Кейде БАЛАНЫҢ КӨЗІНШЕ ҰРЫСҚАН да "ПАЙДАЛЫ"

0
3 618

​Отбасындағы ұрыс-керісті баладан жасырған дұрыс па?


Кейде БАЛАНЫҢ КӨЗІНШЕ ҰРЫСҚАН да

фотолар ғаламтордан

Отбасылық ДАУ-ЖАНЖАЛДА ең көп зардап шегетін – бала. Сол себепті де ата-аналар баланы қорғау үшін мейлінше бар жағдайды жасайды. Бірі есікті жауып "сыбырласып" ұрысса, енді бір ата-аналар үнсіз отырып "көзбен" ұрысады.

Алайда бала жаны әлдеқайда сезімтал келеді. Олар отбасындағы қалт еткен нәрсені түсіне қояды. Ендеше отбасындағы ұрыс-керісті баладан жасырған жөн бе? Бұл туралы психолог мамандар төмендегідей кеңес береді.


Балаға білдірмей ұрсудың да ҚАУІПІ БАР

Ешкім ыдыс-аяқ лақтырып, айқайлап жатпаса да үй ішінде «соғыс» болып жатқаны арадағы салқындықтан сезіледі. Мұндай кезде баланың ойы шатаса бастайды. Бала ата-анасын бірдей жақсы көргендіктен оларды ойша ақтап алады. Сондықтан ата-анадан кінә таппай, үйдегі салқындыққа өзін кінәлі сезіне бастайды. Ал мұндай жағдай баланы түрлі күйге түсіреді.

  • Бала тұйықталады

  • Бала мазасыз, ашуланшақ күйге түседі

  • .Жиі суықтап, іші ауырып, аллергия шыға бастайды

  • Өзіне деген сенімділік азаяды

  • Бойын үнемі үрей билеп жүреді


Баланың көзінше ұрсудың тиімділігі

Әрине баланың шындықты білуге хақы бар. Ол да отбасының бір мүшесі болғандықтан үйдегі болып жатқан кез-келген жайттан хабардар болғаны дұрыс. Бірақ ұрыс-керіс себебін бала білуі үшін бірнеше ережені сақтау керек.

  • Бала шындықты білу керек, анасының, әкесінің қандай екенін білсін деп оның көзінше ауызға келгенді айтып, бір-біріне зат лақтыруға болмайды

  • Баланың көзінше «сені жек көремін», «ажырасамыз» деген сөздерді айтуға болмайды

  • Ата-аналар бір-бірін жаман деп айыптамауы керек

  • Ең бастысы баланы ата-аналардың бірінің жағына шығуға шақырмау



Үйдегі ұрыс керіске куә болған баламен міндетті түрде сөйлесіп, отбасы болған соң мұндай жағдайлар болып тұратынын айтып түсіндіру керек. Үйдің үлкендері қанша жерден бір-бірімен ұрысқанымен барлығы да баланы жақсы көре беретінін айту қажет. Сондай-ақ балаға міндетті түрде үйдегі ұрысқа оның қатысы жоқ екенін ескерткен жөн.


Негізі ата-ананың ұрысына қарағанда оның келешекте балаға әсер ететін салдары қорқынышты. Егер бала келешекте мәселені ақылмен шешсін, отбасында үлкен сенім болсын десеңіз онда одан шындықты жасырмаған абзал.

Дайындаған: Эльмира Базарбаева,

ERNUR.KZ.


Тағы оқыңыз: Альфа балалар: 2010 жылдан бастап туған балаларды ҰРУҒА БОЛМАЙДЫ