"Басқасы аздай, енді энергия беру қосылды ма?" деп қапаланбаңыз...
«Әйел адам – Жер-ана, ер адам одан нәр алады», «Күйеуінің табысы әйелдің энергиясына байланысты», «Жарының әйелдік энергиясы жоғары болса, ер-азамат жетістікке жетеді» деген сынды тұжырымдарды соңғы уақыттары көп естіп жүрміз. Әсіресе, әлеуметтік желідегі психолог, коуч, курс өткізушілерден. Бірден келісіп, әйелдік энергиясын көтеруге кірісіп кеткендер де бар. «Неге бәріне әйел міндетті?» деп қарсылығын білдіретіндер де көп.
«Неге әйел күйеуінің кірін жууға міндетті?»
«Неге тамақ пісіру тек әйелдің шаруасы?»
«Неге үйдің тазалығына әйел ғана жауапты?»
«Кім шығарды... Қай жерде жазылып тұр осы заң?...» – наразылықтардың дені осындай. Бітпейтін шаруадан шаршап, жүйкеңіз жұқарғанда, иығыңызға артылған жауапкершілік жүгінен жауыр болғанда сіз де осылай айтқан шығарсыз, иә?
Әйел күйеуіне, ері жұбайына қарыз
Үй – бала – ата-ене – күйеу – жұмыс арасындағы бітпейтін шаруамен «шашылып», кейде шашын тарауға уақыт таппай жататын әйелдер бар. Сондықтан, нәзік жандылардың «Осының бәрі аз болғандай, енді ерімізге энергия беру қосылды ма?» деген ренішін түсінуге де болар еді. Бірақ, осы бір шаршаудың, реніштің, түсініспеушілік, басқа да көптеген мәселелердің оп-оңай шешімі – бір-бірімен энергия алмасу екенін білсеңіз, бұлай қажымас та едіңіз. Өйткені, әйел еріне энергия берсе, ері де дәл сол мөлшерде, тіпті одан да артық энергияны сүйіктісіне қарай бағыттайды да, нәтижесінде екеуі де пайдаға кенеледі.
Иә-иә, дұрыс оқыдыңыз, әйел еріне ғана емес, ер-азамат та жұбайына энергия беруге тиіс. «Бала-шаға үшін ертелі-кеш сандалып жұмыс істеймін. Бар тапқанымды осы үйге әкелемін. Асырап-бағып отырмын. Одан басқа тағы не керек? Энергия беру деген қайдан шықты? Қатындарда қанағат жоқ» – осы тектес сөздерді олар да айтуы әбден мүмкін.
Энергия – ақша
Энергия да ақша секілді, барлық адамда бар, тек біреуде – аз, біреуде – көп. Дәл қалтамыздағы қаржы секілді оны да жұмсаймыз, қайта орнын толықтырып отырамыз. Ойлап қараңызшы, сізде ақша бар, бірақ одан не анаңызға ұстатпайсыз, не жұбайыңызға бөліп бермейсіз, тіпті, балаларыңыздың қажетіне жұмсамайсыз. Бұл – қалыпты ма? Жоқ. Мұндай қылығыңыз үшін жақындарыңыздың сізге ренжуі мүмкін бе? Мүмкін. Ал сол ақшадан жұбайыңызға беріп қойсаңыз, ол қуанады, рақметін айтады және бір қажетіне өзі ойлағаннан ертерек қол жеткізеді, солай ма? Энергия да тура сол сияқты. Бойыңызда қаншалықты бар, бір бөлігін ет жақын жанға, өмірлік серігіңізге берсеңіз, ол дән риза болады, өмір сүруге, алға ұмтылуға құштарлығы артады. Әрі сол қуаттың күшімен көздегеніне қол жеткізеді. Міне, әйелінен жағымды энергияны жеткілікті алған еркектің жетістігі көп, табысы мол болуының сыры осында.
