Премьер-министр электр энергетикасын дамыту және цифрландыру мәселелері жөніндегі Үкімет отырысын өткізді

0
117

Қазақстанның электр жүйесі Ресей Федерациясы мен Орталық Азия елдерінің энергетикалық жүйелерімен қатар штаттық режимде жұмыс істейді.


Премьер-министр электр энергетикасын дамыту және цифрландыру мәселелері жөніндегі Үкімет отырысын өткізді

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында электр энергетикасын дамыту және цифрландыру мәселелері қаралды. Онда Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, сондай-ақ энергетика секторы ұлттық компанияларының өкілдері баяндама жасады, деп хабарлайды Primeminister.kz.

Энергетика министрлігінің мәліметі бойынша, Қазақстанның электр жүйесі Ресей Федерациясы мен Орталық Азия елдерінің энергетикалық жүйелерімен қатар штаттық режимде жұмыс істейді. Бүгінгі таңда цифрландыру саланы жаңғыртудың негізгі құралына айналуда: технологияларды енгізудің стратегиялық шаралары мен кезеңдерін айқындайтын Цифрлық трансформация картасы әзірленіп, бекітілді. Энергетика саласында 43 мемлекеттік қызмет көрсетіледі, оның 99%-ы – онлайн режимінде қолжетімді. 2027 жылға қарай цифрлық мониторинг электр және жылумен жабдықтау процестерінің жартысын қамтиды.

Премьер-министр энергетика саласы әлемдік экономикада маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

«Электр энергетикасының дамуы ірі тау-кен металлургия кәсіпорындарынан бастап шағын бизнеске дейін бүкіл өнеркәсіп саласының өсу қарқынына тікелей әсер етеді. Сондықтан Мемлекет басшысы Үкіметтің алдына өте ауқымды міндет қойып отыр. Яғни, 2035 жылға дейін жалпы қуаты 26 гигаватт болатын жаңа энергия көздерін іске қосуымыз керек», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Қазіргі таңда елімізде дәстүрлі генерациямен қатар, жаңартылатын қуат көздері мен атомдық энергиясын дамыту бағытында белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Сонымен бірге қолданыстағы энергия көздері мен коммуналдық желілерді жаңғырту және кеңейту шаралары іске асырылуда.

Республиканың Батыс аймағын Бірыңғай энергетикалық жүйемен біріктіру, сондай-ақ Оңтүстік аймақтың желілерін күшейту жұмыстары жүргізілуде. Бұл жоба еліміздің энергетикалық жүйесін ілгерілетуге және оның дербестігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретіндіктен, KEGOC компаниясына сапаны сақтай отырып, жұмысты жеделдету тапсырылды. Әрбір пайыз қосылған қуат көзі экономиканың өсуіне, жаңа инвестициялардың келуіне жол ашатыны атап өтілді.

Олжас Бектенов бірқатар мәселеге назар аударды, соның ішінде кез келген энергия жүйесінің тұрақтылығы маневрлік қуаттардың бар-жоғына байланысты, Кейінгі жылдары жүктеме артқан сайын оның тапшылығы да анық байқалып келеді. Бүгінде қажетті көлем электр энергиясын қайта бағыттау арқылы толықтырылып отыр, бірақ энергияны тұтыну қарқыны жылдан жылға арта бермек. Электр қуаты жаңа өнеркәсіп орындарын, деректерді өңдеу орталықтарын іске қосу, цифрлық технологиялар мен инфрақұрылымды дамыту үшін қажет. Ал, ол үшін энергетика саласы қарқынды дамуға тиіс, сондықтан атом энергетикасына баса мән беріліп отыр.

Премьер-министр жоспарланған барлық энергетикалық жобаларды уақтылы жүзнгн асырып, жаңа технологиялық шешімдерді, соның ішінде энергияны жинақтау жүйелерін және гибридті электр станцияларын іске қосудың маңыздылығын атап өтті. Бұл ретте цифрландыру энергия тиімділігін арттырып қана қоймай, бүкіл саланың сенімді жұмысын қамтамасыз ететін негізгі құрал болуға тиіс.

Цифрлық трансформациялау белгіленген мерзімдерге сай, мүдделі барлық мемлекеттік органдар мен құрылымдар арасында нақты үйлесімді түрде жүргізілуге тиіс. Бұл жұмыстың басты мақсаты – энергетикада және жалпы экономикада шынайы әрі сапалы өзгерістерге қол жеткізу.

Отырыс барысында Олжас Бектенов жауапты мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырма берді.

Мәселен, Энергетика министрлігіне жыл соңына дейін 250 МВт, ал келесі жылы 2,5 ГВт энергия қуатын енгізуді қамтамасыз ету, қолданыстағы стансалардың қыс мезгіліндегі жұмысын тұрақты бақылауда ұстау тапсырылды.

Сонымен қатар Қаржы министрлігімен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін онлайн-мониторинг арқылы энергетикалық нысандар жұмысының сенімділігін қамтамасыз етуге бағытталған «Отын-энергетика кешенін басқарудың бірыңғай мемлекеттік жүйесін» құруы және оған қолдау көрсету бойынша қажетті шаралар қабылдауға тиіс.

Сондай-ақ Энергетика, Жасанды интеллект және Қаржы министрліктері 2026 жылдың соңына дейін Салалық ақпараттық қауіпсіздік орталығын іске қосып, отын-энергетика кешенінде инфокоммуникациялық инфрақұрылым операторының жұмысын қамтамасыз етуге тиіс. Бұл жүйе энергетика саласының барлық субъектілерін киберқауіптерден қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған.

«Самұрық-Энерго» компаниясы келесі жылғы наурыз айының соңына дейін Семей және Өскемен қалаларында жылу электр стансаларының құрылысын бастау үшін барлық қажетті іс-шараларды аяқтасын. Бұл ретте ауаны ластайтын зиянды қалдықтар бойынша заманауи экологиялық стандарт нормаларының сақталуын қамтамасыз ету қажет

Аталған жұмысты бақылау және үйлестіру Роман Склярға жүктелді.