Егер сіздің теріңіз майлы болса, жұмыртқаның сарыуызы көмекке келеді.
фото: tr.pinterest.com
Әжім табиғаттың сыйы. Адамның жасы ұлғайған кезде тері өзгеріске ұшырағандықтан болатын қалыпты құбылыс. Әйтсе де, әжім түсуінің алдын алып, оны біршама тежеуге болады. Ол үшін әрине, тұрақты түрде бет терісіне күтім жасау керек.
Егер сіздің теріңіз майлы болса, жұмыртқаның сарыуызын бір ас қасық айранмен араластырып, дайын болған масканы тазартылған бетке жағып, жиырма минутқа қалдырыңыз. Уақыт өткеннен соң, құбыр суымен немесе бөлме температурасындағы сумен жуып тастаңыз. Сондай-ақ жұмыртқаның сарыуызын қышқыл жидектермен араластырып та маска жасай аласыз. Ол үшін бір шай қасық қышқыл жидектермен бір дана жұмыртқаның сарыуызын мұқият араластырыңыз. Жидектерді алдын ала жуып, ұсақтап тураңыз немесе миксермен қоймалжың қалыпқа енгізіңіз. Қышқыл жидектер қатарына мүкжидек, киви, қарақат және басқа да жидектер кіреді.
Құрғақ және аралас теріге арналған жұмыртқа маскасы
Сарыуызды үй жағдайында дайындалған 1 шай қасық қаймақпен араластырыңыз. Бетіңізге жағып, жиырма минут бойы ұстаңыз. Содан соң, сумен шайыңыз. Қаймақ орнына зәйтүн майын қолдануға болады.
Әжімдерге арналған ақуыз маскасы
Жұмыртқаның ақуызы бет терісін тазартады және құрғатады, көбінесе ақуыз әжімдерге арналған бет маскаларында қолданылады. Маскаларды дайындау өте оңай.
1 дана жұмыртқаның ақуызын бір шай қасық балмен араластырып, оған бір шай қасық лимон шырынын қосып, араластырыңыз. Дайын болған масканы бетке жағып, 15 минутқа қалдырыңыз. Уақыты келгенде бөлме температурасындағы сумен жуыңыз.
Жұмыртқаның ақуызын ұсақ етіп туралған немесе үгітілген алмамен араластырып, масканы бетіңізге жағып 15 минут күтіңіз. Содан соң, шайыңыз, маскадан кейін бетке крем жағыңыз.
фото: uk.pinterest.com
Қаймақтан жасалған әжімге қарсы маска
Қаймақ қосылған маскалар бет терісін нәрлейді, маскадан кейін тері жарқырайды, сондай-ақ бет терісін жұмсартады және ылғалдандырады.
Қаймақтан дайындалатын бет маскалары беттегі айқын көрінетін, яғни, терең әжімдерді азайту үшін қолданылады.
Масканы дайындау үшін үй жағдайындағы, яғни табиғи қаймақты пайдаланғаныңыз жөн. Қаймақ маскалары жасартатын әсерге ие және бет терісінің қартаю процесін баяулатады.
A, C, E дәрумендері табиғи антиоксиданттар болып табылады және тері жасушаларының қартаюымен күресуге көмектеседі, табиғи қаймақ бұл дәрумендерге бай.
Майлы теріге арналған әжімге қарсы маска
Әдетте, майлы теріге бір дана жұмыртқаның ақуызынан және бір ас қасық қаймақ пен бір шай қасық лимон шырынынан жасалған маска қолайлы. Аталған өнімдердің бәрін араластырып, бетке жағып, 20 минут ұстаңыз. Содан соң, масканы сумен жуыңыз.
Құрғақ және аралас тері түрлеріне арналған маска
Мұндай теріге жасалатын маска үшін бір ас қасық қаймаққа бір шай қасық бал қосуға болады. Егер балға аллергияңыз болса, бір жұмыртқаның сарыуызын қосуға болады. Сондай-ақ бір ас қасық қаймаққа 1 дана бананның 1/3 бөлігін қосуға болады.
Дайындаған: Г.Жұмаділдаева,
Тағы да оқыңыз: