Аз күнде сабақ басталады. Әдетте дене шықытрыну пәнін соңғы сабаққа жиі қойып жатады. Жүгіріп-секіріп, спорттық ойындар ойнаған бала үйге шаршап-шалдығып жетеді. Энергиясы сарқылғаны бесенеден белгілі. Әсіресе, түскі ауысымда оқитын балалар төсекке құлай кетуге дайын тұрады. Сондайда «кейінірек тамақтанамын» дегеніне қарамаңыз. «Алдымен душқа түс», «бірден жеуге болмайды, күте тұр» деп тоқтатпаңыз. Кідіртетін болсаңыз, оның ағзасында бұзушы процесс – катаболизмді өз қолыңызбен іске қосқаныңыз.
Физикалық жүктемеден кейін ағзаға қорек қажет. Егер ол дұрыс берілмесе, ағза бұлшықетті ыдырата бастайды.
Бұл әсіресе балалар үшін қауіпті, себебі олардың метаболизмі ересектерге қарағанда екі есе жылдам жұмыс істейді. Нәтижесінде сіз шынықсын, мықтырақ бола түссін деп спортқа жетектейсіз, ал ол әлсірей түседі.
Неге десеңіз, жаттығудан кейінгі 20–30 минутта «анаболикалық терезе» ашылады. Осы кезде ағза барлық қоректі барынша жақсы сіңіреді. Осы уақытты өткізіп алсаңыз, әсіресе бала ағзасы «қоректік тапшылық» режиміне өтеді. Соңында, жарты жылдан кейін балада күш те жоқ, тәбет те жоқ, прогресс те жоқ. Себебі, сіз оған ең негізгі нәрсені — уақтылы тамақтануды бермедіңіз.
Нендей нәтиже аламыз?
Жаттығудан кейін ақуызды аспен тамақтанбау ағзаны созылмалы тапшылыққа ұшыратады. Балаларда бұл тез білінеді: апатия, мотивацияның жоғалуы, әлсіздік, ұйқының бұзылуы, иммунитеттің әлсіреуі көрініс табады.
Одан бөлек, балада «Спорт – әлсіреуге апарады», «Жаттығу жақсы әсер бермейді», «Спорт қуаныш сыйламайды, тек қажу» деген сияқты негативті қорытынды қалыптасады. Сондықтан ол көп ұзамай спорт секцияларынан бас тартады, дене қозғалысынан қашады, бірақ неге екенін өзі де түсінбейді.
Мұның себебін жай ғана шаршаумен байланыстырып, «Бір ұйықтап тұрса, демалып алса, қайта қалпына келеді» деп ойласаңыз, қателесесіз. Мұндай күйдегі бала – жанармайсыз қалған көлік не қуаты таусылған телефон секілді. Тек оның қуат көзі – ұйқы емес, ақуызды ас.
Не беру керек?
Жай ғана жеміс, шырын, тәтті йогурт сындылар жарамайды. Керегі – ақуыз. Бұлшықетке қажетті ақуыз бен көмірсутек біріктірілген жеңіл тіскебасар үлгілері:
- ірімшік пен нан
- жылы протеин мен банан
- қантсыз грек йогурты
- жұмыртқа мен қарақұмық
Тіпті ұйықтар алдында тамақ жеуге болмайды десек те, бала кешкісін спорттық жаттығу жасаған болса, ештеңе жемей жастыққа бас қоюға болмайды. Ең болмағанда 1 жұмыртқа мен 1 шай қасық бал жеп жатқаны абзал.
Жаттығудан кейінгі ақуызды ас бұлшықетті қалпына келтіреді. Гликоген қорын толтырады. Кортизол деңгейін түсіреді және баланың энергиясын қайтарады.
Аударған: А. Керім Бек,