Баланы қателік жасағаны үшін ЖАЗАЛАУҒА бола ма?

0
4 324

Жазалаудың баланы ұрудан басқа қандай жолы бар?


Баланы қателік жасағаны үшін ЖАЗАЛАУҒА бола ма?

Соңғы уақыттары әлеуметтік желілерде баласын ұрып-соққан ата-аналардың бейнежазбасы жиіледі. Әр көрген сайын қоғам «Осылай етуге де бола ма екен?» деп өре түрегеледі. Психологтар да әр баланың жеке тұлға екенін, олардың да өзгелермен тең құқықтары мен бостандықтары барын айтып, ешкімнің, тіпті өз ата-анасының ұрып-соғуына болмайтынын айтып дабыл қағуда.

Алайда, арамызда әлі де баланы ұру арқылы тәрбиелеуді дұрыс санайтындар баршылық. «Бізді де бұзық болсақ, шектен шықсақ, әке-шешеміз ұрды, одан жаман болған жоқпыз», «Мен де балаларымды арасында ұрып жіберемін, бірақ денесіне зақым келтіретіндей емес, онда тұрған ештеңе жоқ» дейді олардың дені. Ал енді бір топта «Сонда бала айтқанды тыңдамаса, мүлдем тіл алмаса, қиқарланып жөнге көнбесе не істейміз? Қалай тәрбиелейміз?» деген сұрақ туады.

Жауап біреу - мұндай теріс мінез-құлқы үшін «жазалау» әдісін қолданыңыз. Бірақ, қол жұмсау, денесіне соққы тигізіп, жанына батыру арқылы емес.

Ең алдымен қандай жағдайда жазалауға болады, қай жағдайда болмайды, соның ара жігін ажыратып алайық.


Баланы мынадай әрекеттері үшін жазалауға болмайды:

• қолынан келмейтін нәрсені жасамағаны үшін

• өзіңіз жасап, бірақ баланың жасауына тыйым салған істі жасағаны үшін

• топырақпен ойнау, ойыншықтарын сындырып, ішін зерттеу секілді қызығушылықтарын қанағаттандырғаны үшін

• ауыру, шаршау себепті өзін нашар ұстағаны үшін

• эмоциясын білдіргені үшін (ашулануына болады, бірақ, ашуланып біреуді ұруына болмайды)

• абайсызда жасалған әрекеттері үшін (төгіп алу, сындырып қою)

• жақсы ниетпен жасаған істері үшін (сізге көмектескісі келіп, кедергі жасауы)


Қандай іс-әрекеті үшін жазалау керек?

• біреуге әдейілеп зиян келтірсе

• ұрлық жасаса

• қауіпсіздік ережесін біле тұра, бұзса

• алдын-ала айтып түсіндірілген, өзі білетін шекараны бұзса

• өтірік айтса

Міне, осындай іс-әрекеттерді алдағы уақытта қайталамауы үшін, келесі жасар алдында ойлануы үшін баланы жазалау керек. Бірақ, жазаны дұрыс әрі әділ тағайындау аса маңызды. Бала өз кінәсін түсінуі, мойындауы және жазасын лайықты деп санауы, қабылдауы қажет. Бұл да жазаны тағайындаушы ата-ананың мойнына артылатын жүк. Жазалау әдісін дұрыс қолданбау жас жеткіншектің жанын жаралап, өзіне деген сенімділігіне, ортамен қарым-қатынасына кері әсер етеді. Сондықтан, бойыңызды ашу, ыза сияқты жағымсыз эмоция билеп тұрғанда жазалауға асықпаңыз. Жазалау жолын ойлану үшін өзіңіздің сабырлы және қалыпты эмоционалдық күйде болғаныңыз абзал. Көпшіліктің көзінде жарияламаңыз және жазаламаңыз. Сондай-ақ, жазаның бала жасына сай болуын да ескеріңіз. Айыбын өтеу уақыты аяқталған соң баламен тіл табысуға асығыңыз.


Дұрыс жаза түрлеріне мысалдар:

• шектеулер енгізу (мәселен, күніне 2 мультфильм орнына 1 көру, 2 сағаттық ойын орнына 1 сағат қана ойнау деген секілді

• баланың ұнататын нәрсесін жасамау (жоспардағы қыдыруды кейінге қалдыру, сүйікті тамағын әзірлемеу, т.с.с.)

• жауапкершілік алғызу (бүлдірген нәрсесін өзіне жөндету, шашқанын жинату, біреуді ұрса, кешірім сұрату сипатында)

• уақытпен жазалау (бірнеше уақыт бір орында не бөлмеден шықпай отыруды, ойланып, жасаған ісіне баға беруді талап ету)

Міне, осы секілді жазалар баланың өзін бағалауына, өзіне деген сеніміне, ата-анаға деген махаббатына кері әсерін тигізбейді. Есесіне, оның тұлға ретінде қалыптасуына, қажетті дағды мен жауапкершілік қалыптастыруына түрткі болмақ.

Балаңызды осы уақытқа дейін қанша рет, қандай дәрежеде ұрсаңыз да, өзіңізді түзетуге әлі де кеш емес. Баланы күшпен емес, ақыл мен білім көмегімен тәрбиелеуге тырысыңыз.

Дайындаған: Бек Керім,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:


Балаңыз көпшілік ортада өзін дұрыс ұстай біле ме?