Балаға өбектеймін деп өкініп қалмайықшы!

0
1 979

Балаға тым өбектейміз деп, оларға бәрін береміз деп жүріп, өмірде өздерінің жеке қиындықтары болатындығын, соған да дайындауымыз керек екендігін ұмытып бара жатқан жоқпыз ба? Тізесін жарақаттап алса да жанымыз шыға жаздайды. Бірақ өмірде тек тізге ғана жаралана ма? Ол жүрек жараланып, көңілге дық түскеннің қасында түк емес екенін аздап болса да түсініп келе ме? Жүрек жараланбай, көңілге дық түспей, өмірде сүрінбей өту мүмкін де емес қой. Онсыз болмайтынын балаға қаншалықты үйрете алып келеміз?!​​


Балаға өбектеймін деп өкініп қалмайықшы!

Балаға тым өбектейміз деп, оларға бәрін береміз деп жүріп, өмірде өздерінің жеке қиындықтары болатындығын, соған да дайындауымыз керек екендігін ұмытып бара жатқан жоқпыз ба? Тізесін жарақаттап алса да жанымыз шыға жаздайды. Бірақ өмірде тек тізге ғана жаралана ма? Ол жүрек жараланып, көңілге дық түскеннің қасында түк емес екенін аздап болса да түсініп келе ме? Жүрек жараланбай, көңілге дық түспей, өмірде сүрінбей өту мүмкін де емес қой. Онсыз болмайтынын балаға қаншалықты үйрете алып келеміз?!

Мына бір ой салар ғибратты әңгімені оқығанда бала тәрбиесіндегі амалдарымды өзгертуге, қайта қарап шығуға тура келді. Тым өбектеп, балаларымды күйрек етіп жібермеу үшін жадыма түйіп алдым.

Бірде Жаратушыға бір әйел келіпті. Үлкен қап арқалаған әйелдің белі ауыр салмақтан майысқанын көрген Жаратушы:

- Шаршадың ба? – деп сұрайды. – Қабыңды қой да, аздап дамылдасаңшы.

- Жоқ, мен аз ғана уақытқа аялдаймын, - деп қарсы болды әйел. – Бір өтініш айтамын да кетемін. Мен бұл жерде отырып қалсам, үйімде бір жағдай орын алса ше? Онда өзімді кешірмеймін ғой...

- Өзіңді кешірмейтіндей не болуы мүмкін?

- Мысалы, балама бірдеңе болып қалса... Айтпақшы, мен сол балам үшін келдім. Баламды сақташы, Жаратушым!

- Мен де солай етіп жүрген жоқпын ба? – деді Жаратушы. – Әлде менің құдіретіме күмәнің бар ма?

- Жоқ! Бірақ... мына өмірде қаншама қауіп бар. Басқалардың әсері, аяқ астынан болатын оқиғалар... Ал ол қазір бәрін байқап көргісі келетін жаста. Қызықпайтын нәрсесі жоқ. Ол сүрініп қала ма деп қорқамын. Сол үшін жаны ауырса, мен қалайша шыдап тұрмақпын?!

- Сүрінсе несі бар?! Есесіне келесі жолы аяғын аңдап басып, сабақ алады. Қатесін түзейді. Жаны ауырған қандай болатынын түсінеді, - деді Жаратушы. – Бұл өте қажетті тәжірибе. Оған неге үйреткің келмейді?

- Оның тәні де, жаны да ауырғанын қаламаймын, - деді әйел ышқына сөйлеп. – Көріп тұрсың ба, мен үнемі бір қап сабан арқалап жүремін. Ол құласа тәні ауырмас үшін айналасына төсеп тастаймын.

- Сонда сен балаңның айналасына сабан төсеп тастағанымды қалайсың ғой, солай ма? Жақсы. Онда, қара!

Сөйтті де Жаратушы бір сәтте сабанды жаратып, оны әйелдің баласының әлеміне жіберді. Әйелдің баласының айналасының бәріне сабан төсеп, айналаның бәрінен жасырып тастады. Тіпті, күнделікті тіршіліктен де. Әйел Жаратушының қасында тұрып баласының сабан арасынан әлемге қарай шықпақшы болып барын сала әрекеттеніп жатқанын көрді. Себебі, балаға қоршау сабанның ортасында отырған емес, оның сыртындағы әлемді көріп таныған әлдеқайда қызықты да қажетті еді. Бала сабанды бар күшін салып сыпырып тастамақ болды. Ақырында ашуланып, кеудесі ызаға толды. Бір кезде қайдан алғаны белгісіз, сіріңке тауып, сабанды өртеді де жіберді. Лап еткен жалынмен бірге түтін будақтап, әйелге баласы көрінбей қалды.

- Балам! – деп айқайлады әйел. – Мен бара жатырмын! Сені құтқарамын!

- Не істейсің? Қабыңдағы сабанды төсейсің бе тағы? – деп сұрады Жаратушы. – Есіңде сақта! Ата-анасы баласының айналасын қанша жұмсақ етіп сабанмен толтырса да, балада сол жұмсақтан арылуға, арасынан шығуға деген қалауы күшейе түседі. Егер одан шыға алмаса, адам бар өмірін өртке орай салуы мүмкін. Себебі, ол еркіндік пен жан ауыруы дегеннің не екенін білмейді. Сен мына қаптағыны сабан деп ойлайсың ба? Жоқ, бұл жұмсақ сабан емес, балаң үшін жинаған қиындықтарың! Мұның ішінде өзің қорқатын қауіптің барлығы бар. Бұл – сенің қорқынышың толған қап! Сенің ойыңның әсерінен пайда болған, содан қуат алған қиындыққа толы қап... Оны өзің де сезесің... Сондықтан да сен соншалықты мазасызсың, жаның жай таба алмайды.

- Сонда мен баламды ойламауым керек пе?

- Ойла! Қанша ойлағың келсе де, шектеу жоқ. Өйткені, сен – анасың! Бірақ артық қауіптенбегенің, күмәнданбағаның жөн. Сенің балаңа мен де қарап жүрген жоқпын ба? Менің де өз міндетімді атқаруға кедергі жасама. Бірақ... Бұл енді сенің қаншалықты сенгеніңе байланысты...

Тап осы мысалда айтқандай, балаларымыз үшін артық әбігерленіп, өбектеп кететініміз шындық қой...

Біреу баламызға қаттырақ сөйлесе, сонымен жағаласа кетуге дайынбыз. Өзіне қатты сөйлегенді қазір қабылдай алмаса, ертең тағдыр алдына түрлі қиындықты тосқанда күйреп түспей ме? Морт сынбай ма?

Өз қателігін қазір мойындап үйренбесе, өмір өзі-ақ мойындататын сәттер болады. Сол кезде әлдеқайда ауыр тиеді. Сонда оған төтеп бере ала ма? Дәрменсіздігінен өзін-өзі "өртеп" жібермей ме?

Расында да баламыздың құлайды-ау деген жеріне жұмсақ сабан төсегенше, қалай дұрыс құлап, қалайша бірден тұрып кетуге күш салуымыз керек екен-ау. Мүмкін болғанынша, құламаудың амалын үйретсек қанекей?!

Ә.Уалиханқызы