Үй иелеріне сыйлы болу үшін көп адам нелерді естен шығарады? Қонақ болған үйге міндетті түрде сыйлық апару керек пе?
Қазақ - қонақжай халық, «Қонақ келсе - құт келді» деп қуанатынымыз да қанымызда бар. Арнайы шақырылған қонақтың жөні бір бөлек, ал кейде үйімізге өзіміз күтпеген жерден «құдайы қонақ» та келіп жатады. Қонақты риза етіп, күлімдеп қарсы алып, барымызды алдына тосып, риза етіп шығарып салу да ежелден келе жатқан ата-бабамыздан қалған дәстүр.
Қонақ риза болып аттанса, сол үйдің берекесі артады, несібесі тасиды деп ырымдаймыз. Шындығында да осы наным-сенімнің астарында ақиқат жатқандығын білеміз.
Ал, егер сізде де біреуге қонақ болып бара қалатын жағдайлар болса, өзіңізді дұрыс ұстауды, қонақ болудың әдебін білесіз бе?
Сізді шын ықыласымен қонаққа шақырып алған адам сіздің ризашылығыңызды алуға тырысады, ал сіз ше? Сіз де оны риза ете аласыз ба?
Ол үшін не істеу керек? «Қонақ қойдан жуас» дегенді негізге ала отырып, үй иесін де әбігерге салмай, «келгенше қонақ ұялады, келгеннен соң үй иесі ұялады» дегендей, оған барынша ауырлығыңызды түсірмеуге тырысып жүрсіз бе?
Ендеше, біз айтатын қағидаларды бір шолып шықсаңыз, кәдеңізге жарайды деген ойдамыз.
1. Көршіңізбен қарым-қатынасыңыздың түзу болғанын қадағалаңыз
«Қонақ күтуге көршінің не қатысы бар? Ол қонақ көршімізге емес, маған келді ғой...» дерсіз. Бірақ, осы жерде ұғып алатын бір нәрсе бар. Ең алдымен, «алыстағы ағайыннан, жаныңдағы көршің артық» деген сөздің мәнісін ашайық. Көршіңмен тату болсаң, ол жақыныңдай болады. Қуанышыңда да, қайғыңда да алдымен жететін, ортақтасатын адам ол – көрші.
2. Шақырған жерден қалма!
Егер сізді тусыңыз, досыңыз, танысыңыз қонақ еткісі келсе, көңілін қайтармаңыз. Бұл сізге деген құрмет, ілтипаттың белгісі. Мұндай шақыруларға шынында да бара алмайтын болсаңыз, мүлдем мүмкіндігіңіз болмай тұрса, кешірім сұрап, мәселеңізді түсіндіріп айтыңыз. Бірақ, оны ренжітіп алудан сақ болыңыз, егер сізден де басқа қонақтар шақырылған болса амалыңыз жоқ. Егер тек сізге және отбасыңызға арнап шағын дастархан жайып жатса, бірер күнге шегеруін де өтінуіңізге болады. Міндетті түрде шақырылған жерге баруға тырысқаныңыз жөн.
3. Шақырмаған жерге барма!
Кейде әрине, бір мәселемен немесе туысыңызды сағынғандығыңыздан қонақ болатын кездер болып тұрады. Біздің айтпағымыз бұл жайлы емес.
Біреудің үйіне баса-көктеп кіріп, әдепсіздік танытудан аулақ болғаныңыз абзал. Пайғамбарымыздың үй ішіне қатысты өзге мұсылмандардың білуі тиіс әдеп нормалары айтылған аталмыш аятта мынадай сөйлем бар:
Ахзаб сүресінің 53 аятында «Әй мүміндер! Пайғамбардың үйлеріне сендерге рұқсат берілмейінше кірмеңдер де, тамақтың пісуін күтпеңдер. Бірақ қашан шақырылсаңдар; кіріңдер де, тамақ жеген кезде, дереу тарқандар, сөзге айналмаңдар. Расында бұларың Пайғамбарды қынжылтады әрі сендерден ұялады. Бірақ Алла (Т.) шындықтан ұялмайды. Егер Пайғамбар (Ғ.С.) дың жұбайларынан бір нәрсе сұрасаңдар, перде сыртында тұрып сұраңдар; бұларың, сендердің де, олардың да жүректерінің тазалығы. Сондай-ақ сендердің Алланың Елшісін қынжылтуларыңа және одан кейін жұбайларымен әсте некеленулеріңе болмайды. Сондай істеулерің Алла қасында зор күнә» делінеді.
4. Қонаққа барғанда сыйлық ала барыңыз
Сый-сияпат екі адамның арасындағы бір-біріне деген мейірім мен сыйластықты арттырады. Кішкентай ғана сыйлық болса да үй иесіне деген құрметіңіз болсын, олар да сізден қымбат сыйлықты талап етпейді.
Егер сіз үйіңізге қонақ шақырып, олардың шын көңілмен, сізге арнайы алып келген сыйлығын «бұл аз ғой», «сыйлыққа апаруға арзымайды» деп қомсынбаңыз. Ең бастысы, сізге келген қонақтың шын көңілін бағалаңыз.
5. Дастархан басындағы әдептерді біліңіз
- Тамақтанардан алдын қолды жуу;
- Дастарханға отыруға үй иесі рұқсат етпейінше отырмау;
- Асқа алдымен үй иелері (үлкен кісілер) ауыз тимейінше қолды созбау;
- «Біссіміллә» айтылмай, тамаққа бас қоймау және оң қолмен ішіп-жеу;
- Тағам толы ыдыстың шетінен және өз алдынан жеу;
- Нанды бірден ауызға салып тістемей, кішкентай бөлігін үзіп алып ауызға салу;
- Қатты ашығып тұрсаңыз да асығып-аптығып шайнамай жұтпау;
- Ауыздағы тағамды толық жұтпай, тағамға қол созбау;
- Ауыздағы тамақпен бірге сөйлемеу;
- Басқалардың алдындағы тағамға көз сүзбеу;
- Кенеттен жөтел қысқанда немесе түшкіру кезінде ауыз бен мұрынды көлегейлеу;
- Дастархан басында тек жақсы сөздерді айту;
- Сусынды немесе шәйді бірден сораптамай, үш рет бөліп, демалып ішу;
- Тамақтанып болғаннан кейін бата қайырылмайынша орыннан тұрып кетпеу;
- Тамақтан соң, міндетті түрде қолды жуу.
(суреттер ашық дереккөзден алынды)
6. Ұзақ уақыт отырудан өзіңізді шектеңіз
Қанша жерден сыйлы, қадірлі қонақ болсаңыз да ол үйде ұзақ уақыт қалып қоюдан сақтаныңыз. Сыйыңызды қашырудан бұрын, үй иесіне көптеген қолайсыздықтар тудыруыңыз да мүмкін.
7. Үй иесіне АЛҒЫС білдіруді ұмытпаңыз
Үй иесінің қонағына ілтипат білдіріп, үйіне шақырып, дастарханынан дәм татырып, сыйлық жасап, көңілін көтеріп, аз уақыт болса да мерейін тасытқаны үшін шақырылған қонақ міндетті түрде алғысын білдіруі керек.
Әсіресе, жеген тамағына қатысты мақтау айтса, ең жақсы амалдардың бірі саналады.
Дайындаған: Г. Жұмаділдаева,
Тағы оқыңыз:
ҮЙЛЕНУГЕ қорқатын жігіттерді ЖІГЕРЛЕНДІРЕТІН 4 себеп