БҰЛ мінез сізге ЖАҚСЫЛЫҚ әкелмейді

0
2 440

Бойыңыздан осы мінездер табылатын болса, тез арада арылуға тырысыңыз.


БҰЛ мінез сізге ЖАҚСЫЛЫҚ әкелмейді

Біреулер мұны мінез ерекшелігі деп атайды. Енді біреулер адам бойындағы жақсы мінез-құлық қатарына жатқызады. Біреулер жақсы мінез деп санауы мүмкін. Алайда, сіздің бойыңызда осы аталғандардың бірі болса, тез арада арылуға тырысыңыз деп кеңес берер едік. Қандай мінез және неге екенін төменде айтамыз.


Перфекционизм, яғни, мінсіздікке ұмтылу

Барлық жағынан дұрыс, кемшіліксіз болуға тырысу, сол жолда өзіңді тәрбиелеу жақсы. Алайда, оның да өз шегі бар. Егер сіз мінсіздікке ұмтылып, түзете алмаған аздаған ақауларды жаныңыз бен жүрегіңіз ауыра қабылдасаңыз, өз бойыңыздан не ісіңізден мін табылуы зәреңізді зәр түбіне кетірсе, бойыңызда шаңның тозаңындай да кемшілік болмауы үшін өзіңізді қорқынышпен қамшыласаңыз, бұл ­— шектен шығу. Яғни, идеализмге ұмтылудың, перфкционизмнің өзіңізге зиян келтіретін деңгейі. Көп ұзамай ол сізді күйзеліске жеткізетін болады.


Көпшіліктен іргені аулақ салып, жалғыздыққа ұмтылу

Өзіңізді бәлім ұялшақ, бәлкім тұйық немесе әлеуметтен алшақ жүретін асоциалды адам санарсыз. Бірақ, мұның ешқайсысы жалғыздықты жақсы көруге, үнемі соған ұмтылуға салмақты себеп емес. Сондықтан, бойыңыздан адамдар ортасынан алшақтау, қоғамнан бөлектену, қоғамдық жағдайларға өзіңіздің еш қатысыңыз жоқтай қабылдауды байқасаңыз, өзіңізді бұл әлемнің бір бөлшегі сезінбесеңіз, бұл ­— психологиялық бұзылыс деп біліңіз. Себебі, сіз өзіңіздің әлеуметтік орныңызды, маңызыңызды лайықты бағаламайсыз. Оған қоса, адамдармен араласу, дос болу, жақсы көру, сүю сынды адами сезімдер мен қарым-қатынастардың қажет екенін мойындамайсыз. Ал, мұндай әлеуметтік қажеттілік әр жүректің түкпірінде бар және ол қанағаттандыруды талап етеді.


Қызуқандылық

Тез ашуға берілетін, қаны қайнап шыға келетін, көп нәрсеге агрессиямен жауап қататындарға айналадағылар үрке қарайды. Тіпті кейде ығына жығыла кететіндіктен, айтқаны бола салады. Осыған қарап осы мінезімнің көп жерде пайдасы тиіп жүр деп ойлауы мүмкін. Әйтсе де, әсерінен айналасындағы адамдардың көңілін көп қалдыратыны бар. Сондықтан бұл қылықты ақтап, кешіріммен қарауға болмас.


Бәрінің көңілінен шығуға тырысу

Кім де кім ешкімнің көңілін қалдырғысы келмей, үнемі бәріне жағуға тырысып жалпақтап жүретін болса, өзгенің қамын өзінікінен жоғары қойса, бұл басқаларға тиімді, әрине. Сондықтан, қоғам ондай адамдарды жақсы көреді, жақсы адамдардың қатарына қосады. Себебі, өздеріне солай тиімді, пайдалы. Ал, жағуға тырысып жүретін жанның өзіне бұл іс-әрекеті үнемі зиянын тигізіп жатады. Сондықтан, оған да бойға біткен мінез деп қарап қоя салмай, өзіңізге зияны тимейтіндей етіп өзгерткен абзал.


Кертартпалық, ескіні көксеу

Өткенін есте сақтау, оған құрметпен қарау жақсы. Алайда, санада сақталып қалған ескі схеманы, қатып қалған қағиданы бүгінгі күні айна-қатесіз қолданамын деу – қателік. Бағзыда құйылған қалып бүгінгі пішінмен үнемі сәйкес келе бермейді. Егер қандай да бір жаңашылдықты, өзгерісті үреймен қарсы алып, ол сізге жайсыздық пен стресс туғызатын болса, бұл жағдайды да жайдан-жай қалдырып қоя салуға болмайды. Өзіңізді қайта тәрбиелеу арқылы жаңаны қабылдай білуге баулыңыз.


Соңғы сәті жеткенше бәрін кейінге ысыру

Қай істі болмасын қолға алуға құлықсыздық танытып, соңғы сәті келіп жеткенше кейінге ысыра беретін әдетті психология ғылымы «прокрастинация» деп атайды. Осыдан-ақ бұл әдеттің негізінде жай ғана жалқаулық не жауапсыздық емес, қандай да бір психологиялық бұзылыс жатқанын аңғаруға болады. Оның түп-тамыры тереңде, себебі өте салмақты болуы әбден мүмкін. Иә, мұндай жандарды «жалқау», «жауапсыз» деп бір ауыз сөзбен сипаттай салуға, оны туа бітті мінезі деп мән бермеуге де болады. Алайда, бұл бұзылыс бірқалыпты болып тұра бермейді, ол өседі, өршиді. Ерте ме, кеш пе, емдеуді қажет ететін дерт екенін әйтеуір бір білдіреді.


Шектен тыс қорқыныш, болмашыдан үрейлену

Иә, қорқыныш — адамзат баласына тән эмоция. Алайда, қорқудың қалыпты жағдай болатын да, болмайтын да кезі бар. Кей жағдайлар шынымен үрей шақыруға тұрарлық. Алайда, не болса содан сескеніп, өз көлеңкесінен үркіп, қорыққаннан көзіне үнемі қос көрініп жүретіндер де бар. Мәселен, мысықтан қорқу, судан қорқу, жабық есікен қорқу, т.б. фобиялардың түрі көп. Бәрінің де санаға қандай да бір жағдайлардың әсерімен сыналап кіріп алып, психиканы бұзып жатқан түрлі салдары бар. Сонымен күрессе, ол күресте психологты сенімді серік, психологияны қару етсе, кез келген қорқақтың жүрексінуді жеңе алатыны анық.

Дайындаған: А.Мейірханқызы,

ERNUR.KZ