Отбасы болған соң ұрыс-керісті айналып өту, ешқашан болдырмау мүмкін емес. «Мүлдем ұрсыспаймыз» дейтіндерге ешкімнің сенбейтіні содан.
Өмірдің кейбір сәттерінде әрбір отбасыда өзіңді қорғауға, өзіңдікін дәлелдеуге не өткізуге тиісті тұстар болады. Күйеу де пенде, кейде қателеседі. Сондай сәттерде ең момын, ең ақылды, ең үндемес әйелдің өзі «ӘЙ» деп бір дауыс көтеріп қалады.
Бірақ, ұрыссыз, ренішсіз болмайды екен деп жөн-жүгенсіз кетуге де болмас. Қанша дегенмен, кейін жүз көріспей кететін адам емес, өз күйеуіңіз. Қарым-қатынасқа қайта бүтінделмес сызат түспесін десеңіз, өз ой-пікіріңізді дұрыс та сауатты жеткізе біліңіз. Бір сөзбен айтқанда, «дұрыс ұрысуды» үйреніңіз. Ол қалай дейсіз бе?
«ТЫМПИ-ТЫМПИ» ОЙНАМАҢЫЗ
Көп әйел ойын ашық айтып, қалауын түсінікті жеткізудің орнына, «Бұл күйеуге сөз өтпейді» немесе «Айтпай-ақ өзі білмей ме?» деп үн-түнсіз жүруді әдетке айналдырған. (Мұндай үнсіздіктің пайдасыз екенін білгендер ғана олай етпейді.) Сіздің томсырайып тымпия қалғаныңызды еріңіз мүлде елемеуі не одан әрі ерегісуі мүмкін. Бұл сіздегі өкпені де өрекпіте береді. Одан да үлкен дауға айналмай тұрғанда ойыңызды ашып жеткізіңіз. Сонда ортақ мәмілеге келу де оңай.
ӘР СӨЗГЕ АБАЙ БОЛЫҢЫЗ
Ойды ашық айту — бұл тіл ұшы мен ойға оралған сөздің бәрін ақтара беру емес. Ауызға абай болып, әр сөздің салмағын ескеру керек. «Айтылған сөз – атылған оқ» екенін естен әсте шығаруға болмайды. Эмоция үстінде айтылған былапыт сөздер, қарғап-сілеу, «осыдан көр де тұр, осылай етпесем атым өшсін» деген сияқты ант-су ішу, «ажырасамын», «балаңды көрмейсің» сынды қоқан-лоққы – мұның ешқайсысы сізді жарастыққа да, жеңіске де жеткізбейді. Артынан өкінетініңіз анық. Күйеудің жанашырлығын, түсіністігін, махаббатын, адамгершілігін оятатын — сауатты айтылған орынды сөз ғана.
ЭМОЦИЯҢЫЗҒА ИЕЛІК ЕТІҢІЗ
Бір сөзді әр түрлі эмоциямен айтқанда түрлі әсер беретінін білетін боларсыз. Тіпті, ең жақсы да жылы сөз – «Мен сені жақсы көремін» дегеннің өзін түрліше айтуға болады. Бәсең үнмен, мөлдірей қарап айтылғанда жанды ерітіп, жүректі жібітеді. Ал, ашумен, өктем үнмен айтсаңыз, бұл сіздің махаббатыңызды міндетсінуге айналады да, әдемі сөздің жақсы әсері жоғалады. Бұл барлық жағдай мен барлық сөзге қатысты. Еріңіз де еріксіз кері эмоциялар жетегінде кетпесін, ойымды дұрыс түсінсін десеңіз, алдымен өз эмоцияңызға ие болыңыз.
БӘРІНЕ ЕРКЕКТІ КІНӘЛАМАҢЫЗ
Сіздің бас көтеріп, үн қатудағы басты мақсатыңыз – біреуді кінәлау, жазалау емес, өзіңізді қорғау ғана болуға тиіс. Егер кінә мен оның иесін іздесеңіз, ешқашан келісімге қол жеткізбейсіз. Сайып келгенде, айып өзіңізден де болуы мүмкін. Сондықтан, айып арқалатудың орнына өз сезіміңізді ғана жеткізіңіз. Мәселен, «Мені жалғыз тастап кеттің» дегенше, «Мен өзімді жалғыз сезіндім, қорықтым»; «Маған жасап бермедің» деудің орнына «Менің қолымнан келмеді, сенің қолыңнан келер еді»; «Маған көңіл бөлмейсің» деген сөзді «Маған көбірек көңіл бөлгеніңді қалаймын» деп алмастыру. Осылайша кез келген айыптау сөздің терісін кері айналдырып айтуға болады. Оған кімнің немесе ненің кінәлі екенін еркек өзі анықтап, шешімді де өзі табады.
ЕРІҢІЗДІ ДЕ ТҮСІНУГЕ ТЫРЫСЫҢЫЗ
Өз ойыңыздың дұрыстығына жүз пайыз сену – ең үлкен қателік. Сондықтан, өзіңізге қанша сенімді болып тұрсаңыз да, еріңіздің де сөзіне құлақ асыңыз. Бәлкім, сіз білмейтін бірдеңе бар шығар. Мүмкін, сіздің себебіңіз ұрыс шығаруға тұрарлықтай маңызды емес болар. Жан-жақты әрі терең үңіліп тағы бір қараңызшы.
ТЫҢДАР ҚҰЛАҚ, ТҮСІНУГЕ ҚҰЛЫҚ БОЛСА ҒАНА СӨЙЛЕҢІЗ
Күйеуіңіз сізді тыңдағысы келмесе, ашуланып немесе шаршап тұрса – бұл өкпе-ренішіңізді айтуға қолайлы кез емес. Керісінше, жағдайды одан әрі ушықтырып аласыз. Тыңдауға құлқы жоқ еркек сіздің сөзіңізді емес, жүйкеге тиетін ызыңды ғана естиді. Бұл жағдайда оның түсінуі жайлы сөз етудің өзі артық. Сондықтан, ойыңызды айту үшін оңтайлы сәтін күтіңіз.
БОЛҒАН ЖАЙДЫ БОСАҒАДАН ШЫҒАРМАҢЫЗ
Еріңізбен ара қатынасқа ешкімнің араласуына, тіпті, пікір қосуына жол бермеңіз. Ол үшін күйеуіңізді ешкімге жамандамаңыз, оның ренжіткен тұстарын айтып шағымданбаңыз. Әсіресе, өз ата-анаңыз бен туыстарыңызға. Кейін сіз күйеуіңізді қайта кешірерсіз, табысарсыз, алайда туысыңыздың көкейінде жаратпаушылық сезімі қалып қояды.
Отбасын құру үлкен жауапкершілікті қажет етсе, оны сақтап қалу үлкен еңбекті талап етеді. Еңбегіңіз адал, ниетіңіз ақ, әрекеттеріңіз саналы болса, шаңырақ биік, кереге кең, көңіл де тоқ.
Дайындаған: А.Мейірхан,
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:
ӘКЕСІНЕН ҚОРҚЫП өскен ҚЫЗ күйеуіне еркелей алмайды