Осылай сепкенде ғана әтір ИІСі денеде ҰЗАҚ сақталады

0
6 650

Денеңізде қымбат иіссу көп сақталмай ма? Демек, дұрыс сеппей жүрсіз...


Осылай сепкенде ғана әтір ИІСі денеде ҰЗАҚ сақталады

фото: plastika.guru

Тартымдылық пен сұлулықтың бір бөлігі – жұпар иіс. Оған қол жеткізу үшін парфюмерия көмегіне жүгінеміз. Алайда, құты ішіндегі хош иіс бір басқа, денеге сепкенде бір басқа болатыны бар. Ең жаманы, жұпарына бас айналып сатып алған қымбат әтірдің денеге сепкеннен соң өзін жаман жағынан көрсетуі. Немесе, мүлдем ауаға ұшып жоқ боп кетуі. Иә, ондай да боп тұрады. Неге деп ойлайсыз? Әрине, иіссуды дұрыс себіну сырларын білмегеннен.


1. Жуыну құралдарының иісі де иіссумен ұқсас болуы керек

Әдетте, әтірді себінгенге дейін денеге арналған күтімнің бірнеше сатысынан өтеміз. Ең алдымен, жуыну. Бұл кезде түрлі гель, көбік, сабын секілділерді қолданамыз. Одан соңғы жағатын крем, лосьондарымыз тағы бар. Ал олардың иістері көбінде әртүрлі. Ең соңында барып иіссу шашамыз. Міне, осыдан кейін түрлі иістер араласып кетіп, иіссудың нотасын таппай қаламыз. Мұны болдырмау үшін дене күтіміне, жуынуға арналған құралдардың иіссумен бір линияда болғаны абзал. Сонда олардың бәрі бір бағытта – әтірдің иісін барынша ашуға жұмыс жасайтын болады.


2. Иіссу себетін "нүктелерді" біліп алу қажет

Парфюмериялық құралдарды денеге қалай болса солай шаша салмаңыз. Біріншіден, оның әр тамшысы қымбат. Екіншіден, кез келген жерге шашылған иіссу ұзақ сақтала бермейді. Сондықтан, дененің дұрыс аймақтарын, яғни, «импульс нүктелерін» білген жөн. Олар – желке, мойын, білезік, тізе асты және шынтақ іші. Міне, осы нүктелерге себілген иіссу ұзақ уақыт бойы айналаға жұпарын шашып тұрады.


3. Иіссу сепкен жерді үйкемеңіз

Иіссуды сепкеннен соң көбіміз екі білекті бір-біріне не мойынға үйкеп жатамыз. Бұл ишара осылайша теріге терең сіңеді деген түсініктен шыққан болуы керек. Кезекті рет қайталайын деп жатқанда өз-өзіңізге «СТОП» деңіз. Өйткені, осы әрекет арқылы иіссу молекулаларының құрылымын өз қолымызбен бұзамыз. Нәтижесінде, хош иіс те біз күткендей болмайды.


4. Иіссуды түнде сеуіп қойыңыз...

Егер әтіріңіздің иісі өткір емес, тыныштандыратын эффектісі болса, оны ұйқыға жатар адында жастығыңызға сеуіп қоюға болады. Жағымды иіс аясында жайлы ұйықтайсыз әрі таңға дейін шашқа жұпары жақсы сіңеді.


5. Вазелин пайдалану керек

Иіссуды сеппес бұрын жоғарыда аталған дене аймақтарына жұқалап вазелин жағып қоюға болады. Немесе, кез келген майлы крем. Тек, иіссіз болғаны жөн. Осындай негіз үстінен шашылған әтір денеде ұзақ сақталады.


6. Иіссуды да сақтаудың ережесі бар

Парфюмериялық сулардың сапасы мен жұпарының бұзылмауы үшін, денеде ұзақ тұруы үшін оның сақталу шарты да маңызды. Яғни, дұрыс жерге сақталған парфюм ұзақ қызмет етсе, керісінше, дұрыс сақталмағаны көп ұзамай-ақ ұнамай қалады. «Сонда қайда, қалай сақтау керек?» десеңіз, бірінші кезекте жылы әрі ылғалды жерге қоюға болмайтынын білгеніңіз дұрыс. Мәселен, жуынатын бөлмедегі айна алды – иіссу жұпарының жауы. Әтір құтыларын тікелей жарық түспейтін және ылғал тимейтін, қараңғы әрі құрғақ жерде сақтаңыз. Айталық, шкаф сөресі не тартпа. Ең абзалы, иіссулардың қорабын тастамай, үнемі сонда салып жүру.


7. Душтан шыға салып сеуіп алыңыз

Парфюмерия саласының мамандары су шаш пен ылғал денеге себілген иіссу да ұзақ сақталатынын және жүріп өткен жолында керемет шлейф қалдыратынын айтады. Егер осы әдісті ұстанғыңыз келсе, иіссуды бір жерге шығар алдында емес, душтан соң бірден себіңіз. Ал, иіссу құрамындағы сприт шашқа зиянын тигізбесін десеңіз, 25-30 сантиметр қашықтықты сақтаңыз немесе тараққа сеуіп тараңыз.


8. Иіссу "жаңбырын" жасаңыз

Иіссуды ауаға шашып, өзіңіз «хош иісті жауынның астында» тұрсаңыз, жұпары бүкіл денеңізге бірдей жайылады. Осындай әдіспен себілген иіс қолқаны бірден қаппай, білінер-білінбес болып тұрады.


9. Ескеретін жайттар бар...

Хош иістің денеде ұзақ сақталуы әтір құрамындағы ингредиенттерге де байланысты. Өкінішке орай, кей компоненттер қанша қымбат болса да, ауаға таралып, денеде тез таусылып қалады. Мұндай компонеттер қатарына гүлді, кейбір жемістер және теңіз иістері жатады. Оларға қарағанда, жұпар су (мускус), ағаш сүректі (древесный) және шипр хош иістерінің ғұмыры ұзақ келеді. Иіссу таңдағанда осы жайтты да ескерген артық болмас.


10. Ұнамаған иісті ылғалды сулық кетіреді

Егер сепкен әтір исі көңіліңізден шықпай, басқасын ауыстырғыңыз келсе, оны сабынмен, сумен жуып әлек болмаңыз. Бұл миссияны ылғал сулық мүлтіксіз орындайды. Ал, сабынмен, сумен жусаңыз, алдыңғы иіс пен кейінгі себілген иіс араласып кетеді.

Дайындаған: А.Мейірханқызы,

ERNUR.KZ