Ата-ана БАЛАСЫНАН нені ҚҰПИЯ ұстауы тиіс

0
2 969

Өзіңізге ұнамағанды баланың көзінше айтпаңыз...


Ата-ана БАЛАСЫНАН нені ҚҰПИЯ ұстауы тиіс

Әрбір ата-ана баласын шыншыл, адал болуға тәрбиелейтіні анық. Ол үшін өзі де баламен шынайы болуға, шындықты айтуға тырысады. Бірақ бәрібір кейде балалардан да жасыруға тура келетін, олар білмеуі тиіс дүниелер бар.

Ендеше балалардан нені, қандай жайттарды құпия ұстау керек?


Ата-анасының жыныстық қатынасы

Ата-ананың жыныстық қатынасы бала үшін құпия болып қалғаны жөн. Тіпті балаңыз есейіп ержетіп жыныстық қатынас туралы әңгіме қозғау керек болса да, ешуақытта өзіңізді мысалға келтіре айтушы болмаңыз!

Тағы бір қатаң тыйым – бала алдындағы сексуалды көрініс. Яғни ішкиіммен бала алдында жүрмеңіз! Әсіресе анасы ұлының, әкесі қыз баланың алдында. Баланы кішкентай немесе өзім туғанмын, онда тұрған не бар деген ой сананы билеп, шатаса көрмеңіз. Сондай-ақ баланы ес білгеннен (мамандар 2,5-3 жас деп болжайды) бөлек жатқызып, жатын бөлмеңіздің есігін бекітіп алған дұрыс. Бала ыңғайсыз сәттің үстінен түсіп қалмасын.

Тағы бір айта кететін жайт, ата-аналар баланың алдында бір-бірінің ернінен сүймегені абзал. Әрине, құшақтап, беттен сүйуге болады. Бірақ оның өзінен бір-біріңізге деген құштарлық емес, мейірім, жылылық көрініс бергені жөн. Ата-ана бала үшін үлгі. Егер ата-анасының жыныстық қатынасы немесе осыған ұқсас өзге де жайттарын бала көріп өссе, бұл оның жүйкесіне, тәрбиесіне кері әсерін тигізері сөзсіз.


Зиянды әдеттер

Ата-ана балаға әлеуметтік желінің, гаджеттердің, тәттінің, газды сусынның, темекінің т.б зиянды екенін айтудан еш шаршамайды. Алайда тыйым салынған жайттарды, өзіңіз жасайтын болсаңыз, онда балаға айтқанның тиімділігі аз болады. Әсіресе мектепке дейінгі балаларға өзіңізді дұрыс жағыңыздан, яғни, балаға тыйым салған жайттарды жасамай, үлгі көрсетуіңіз қажет. Ал жасөспірім балаларды алдаудың еш маңызы жоқ. Егер өзіңіздің зиянды әдеттеріңізден арылуыңыз қиын болса, онда мұның қандай жаман екенін, өмірді қиындататыны туралы айтып, түсіндіруге тырысу керек.


Қорқыныш

Әрбір ата-ана баласы үшін, оны жеке өзімен-өзі болуға жіберуге қорқады. Әрине, бұл ата-ана үшін қалыпты. Мысалы кешкісін көшеге, серуенге шығаруға бұзақылардан, тауға, тасқа саяхатқа жіберуге түрлі қауіп қатерден, т.б жағдайлардан қорқамыз. Егер балаға әрдайым өз қорқыныш, үрейлеріңіз жайлы көп айтатын болсаңыз, онда ол өмірді тек қатыгездік пен қорқыныш деп қабыл алады. Нәтижесінде бала бойында шектен тыс қаталдық немесе өз-өзіне, өз күшіне деген сенімсіздік пайда болады.

Бала өмірге ата-анасының көзқарасымен қарайды, олардың қиын, күрделі, мәселелерге қалай қарайтыны балаға тікелей әсер етеді. Сондықтан баланы дұрыс іс-әрекетке үйретіңіз. Мысалы, «иттер өте жаман, қабаған келеді, оларға жолама, өткенде ғана бір баланы талап тастады» – бұл қорқынышпен айту. Ал осыны жайлы, жұмсақ етіп жеткізіп, баланы үрейлендірмей-ақ иттен қорғанып жүруге үйретуге болады. Мысалы, «Иттер – мейірімді, ақылды келеді, бірақ оларды ызаландыруға немесе басынан сипап жолауға болмайды, бұл оларға ұнамауы мүмкін».


Ата-ананың қарым-қатынасындағы мәселелер

Күйеуіңізбен арадағы қандайда бір келіспеушілік, ұрыс-керіс мәселелері болса да бұл туралы баланың білмегені абзал. Әкелерің мына ісі дұрыс емес, деп бала алдында ашумен түрлі жаман сөздер айтылып кетуі мүмкін. Мұндай әркет баланың өзіне жақын екі жанның арасында таңдау жасауына алып келеді. Яғни, анасы тарапынан әкесіне қатысты үнемі жағымсыз сөздер еститін балаға екеудің бірін таңдауға тырысады. Бұл өте қиын және өте ауыр таңдау.

Ата-ана қарым-қатынасындағы мәселені бала тек бір ғана жағдайда біле алады. Ол ата-анасы ажырасып бөлек кетуге шешім қабылдағанда. Оның өзін балаға сыпайылап, әкесін жаманатты етпей жасаған дұрыс.


Сенімсіздік

Кейде ата-аналар бала тәрбиесінде, өз ісінің дұрыстығына сенімсіздік танытып жатады.

Мысалы, құрбысымен жіберем деп алып, мектебін ауыстыра отырып, ойыңыз сан-саққа жүгіреді, дұрыс жасадым ба деген сенімсіздік сананы билейді. Алайда балаға өз сенімсіздігіңіз туралы айтудың қажеті жоқ. Шешім қабылдап, ойыңызды балаға айтып, рұқсат беріп қойған соң, оны қайта өзгертуге тырыспаңыз! Себебі баланың түсінігінде ата-ана ең мықты, күшті және әрдайым қорғаушы жан болып саналады.


Өзгенің құпиясы

Балаңыздың тәрбиешісі, апайы немесе досының анасы туралы біршама жайттарды білесіз, бірақ ол туралы баланың көзінше өзгелермен, тіпті күйеуіңізбен де талқылауға болмайды. Мұның негізгі екі себебі бар. Біріншіден, бала естігенін көпшілік алдында айтып қойып ұятқа қалдыруы мүмкін. Екіншіден, балада өзгелердің сыртынан айтатын әдет қалыптасуы ғажап емес.


Балаға көңілдің толмауы

Баланы қанша жанымыздан артық жақсы көрсек те, кейде мінезі ашу туғызады, ренжітеді, көңілді қалдырады. Алайда мұндай жағдайды жұбайыңызбен бірге шешкен жөн. Ұнамайтын, ашу туғызатын жақтарын балаға тікелей айтпаған жөн.


Туған-туысқа деген жағымсыз ойлар

Ененің келінге, күйеу баланың қайынжұртқа барлық жағынан ұнауы қиын. Ересектер арасындағы келеңсіздікке балаларды араластырмаған дұрыс. Яғни, бала ата-әжесі немесе әкесінің, анасының туысқандары туралы жағымсыз сөздерді, олар туралы теріс пікірді ата-анасының аузынан естімегені дұрыс. Туған туысты бала алдында сөгуге, сыртынан ғайбаттауға болмайды.


Оқи отырыңыз: Бала қымбат зат әперуді сұраса не істеу керек - АТА-АНАЛАРҒА КЕҢЕС

Дайындаған: Э. Базарбаева

ERNUR.KZ