Баланың дарынды болуы туабітті қасиет пе әлде тәрбие нәтижесі ме?

0
9 327

Баланы тәрбие арқылы дарынды ете аламыз ба?


 Баланың дарынды болуы туабітті қасиет пе әлде тәрбие нәтижесі ме?

Баланы дарынды етіп тәрбиелеуге бола ма әлде ол тек қанмен берілетін қасиет пе? Бұл қазіргі көптеген жас ата-аналарды мазалайтын тақырыптардың бірі десек қателеспейтін болармыз. Себебі баласын түрлі үйірме, қосымшаларға тасып жүрген ата-аналарды жиі көреміз. Бұл дұрыс па? Баланы тәрбие арқылы дарынды ете аламыз ба? Әлде ол тек қан арқылы берілетін қасиет пе?


Дарын — адамның белгілі бір дүниеге психологиялық қабілеттілігі. Негізі, жалпы адам баласы табиғатында қабілетсіз болмайды. Тек бірінің қабілеті жоғары, екіншісінікі орташа немесе төмен болады. Көптеген зерттеулер дарындылықтың туа бітетін қасиет екенін мойындай отырып, адам қабілеттілігінің дамуына білім мен тәрбиенің, еңбектің, қоршаған ортаның зор ықпалының бар екенін айтады.


Дарынды адамдардың қандай артықшылығы бар?

Креативті ойлау

Сұрақ пен тапсырмаға әдеттен тыс жауап табу. Жаңа бір тәсіл, амал ойлап табуға тырысу.


Белгілі бір салада нәтижеге жету

Негізі дарын өнер немесе ғылым секілді белгілі бір салада көрінеді. Кейбір балалар жақсы оқуға тырыспағанымен өзінің сүйікті пәніне баса назар аударады. Көптеген табысты, танымал жандар жоғарғы оқу орны тұрмақ мектепті де толық бітірмеген. Мәселен, Microsoft негізін қалаушы Билл Гейтс жоғарғы оқу орнына түспеген, ал Эйнштейн бастауыш сыныпта өте нашар оқып, артта қалған оқушы саналған екен. Орыс халқының жазушысы Максим Горький тек екі сынып оқып, әлемге танымал жазушы, классик атанған. Сондықтан ата-ана баланы барлығынан жақсы оқуға міндеттемеу керек. Туабітті қасиетін шыңдауға көмектескені дұрыс.


Ұғып алуға икемділік

Дарынды адамдар өз саласын түйсікпен сезіне алады. Түрлі қателіктер жіберіп, кедергі көп болса да өз дегеніне жетпей қоймайды. Мұндай жандарды ой санасы басқарады. Адамдарға пайдалы, таңғаларлық, қызықты іс істеу жолында барын салады.


Табандылық

Дарынды жан тарихта ізін қалдыру үшін, батыл, өжет болуы керек. Дарынды тұлғалар арасында әлсіз, мінезсіз жандар жоқ. Бүкіл әлем танитын тұлғалардың көпшілігі жетістікке еңбектің, қайсарлық, табандылық арқасында жеткенін айтады.


Өзіне деген сенімділік

Дарынды жандар жаңа нәрсені жасауға әуес. Олар қоғамға қандай да бір пайдалы іс істеуге тырысады. Әрине, дарынды жандар алға озып жүргендіктен олардың жасаған істері үнемі мойындала бермейді. Бірақ олар сонда да қайтпайды. Жеңіліс туралы мүлде ойламайды. Қажетті нәтижеге қол жеткізу үшін түрлі амал-тәсіл жасап көреді.


Түйісігіне сенеді

Көптеген дарынды, ұлы адамдар сәуегейлік түстер, елестер көреді. Мәселен Менделеев элементтер кестесін түсінде көрген екен. Дарынды жандар өзінің ішкі даусын ести біледі және түйсігіне сеніп әрекет жасайды.


Дарынды баланы қалай тануға болады?

Дарынды балаларды ерекше деп санауға болады. Олардың өз ойы, өз ұстанымдары болады. Ойлары жалпы жұрттың ортақ шешімінен ерекшеленіп тұрады. Дарынды балалардың қызығатын заттары ата-анасына, достарына түсініксіз болуы мүмкін. Баланың дарындылығын мына белгілерге қарап тануға болады:


Білуге құмарлық

Дарынды балаларға барлық нәрсе қызық. Сондықтан олар үнемі сұрақ қоюдан шаршамайды, жаңа нәрсенің барлығын білгісі келіп тұрады. Мұндай кезде ата-ана сұрақтан шаршамай балаға толық, анық жауап бергені дұрыс. Бұл баланы білімге тартудың дұрыс жолы. Егер бала тым көп қызығушылық білдіріп, шектен тыс сұрақтармен шаршатса, мамандар баланы оқуға үйретуге кеңес береді. Сол кезде сұрақтарының жауабын өз бетінше тауып үйренеді.


Жасына сай келмейтін дағдылар

Бойында ерекше дарыны бар бала ата-анасының көмегінсіз-ақ, қатарластарына қарағанда ерте жастан сөйлеп, жазып, оқи бастауы мүмкін.


