Ұлытау облысы ШОБ дамытуға ең қолайлы аймақтардың алғашқы үштігіне кіреді

0
82

Шағын және орта бизнесті дамыту – өңірдің басым бағыттарының бірі.


Ұлытау облысы ШОБ дамытуға ең қолайлы аймақтардың алғашқы үштігіне кіреді

ERNUR.KZ. Ұлытау облысында мемлекеттік қолдау шараларының арқасында барлық негізгі көрсеткіш бойынша өсім байқалады. Биылдың басынан бері ШОБ субъектілері 160,6 млрд теңгенің өнімін өндірді, бұл - 19,8% өсім. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыс әкімі Дастан Рыспеков хабарлады.

Сонымен қатар ШОБ-тың өңірлік жалпы өнімдегі үлесі 6,9% болды. Салыстырсақ, өңір алғаш құрылған кезде бұл көрсеткіш 3,8% еді. Жұмыспен қамтылғандар саны 2,7%-ға өсіп, 38 мың адамға жетті.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы рейтингіне сәйкес, облыс шағын бизнесті дамытуға ең қолайлы өңірлердің алғашқы үштігіне кіреді. Биыл жас кәсіпкерлерге өз ісін бастауға 195 мемлекеттік грант берілді. Сондай-ақ биыл жалпы құны 3 млрд теңге болатын 75 жаңа кәсіпкерлік нысаны ашылды», — деді Дастан Рыспеков.

Әкімнің айтуынша, әлемдік және отандық брендтердің франшизаларын іске қосу өңірдің инвестициялық тартымдылығы мен кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасалғанының айқын көрінісі.

Өңір басшысы кәсіпкерлікті дамытудың болашағы бар бағыттарының бірі ретінде шағын өнеркәсіптік аймақ пен инвесторлар үйін құруды атады. Мұнда кәсіпкерлерге ыңғайлы болу үшін өңірдегі барлық қаржы институты бір жерде орналастырылады. Осы мақсатта 25 жылдан астам уақыт бойы иесіз тұрған ескі тоқыма фабрикасының ғимараты мемлекеттік меншікке қайтарылды. Қазір ғимараттың шатырын, терезелерін және қасбетін жаңарту жұмыстары басталды.