"Әйел мінезді" еркектер: қарым-қатынасты қалай ұстау керек?

0
994

Неге қазіргі ер азаматтардың кейбірі салғыласып ұрысуға дайын, жылаудан ұялмайтын болып кеткен?


Ас үй тірлігін де еркін алып кете алатын еркектер бар. Әрине, ас үйде кейде болса да тамақ дайындап, ыдыс жуысып көмектескен еркекке сын емес. Дегенмен мұндай әрекеттердің теріс жағы да бар екенін ескеру керек. Мысалы, ондай ер азаматтарды мол табыс, қызметте өсу қызықтырмауы мүмкін. Көп жағдайда маңызды шешім қабылдаудан қашқақтайды, шешімін табуға итермелемесе, өздігінен әрекет жасамайды.

Ер адамның үй тірлігіне араласқанын көрмеген үлкен буын үшін мұны қабылдау қиын. Неге қазіргі ер азаматтардың кейбірі салғыласып ұрысуға дайын, жылаудан ұялмайтын болып кеткен? Мұндай еркектер қайдан шықты?


Қоғам

Қазіргі қоғамда ер мен әйелдің тең дәрежелі болуы, гендерлік теңдік мықтап қолға алынған. Гендерлік теңдік — әлеуметтік функцияларды орындау кезінде жыныстық тегіне қарамастан әйелдер мен ерлердің ресурстар мен игіліктерге тең дәрежеде қол жеткізуі. Қазіргі кездегі әйелдер үйде отырып та ер азаматынан көп ақша таба алады. Ер азаматтан ештеңені талап етпей-ақ балаларды өзі-ақ асырап, жеткізе алады. Бұл ер азаматтың жауапкершілігін азайтады.


Отбасы

Қазір көптеген балалар толық емес отбасында өсіп жатыр. Кішкентайынан көз алдында үлгі болар ер азаматты көрмейді, тек әйел адамның іс-әрекетін көріп өседі.


Мектеп

Бұрындары ер балаларды нағыз өсіп-жетіліп келе жатқан уақытында әкесінің жанында көп жүргізген. Ал қазір нағыз тұлға болып қалыптасып келе жатқан шағы мектеп, университет қабырғасында өтеді. Ал ол жердегі ұстаздардың 90 пайызы әйел адамдар. Олардың да ықпалы болады деседі мамандар.


Өзім кінәлімін

Ер азаматтың әйел секілді әрекет етуіне қыз-келіншектердің де үлесі бар. Себебі қазір қыз-келіншектер де өзгерген, әлсіз, тәуелді емес. Тұрмысқа шығу өмірдегі басты мақсаттардың бірі болып саналмайтын болған. Ер азаматқа тән бар жұмысты, бар істі еркін меңгеріп алған, нәзіктікті ұмытқан дегенді көп айтады мамандар. Ер азаматқа айтып, сұрағаннан гөрі өзі істей салған әлдеқайда жеңіл көру де бір себеп.


Қарым-қатынаста ер азамат өзін қыз сияқты ұстайтын болса не істеу керек?

Ең алдымен сізге осындай адам шынымен-ақ ұнай ма, соны түсініп алыңыз. Психолог мамандардың пікірінше мұндай азаматтарды мықты, ер мінезді әйелдер тартып тұрады екен. Ал егер кездесіп жүрген адамыңыздан әйелдің қылығын байқасаңыз не істеуге болады?

  • Мұндай азаматты айқаймен немесе қайта тәрбиелеп алам деп әрекет жасау бекершілік. Наразылық, талап тілектеріңізді жай сөзбен-ақ жеткізіп айту шамалы болса да әсерін тигізеді.
  • Футбол, күрес секілді спорт түрімен айналысуға кеңес беріңіз. Бұл мінезін сәл болса да шыңдап, өзіне деген сенімділік пен түйсікті оятуға көмектеседі.
  • Ер азаматтармен көп араласқаны дұрыс. Мейлі, ол әкеңіз, достарыңыз, ағаңыз болсын.
  • Ер азаматтың міндетін мойныңызға алмаңыз. Мінезін көрсетіп, шешім қабылдай алатындай мүмкіндік беріңіз, жауапкершілікті сезінуі тиіс.
  • Өзіне сенімсіз еркекті сөзбен де іспен де жоғары бағалап отырыңыз. Мақтау сөздер айтып, кішкентай жетістігі болса да қошеметтеп қою керек. бұл ер азаматқа ары қарай одан да жақсы болсам деген ықыласын арттырып, ынталандыра түседі.
  • Нағыз, мықты ер азаматтың жанында, нәзік, қылықты әйел болуы тиіс. Сондықтан нәзіктікті жоғалтып алмау керек.

Әрине мінсіз адам жоқ. Дегенмен қарым-қатынас жақсы бір дүниені қалыптастырып, мінезге, әдетке өзгеріс енгізе алады.



Дайындаған: Э.Базарбаева,

ERNUR.KZ.