АНАСЫНЫҢ бұл әрекеті ҰЛ баланың СЕКСУАЛДЫҚ қабылдауын бұзады

0
2 680

Ұл тәрбиелеп отырған аналар осыларды ұмытпауы керек.


АНАСЫНЫҢ бұл әрекеті ҰЛ баланың СЕКСУАЛДЫҚ қабылдауын бұзады

Ұлыңыз бар. Оның ертеңіне алаңдайсыз. Бойына ерге тән мінездерді сіңіруге тырысасыз. Нағыз ер-азамат етіп шығарғыңыз келеді. Сол мақсатта түрлі ақыл айтасыз. Кей жерде қандай да бір әрекет жасаудан тыясыз. Бірақ, білесіз бе,

ұл баланы нағыз ер-азамат етіп тәрбиелеу үшін оған тыйым салу жеткіліксіз. Кей тыйымдарды өзіңізге салуыңыз керек.

Мәселен...


Әкесін жамандамаңыз

Әкенің теріс қылықтарын айту арқылы баланы ол жасаған қателіктерден сақтандырамын деп ойласаңыз, қателесесіз. Сіз қанша жерден «Сен олай қайталама» деп айтқанмен, бала бұл соңғы сөзді емес, алдында айтылған жаман қасиеттерді қабылдайды. Тіпті, күйеуіңіздің үстінен ұлыңызға емес, өзге біреуге шағымдансаңыз да, ол сөздерді бала өзіне қарай бұрып алады.

Жамандығын жасырып, жақсылығын асырып отырсаңыз, ұлыңыз да әкесінің тек жақсы жағын көреді. Көріп қана қоймайды, анасы ризашылықпен айтқан әкесінің бойындағы жақсылықтарын өзіне сіңіреді. Сондықтан, ұлыңыздың бойынан қандай қасиеттерді көргіңіз келсе, сол нәрсені әкесіне теліп, оны мақтай беріңіз.



Сексуалдық қабылдауын бұзбаңыз

Кез келген бала – болашақ ересек адам. Сондықтан, олардың сексуалдық қабылдауына «әлі бала ғой» деп көз жұмып қарауға, мән бермеуге болмайды. Ашық түрде болмаса да, жасырын ғана баланың сексуалдық жағдайын да бақылай жүріңіз. Әсіресе, ұл баланың...

Ер баланың сексуалдық қабылдауының бұзылуына күнделікті өмірдегі мынадай жайттар себеп болуы мүмкін:


• Анасымен бірге ұйықтау;


• Ананың баласының көзінше киініп-шешінуі;


• Ананың балаға деген махаббаты мен сезімін білдірудің жөнсіз, орынсыз түрлері.


Балаға ананың махаббаты керек-ақ. Беріңіз, сезіндіріңіз. Бірақ, дұрыс формада.


Бірінші мәселеге келсек, психологтар ер баланы 2-3 жасынан бастап ана құшағынан ажырату керек дейді. Оны кішкентай деп санасаңыз, тым болмағанда 6-дан асқан соң бөлек жатқызып үйретіңіз.


Екінші мәселеде де өзіңізге қатаң тыйым салыңыз. Ұл бала анасының жалаңаш денесін көрмеуі тиіс. Анасы ғана емес, жас болсын, кәрі болсын, жалпы, әйел балаларының кішкентай баланың алдында киімін ауыстыра салуы үлкен әбестік.


Үшінші айтылған мәселеге үзілді-кесілді тыйым салынбайды. Тек, балаңызға махаббатыңызды білдіруде кейбір әрекеттерден аулақ болсаңыз жеткілікті. Мәселен, ернінен, баланың жыныс мүшесінен (кешіріңіз, бірақ, ондай аналар да бар) сүю секілділер. Балаға анасының махаббатын сезіну үшін жүзінен мейірімін төгіп құшақтағаны, жылы сөзін айтып, бетінен, маңдайынан сүйгені де жетіп жатыр.


