолдары тыңдаған жанның сүйегінен өтердей салмақты.


Әнші Аққу Байжігіт мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың «Түсін, шеше» өлеңіне ән жазып, оны өзі гитарада орындап шығыпты. Бұл туралы қазақтың арқалы ақын қызы Нәзира Бердалы: «Неше күннен бері ана-жүрегім алқымға тығылғанмен, бір ауыз тіл қата алмап едім… Бәрін-бәрін қайран Мұқаңның бір өлеңімен жеткізіпсіз-ау, @akkubayjigit!» - деп жазды.



Талантты әнші марқұм Батырхан Шукеновтің орындауында танылған «Отан Ана» әнін музыкант, виолончелист Бағжан Октябрь виолончель аспабында орындағанда әсерленбеген жан жоқ шығар, сірә?!.



«Той думан» арнасы күй атасы Құрманғазының қазақты әлемге танытқан «Адай» күйін эфирден бірнеше рет көрсетіп, Ұлы дала елінің рухын сілкіп алғандай әсер сыйлады.




Отандық орындаушылардан бөлек әлем халықтары да әнімен, сазымен аталы сөзге тоқтаған арқалы қазақ халқына қолдау көрсеткісі келетінін жеткізді. Мәселен, ресейлік бойжеткен Т.Молдағалиевтің сөзіне, К. Шілдебаевтың әніне жазылған «Отан-Ана» әнін қазақ тілінде тебірене орындап шықты. Ол осылайша қазақ халқына қолдау көрсеткісі келген.

Алисаның жасы небәрі 22-де. Бойжеткен Ресейдің Магадан қаласында туған. Қазір Санкт-Петербургте тұрады.

"Мен бұл әнді Қазақстаннан оралған соң орындап шықтым. Қазақ халқы өте қонақжай. Ақкөңіл, адал. Қазақстанда жаппай тәртіпсіздік орын алғанын естіп жүрегім ауырды. "Отан Ана" әнін кеңпейіл қазақ халқына арнадым. Әрі осы туынды арқылы қолдағым келді", - дейді Алиса.


Ал бір топ әлемдік орындаушылардың әлеуметтік желіде Шәмші Қалдаяқовтың «Арыс жағасында» әнін бірлесіп орындап, «Қазақстанды әлем халықтарының қолдауы» деп жазып қоюы қаңтардағы «қанды қырғыннан» қиналып һәм көңілі алай-дүлей күй кешкен қазақтарға дем бергені сөзсіз.



Осылайша отандық және шетелдік музыканттар қаймана қазақтың талай ғасырлардан бері мұқалмаған жігерін жанып, маздаған жүрек алауының сөнбеуіне қарлығаштың қанатымен су сепкендей өз үлесін қосты. Әлжеліде олардың әрбір видеосы қызу талқыланып, кеңінен таралуда. Кеңес үкіметіне дейін қазақ халқының әдебиеті мен өнерін көп зерттеген орыс зерттеушісі Г.Потаниннің «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді» деген сөзінен тағы да халқымыздың мақтаныш етер мұрасының тереңіне үңіле түскендейміз. Ән қанатындағы әсерлі ноталар жүректерге жеткенін һәм отандастарымызға қандай жұбаныш болғанын сезінгендейміз. Енді халқымыз мұндай ауыртпалықты басынан өткермесін. Лайым қазақ халқы тек жақсылық үшін қуансын, ізгілік деп жұбансын деп тілейміз.


Мөлдір КЕНЖЕБАЙ


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Қартайғанда балаң «Шал, кет!» десе...»: Алтынай Жорабаева Елбасы туралы ойымен бөлісті


«Алматының әкімі өнер адамдарына тапсырыс берген бе?!»: Оны қолдаған өнер иелері сынның астында қалды