​Балаңыз басқаларға әлімжеттік көрсетсе, не істеу керек?

0
3 084

«Менің балам мықты» деп мақтануға болмайды


​Балаңыз басқаларға әлімжеттік көрсетсе, не істеу керек?

Баланы аулаға ойнауға, балабақшаға, мектепке, т.б. ортаға жібергенде ол үшін уайымдаймыз. Оған ешкім тиіспесе екен дейміз. Басқалардан қорғануды, таяқ жеп қалмауды, тиіссе, қарап тұрмауды үйретеміз. Алайда сол сәтте «Менің балам басқаларға әлімжеттік көрсетуі мүмкін ғой» деген ой үнемі келе бермейді. Сәйкесінше, «ешкімді ұрма, біреудің затын алма» деп үйрету де аз. Ол былай тұрсын, өз ұл-қызының басқа балалардан күші не мінезі өктем түскенін білген кей ата-ана тіпті «Менің балам мықты» деп мақтаныш ететінін қайтерсің. Ондай әрекеттің дұрыс емес екенін мойындағандардың өзі бірінші кезекте «Менің балам өйтуі мүмкін емес, ондайға үйретпеп едік» деп ұялып, бетін баса қалады.


Балалар арасында буллингтің өршіп тұрған мәселе екені айқын. Бұл мәселеде жәбірлеуші де – бала, жәбірленуші де – бала. Сіздің перзентіңіз осы екі кейіпкердің кез келгені болуы мүмкін. Әрине, «Қарға баласын аппағым дер». Әйткенмен, балаңыз агрессор болып шықса, басқаларға әлімжеттік көрсетсе, мұның мықтылық емес, жөнсіздік екеніне көз жұма қарамау керек. Балаңыздың мұндай әрекетке жол беруіне өз қатысыңыз бар екенін мойындап, қатемен жұмыс істеу – міндетіңіз.


Қандай балалар буллерге айналады?

  • Ешқандай тыйым көрмей өскен балалар;
  • Отбасындағы трмыстық зорлық-зомбылықтың, әлімжеттіктің куәсі не құрбаны боп өскен балалар.
  • Ата-анасының гиперқамқорлығын көрген балалар;
  • Өзін тым жоғары бағалауға үйренген, өзін шектен тыс жақсы көретін, эгоистігі басым балалар;
  • Қызуқанды, аяушылықты білмейтін балалар;
  • Жекпе-жек спорт түрлерімен айналысатын балалар;
  • Өзі де буллинг құрбаны болған балалар;
  • Стресске бейім, аз қамтылған отбасынан шыққан балалар;

Балаңыз басқаларға әлімжеттік көрсететін әрекеттердена аулақ болсын десеңіз, оны бірінші кезекте осындай себептерден сақтаңыз. Баланы бетімен жібермей, шекара, ереже, тәртіп ұғымдарын берік ұстануға үйретіңіз. Басқалардың сезіміне мән беруге, пікірімен санасуға дағдыландырыңыз. Еңбекке, басқаларға жәрдемдесуге дайын болуға баулыңыз. Кез келген конфликт жағдайында өзінің жағын ғана емес, қарсы жақтың да жағдайына түсінікпен қарауды, шешім екі жаққа да жайлы болуы керегін түсіндіріңіз. Көшедегі конфликті айтып келсе, «Өзің шешіп ал», «Өзіңді өзің қорға» деп басыңызды ала қашпаңыз. Асықпай тыңдап, бәрін саралап, балаңыздың байқамай, ескермей тұрған тұстары болса, оны көрсетіңіз. Оған да, қарсыласына да зиян келмейтіндей шешімді бірге іздеңіздер немесе бірнеше нұсқасын ұсыныңыз.


Егер бұл әрекеттерді жасауға кеш қалып, балаңыз агрессорға, буллерге айналып үлгерген болса ше?