Қатарластарымен араласуға құлықсыз

Болашақ данышпандар өз қатарластарынан өзгеше, ойлау қабілеті жоғарылау болғандықтан олармен араласуға құлықсыздық танытады. Қызықты пайдалы ақпарат ала алмағандықтан қатарластарымен араласу қызықсыз болады. Сондықтан дарынды бала ересектермен сөйлескенді дұрыс көреді.


Ерекше қызығушылық

Дарынды балалардың хоббиі ерекше болады. Олар өзге балалар қызыққан нәрсеге мүлде қарамайды. Мәселен, қатарластары әлеуметтік желіден бас алмай жүрсе, дарынды бала Менделеев кестесін қарап, әлем елдерінің туының түр-түсін, тағы басқа қарауы мүмкін.


Әзілге жақын

Негізі дарынды балалардың барлығы әзілге жақын болады. Әзілдей біледі және өзгелердің мысқылын жақсы түсінеді.


Сөзшеңдік

Дарынды балалардың сөздік қоры өте мол және ойында көптеген нәрселер бар. Ол оны өзгелермен бөліскісі келеді. Көп сөйлейтін балалар екі жасар кездің өзінде-ақ қиын сөйлемдердің басын құрай біледі. Бірақ, осыған кереағар мүлде сөйлегісі келмейтін дарынды балалар да болады. Бұл тұлғалық ерекшелікке байланысты.


Дұрыс ата-ана

Егер баланың ата-анасы білімді, кемелденген, материалдық жағынан табысты жандар болса, онда оның үлгі алатын адамы бар. Дарынды баланың ата-ананың да дарынды болуы шарт емес. Мұнда кейде дұрыс тәрбие мен ата-ананың балаға деген қарым-қатынасы да үлкен рөл атқарады.

Қызықты мәлімет: Көптеген дарынды жандардың жазуы өте нашар келеді. Мұның себебі, олар ойындағысының барлығын жылдам қағазға түсіріп алуға тырысады. Сондықтан оның әдемі, көркем жазылуына мүлде мән бермейді.


Дарынды балалармен не істеуге болмайды?

Егер балаңыздың бойынан қандай да бір дарынды байқасаңыз, онда мына қателіктерді жасамаңыз:

  • Балаңыздың дарыны қаншалықты бірегей болса да, сізге қандай ақылды көрінсе де, қаншама формуланы жатқа білсе де, бірінші кезекте, оның бала екендігін ұмытпаңыз. Оның өте жоғары интеллектуалды қабілеті бар болса да, эмоциялық деңгейде ол барлық балаларға қажетті нәрселерге мұқтаж.
  • Дарынды балалары өсіп келе жатқан көптеген ата-аналар балаға кедергі келмес үшін көптеген заттарға шектеу қояды. Яғни, баланы толықтай оқуға отырғызады. Әсіресе, қоғаммен араласуға шектеу қойып жатады. Кішкентайынан басқа балалармен араласып өспеген бала, есейгенде қаласа да, оларда араласу, басқалармен ойнау, байланыс икемі және басқа қызмет саласына ауысу икемі болмайды. Бала көптеген еңбекпен өз саласында мақсатына жеткенде, ары қарай не істейтінін білмей қалуы мүмкін. Сондықтан балада дарынымен байланысты пәнге, іске қатысы жоқ басқа да әуесқойлығы болғаны дұрыс.
  • Баланың жеке оқу бағдарламасын жасап беретін педагог маман табу керек. Мұғалімнің тек қана біліміне емес, сонымен бірге баламен қарым қатынасына да ерекше мән берген дұрыс. Тым қатал немесе жағымсыз мұғалім баланың ықыласын құртуы мүмкін.
  • Баланың ерекшелігін көпшілік алдында көрсете бермеген дұрыс. Бұл қатарластары мен олардың ата-анасының қызғанышын тудырып, жақсы дос табуға кедергісін тигізеді.


Дарынды баланы тәрбиелеудегі ерекшеліктер

Дарынды баланың тәрбиесі ата-ана үшін қосымша жүктеме. Бірақ бала үшін де мұндай ақылды белсенділік күйзеліс екенін ескеру қажет. Кез келген дарынның «жанама әсері» болады.

Бала бойындағы дарынды неғұрлым ертерек анықтаса, оны жетілдіру оңай. Мысалы, шығармашылықты 3-4 жастан, музыканы – 1,5 жастан бастап дамытуға болады.

Баладан үнемі бір жетістік пен нәтиже күтпеу қажет. Оған сүйіспеншілікпен, еркін оқуға мүмкіндік берген жөн. Ешқашан бопсалап, қысым көрсетуге болмайды.

Неғұрлым баланың қабілеті мен талантын дамытуға ертерек көңіл бөлінсе, соғұрлым оны толық ашуға мүмкіндік туады. Сонымен бірге отбасында жайлылық, сенім болуы керек. Ата-ананың қолдауын, махаббатын сезінген баланың ой өрісі жақсы дамиды.


Әрбір ата-анаға дарынды, қабілетті және бақытты бала тілейміз!


Дайындаған, Эльмира Базарбаева,

ERNUR.KZ.