Балаға қысым жасамаңыз

Қазіргі қыз-келіншектердің көпшілігінің ішкі рухы да, мінезі де, тіпті біреулерінің физикалық күші де ер-азаматтыкінен кем түспей жатады. Әйелдің мықтылығының кесірі күйеуге ғана кері әсер етпейді, бір ұшы балаға да тиеді. Себебі, ол ержетіп келе жатқан ұлының да әр қадамын аңдып, бақылап, басқарып отырады. Өз бетінше шешім қабылдауына жол бермейді. Ал, бұл – балаға жасалған қысым. Үнемі қыспақта өскен бала болашақта өз бетінше шешім қабылдай алмайтын, өзіне сенімсіз, қолынан ештеңе келмейтін, ынжық, біреуге арқа сүйеп қалған, бейқам болып шығады.

Ұлыңызға қазірден бастап жеке тұлға, естияр азамат ретінде қараңыз. Жасына лайық мәселелерді өз бетінше шешуіне мүмкіндік беріңіз. Өз жолын, таңдауын, пікірін өзі айқындап үйренсін.

Эмоциясын білдіруге тыйым салмаңыз

«Сен жігітсің! Сен үлкен азаматсың! Сен еркексің! Жігіттер жыламайды. Жігіттер көп сөйлемейді, күлмейді. Қыздар сияқты олай етпе»... Осы сынды тыйымдар – балаға өз эмоциясын, пікірін білдіруге, әсерін бөлісуге, ішінде қайнап жатқан энергиясын шығаруға тыйым салу. Нәтижесінде бала жақсы да, жаман да эмоциясын ішіне жұтып, сезімін сыртқа шығара алмай, тұйықталады. Оның ақыры сезімсіз, мейірімсіз ұлға айналдыруы мүмкін.

Бала болған соң жылайды, кейде ойнайды, енді бірде еркелейді. Солай етуге тиіс те. Оны тоқтатпаңыз. Жылағысы келсе, жылап алсын. Тек, әбден ішін босатып алған соң барып не үшін жылағанын сұрап, сырласыңыз. Сонда не болса соған жыламау қажеттігі, жігітше көтеру керектігі, эмоцияны аздап ауыздықтау керектігі туралы ой өсе келе баланың санасына бірте-бірте сыналап өзі-ақ кіреді.


Іс-әрекетіне шектеу қоймаңыз

Әдетте, ұлдар қыз балаға қарағанда бұзығырақ, белсендірек болып келеді. Бір орында тыныш отыра алмайды, көрінгеннің бәріне қызыққыш, ішінде не сыр барын білгісі келіп тұрады. Олардың жаратылысы сондай. Сондықтан, тынымсыз, жыбырлақ, бұзық болғаны үшін баланы айыптап, оның қандай да бір нәрсені жасауына тыйым салсаңыз, жаратылыс заңына қарсы шыққаныңыз.

Есіңізде болсын, ер-азамат – бәрінен бұрын істің адамы. Ол кез келген мәселе не жоспар алдында сезімге берілуді, көпсөзділікті жиып қойып, жан-жақты ойланып, саралап, содан соң шешім қабылдап, іске көшуге, шешуге тиіс. Ал, ұлыңыздың бойындағы жаратылыс берген бұл қасиетін бала кезінде-ақ басып-жаншып тастасаңыз, мәселеңізді шешетін ер-азамат қайдан болсын?


Шектен тыс қамқорлық көрсетпеңіз

Бала – сіздің бауыр етіңіз. Оның дұрыс дамуына, денсаулығына, тәрбиесіне – бәріне өзіңіз жауаптысыз. Осы жауапкершілікті артығымен сезінген аналар әдетте ұлын бәрінен қорғайды. Күннен де, желден де, өсе келе елдің сөзінен де, шалыс қадамнан да, қателесуден де... Қамқорлық шектен шығып кетсе, балаға пайдасы емес, керісінше, зияны басым болады. Үйленіп, үй болатын жасқа жеткенде жігерсіз, ынжық, өз көзқарасы мен пікірі қалыптастапаған, отбасы жауапкершілігін арқалай алмайтын ұлыңыздан қамқорлығыңыздың қара көлеңкесін көресіз.

Жақсы болсын деп жасаған ісіңіз жамандығын алып келмесін десеңіз, балаңызды тәуелсіз болуға тәрбиелеңіз. Өз жағдайын өзі қамдауды үйренсін. Сонда уақыты келгенде сізге де қамқор бола алады.Дайындаған: А. Мейірхан,

ERNUR.KZ