Абьюзердің жемтігін қорлап, үнемі бақылауда ұстауы – ол өзін-өзі қорғау тәсілі.
Абьюзер – бір қарағанға өзіне сенімді және күшті жан секілді әсер қалдырады. Шын мәнінде олар психологиялық тұрғыдан өте әлсіз адамдар. Адам қаншалықты қатыгез болса, соншалықты қорқақ деген сөз. Олардың да өзгелер секілді әлсіз тұстары, қорқатын нәрселері жетерлік.
Абьюзердің жемтігін қорлап, үнемі бақылауда ұстауы – ол өзін-өзі қорғау тәсілі. Билік жасау өзін іштей нашар адам сезінбеуге көмектеседі. Егер абьюзердің негізгі қорқынышы не кенін білсеңіз, онда жағдайды, не түрткі болғанын анық көріп, абьюзерге қарсы тұра аласыз.
Абьюзер неден қорқады
Бақылаудың жоғалуы
Құрбаны абьюзерге бағынып, айтқанын екі етпесе, қарсы келуге қорықса онда ол өзін жоғары сезінеді. Билік қолында болғанда оның әлсіз тұстары білінбейді. Ал егер күндердің күнінде құрбаны қарсы шығып, өз қалауын істейтін болса, бұл абьюзер үшін ең үлкен соққы болмақ. Мәселен, әйелдің өмір сүруге деген көзқарасы өзгеріп, абьюзерге психологиялық және материалдық жағынан да бағынышты болғысы келмеді. Яғни ол бұрын жұмыс істемесе, енді жұмыс жасап, өзі ақша тапқысы келді. Бұл әрине абьюзерге ұнамайды, бақылаудан шығарып алудан қорқады. Ол бұрынғысынан бетер ашуланып, қорқытып, қорлауы, тіпті құрбанын кінәлі етіп жіберуі мүмкін. Егер әйел осы жағдайда да берілмей, алған бетінен қайтпай тырысса, онда абьюзердің өзіне деген сенімі азайып, қорқынышы үдей түседі.
Адамның сабырлығы, эмоцияның жоқтығы, нақты сұрақ пен жауап, ешқандай қорқытусыз айтқанды орындау – абьюзерге қарсы ең үлкен қарулардың бірі. Егер жемтігінен әлсіздік, қорғансыз күй көрмесе, қызығушылығы жоғалады.
Масқара болу, әшкерелік
Абьюзерлер әрдайым екіжүзді жүреді. Айналасындағыларға көңілді, елгезек, қайырымды, адам баласын ренжітпейтін, «қой аузынан шөп алмайтын», бір сөзбен періште көрінуі мүмкін. Тек абьюзерге жақын жан ғана оның нағыз жүзін көре алады. Агрессор өзінің шын бет-бейнесін көпшілікке көрсетіп қоюға қорқады. Сондықтан оған ортадағы дәрежесі өте маңызды.
Көпшіліктің жазғыруы, кінәлауы – абьюзер үшін өте қорқынышты түс секілді. Сондықтан ол өз құрбанының кіммен араласып жүргенін, қайда барғанын, кімге не айтқанын аңдумен жүреді. Әшкере болмау үшін әйелінің араласатын ортасын шектейді, қалаған жеріне жалғыз жібере бермейді. Сондықтан, абьюзерді әшкере еткіңіз келсе мұны көпшілік жерде істегеніңіз жөн және мүмкіндігінше диктофонға жазып алған дұрыс. Өзіңізді сенімді ұстап, ешқандай эмоцияға берілмеу керек. Абьюзер өзіне тықыр таянғанда тіпті аяғыңызға жығылып, көз жасын төгуі бек мүмкін. Бірақ, кейін ол өзінің бастапқы қалпына қайта түседі.
Есіңізде болсын: Қорлаушының шынайы жүзін неғұрлым көп адам білген сайын, өзіңізге қолдау мен қорғау табу оңай болады.
Ықпал ете алмау
Бұл пункт жоғарыдағымен тығыз байланысты. Әшкере болған абьюзер өз ықпалын, беделін жоғалтады. Айналасындағылар да оны құрметтеуді, пікірімен санасуды, кеңесіне құлақ асуды қояды. Ортадан алшақтап қалу, сөзіне ешкімнің құлақ аспауы тиран үшін үлкен қиындық.
Қарсы күш, жазалау
Абьюзерлер адамның мейірімділігі мен жұмсақтығын әлсіздікке балайтын жандар. Егер құрбанының артында мықты қорғаушы күш бар екенін сезсе (ағасы, әкесі немесе полиция, дәлел жазылған қандай да бір флешка, бейнекамера, видео), онда ол оның жауыздығына шамалы болса да тоқтау болады.
Қарым-қатынастан айырылу
Егер әйел абьюзерден кету туралы шешім қабылдаса, онда ол оны бірден жібере қоймайды. Анасына, әкесіне, достарына хабарласып, солардан қолдау іздейді, түрлі амал-айла ойлап тауып, әртістікке салып жібермеуге әрекет жасайды.
Көбіне қыз-келіншектерді абьюзерден кетуге, өз-өзіне бірдеңе істеп қоя ма деген қорқыныш, аяныш сезімі тоқтатады екен. Алайда, осылай шыдап жүре берудің соңы көбіне жақсылыққа апармайды.
Дайындаған: Э.Базарбаева,