  • Кінә сіздің балаңыздан болса, әрекеті үшін жауапкершілікті де өзі арқалауы керек. Жөнсіз әс-ірекет жазасыз қалмауға тиіс. Бала үшін ең бірінші жауапкершілік – өзінің дұрыс еместігін мойындау, кешірім сұрау. Кешірімді міндеттеп, зорлап сұратпаңыз. Алдымен өзінің кінәсін толығымен түсінетіндей әңгімелесіңіз. Өз ісіне шынымен өкініп, шынайы кешірім сұрасын.
  • Одан кейінгі қадамы – келтірген зиянның орнын толтыру. Мәселен, ренжітіп, жылатып қойса, сыйлық беріп, бірге ойнап, т.б. әрекеттермен қайта көңілін көтеру. Ұрып, зақым келтірсе, ата-анасының көмегімен медициналық көмек ақысын төлеу, дәрі-дәрмек әперу. Затын бүлдіріп қойса, жөндеу не жаңасын әперу, т.с.с.
  • Одан бөлек, өз араларыңызда жаза тағайындаңыз. Мәселен, белгілі бір уақытқа тәттіден шектеу, достарымен ойнауға тыйым салу, гаджеттерден қол үзу, т.с.с. Егер бұл баланың бірінші агрессиялық әрекеті болса, «қайталамаймын» деген уәдесі жеткілікті. Екінші рет қайталанып тұрса, жеңілдеу жаза қарастыруға болады. Бірнеше рет қайталанса, жазасы да есте сақталатындай ауырлау болғаны абзал. Тек, ұрып-соғу, ұрсу амалдарына жүгінбеңіз. Тыйым салу, шектеу қою, қосымша жүктеме арту сынды жазалар орынды болмақ.
  • Бойындағы агрессиясын, артық энергиясын жұмсайтын іспен шұғылдануына жағдай жасаңыз. Спортпен айналысу, волонтерлер тобына қосылу, үй шаруасына көмектесу, т.б. Уақытын немен, қалай өткізіп жатқанын бақылауда ұстаңыз.
  • Атыс-шабыс, қантөгіс, басқа да жаман әрекет, жағымсыз мінездерді көрсететін фильмдер мен ойындарға тыйым салыңыз. Оның орнына жақсы нәрсені насихаттайтын туындылар ұсыныңыз.
  • Балаңызбен жиі әңгімелесіңіз. Мектептегі жаңалықтарын, достарымен арада болған жағдайларын тыңдаңыз. Айтқысы келмесе, жайлап суыртпақтап, бірте-бірте үйретіңіз. Дереу дүрсе қойып ұрсуға дайын тұрмасаңыз, түсіністік танытсаңыз, ақыл-кеңес беріп, өзін барлық жағдайда қолдайтыныңызды білдірсеңіз, бала да ештеңе жасырмай, бәрін айтатын болады.
  • Балалар әдетте әлімжеттікті топтасып жасайды. Біреулері көмектеседі, біреулері қолдайды, енді біреулерінің қарсы тұрмай, үнсіз қарап тұруының өзі буллерге көмек. Осындай «көмекші» балалардың ата-анасымен байланысқа шығып, түсіндіру жұмыстарын бірге жасауға шақырыңыз. Қатты агрессор достары болса, олармен араласуына тосқауыл қойыңыз.
  • Мұғалімдерден, мамандардан көмек сұраңыз. Мектепте буллинг жайлы, оның зияны туралы, адамгершілік құндылықтар жайында бейнероликтер көрсетіп, семинар-тренинг, т.б. шаралар ұйымдастыруға мұрындық болыңыз.
  • Жағдайға еш қатысы жоқ үшінші жақтың адамын көмекке шақырыңыз. Ол атасы, апасы, басқа да жақын адамы бола алады. Тек бала оны жақсы көретін, сыйлайтын тұлға болсын. Дәл орын алған жағдай туралы айтып, айыптап, кінәламай-ақ, жалпылама жақсы мен жаман, дұрыс пен бұрыс туралы жиі әңгіме-дүкен құрса, сіздің сөзден көрі өтімдірек болуы мүмкін.


Агрессия – әр адамда болатын құбылыс. Дұрыс дамып келе жатқан балада да міндетті түрде байқалады. Тек соны ауыздықтауды, дұрыс бағытта жұмсауды үйрету керек.

Конфликтің те адамдар арасында орын алуы қалыпты жағдай. Одан ешқашан ешқайда қашып құтыла алмайсың. Сондықтан, конфликті дұрыс шешудің жолдарын үйрету – ата-ананың бір парызы.

Ата-ананың баланы қорғау қызметі басқа агрессорлардан қорғаумен шектелмеуі тиіс. Баланы өз агрессиясынан, оның өзіне және басқаларға зиянын тигізуінен де қорғауды ұмытпаңыз.

Дайындаған: А. Мейірханқызы,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

ЕРЛІ-ЗАЙЫПТЫЛАРҒА арақатынасты жақсарту, ОТБАСЫН сақтап қалу оңай