Энергия беру мен махаббат беру – бір нәрсе
«Басқа шаруамыз аздай, енді күйеуге (әйелге) энергия беруіміз қалды ма?» – бұл сөз айтқан адам туралы екі мәлімет береді: не өмірінде махаббат аз, не біреуге энергия берудің не екенін жете түсінбеген. Асылында адамдар арасындағы энергия алмасудың алтын кілті – махаббат.
Әйел өзінің генетикалық табиғаты бойынша ер адамға жасампаздық қуат беру үшін жаралған. Сондықтан өзіне ұнайтын ер адамға қуат пен махаббат сыйлауы керек. Бұл арнайы жұмыс, басқа да мың сан іспен қатар алып жүруге тиіс шаруа емес. Жай ғана жылы көзқараспен қарау, жағымды, жұмсақ тәнімен жанасу, жылы лебіз білдіру, дәмді ас дайындап беру, ынта-ықыласпен сөйлесу, басқа да көптеген нәрселер арқылы жүзеге асырылатын, екеуіне де жан рахатын сыйлайтын процесс.
Берілмей қалған қуат бомбаға айналады
Табиғат адамға осы энергия ресурсының бәрін беруді, өзгелермен бөлісуді талап етеді. Егер ол орнымен берілмей қалса, өз бойыңыздағы қауіпті бомбаға айналады.
Мәселен, әйел ұзақ уақыт бойы еріне энергияны дұрыс бермесе, оның ағзасында өзін-өзі жою процесі басталады. Бұл өз кезегінде денсаулығына кері әсерін тигізеді. Біріншіден, жүйке жүйесі, содан кейін бүйрек, әйел органдары және басқалардың бәрі әлсірей бастайды. Тағы бір қызық факт – көбінесе әйел бойындағы еріне берілмей қалған артық энергия денесінде майға айналады, артық салмақ болып жиналады.
Ал ер адам өз энергиясын әйелге құшақтау, сүю, сипау, сыйлық ұсыну, қамқорлық көрсету, жылы сөз айту және басқа да жақындық арқылы бере алады. Әйелге сүйсіне қарап, бір ауыз жақсы сөз айтып, бетінен бір сүйіп қойса жеткілікті. Жары оның энергиясына шомылады.
Көзқарас – қуат берудің ең мықты жолы
Екі жаратылыс үшін де көзқарастың әсері басқаша екен. Көз арқылы адам өз жағымды энергиясының елу пайызын дейін жеткізе алады. Жанды адам түгілі, жансыз мүсіндер мен картиналардың өзінде кейіпкердің көзі сиқырлы күшке ие болатынын, оған қарағанда қандай да бір әсерге бөленетіміз рас қой. Мұндай өнер туындылары өзін тамашалаушыларға энергия беріп қана қоймай, батарея сияқты, адамдардың көзқарасы арқылы олардан берілген энергияны бойына жинап тұрады екен. Дәл осылай адамдардан бір-біріне берілетін энергия – үлкен емдік әсерге, өмірге деген махаббатты арттыратын мотивациялық күшке ие құбылыс.
Ендеше, өмірлік серігіңізге ең талантты шебердің қолынан шыққан өнер туындысы секілді сүйсіне қараңызшы. Сізден берілген жағымды қуат бойын кернеп кетеді. Көп ұзамай, өзіндегі қуат күші бойына сыймай, оны сізге бағыттап, сіздегі бос кеңестікті толтырғанынын анық сезінесіз.
Тұйық шеңберден шығыңыздар
Ал керісінше жасасақ не болады, елестетіп көрейік? Пісірген асын, жуған киімін, туған баласын міндет қылып, ренжи беретін әйел еріне жеткілікті энергия бере ме. Жоқ, әрине. Сосын күйеу қайдан жомарттық таныта берсін, ол да ердің энергиясын беруге сараңданып қалады.
Мүмкін бірінші болып күйеуі өз міндетін лайықты атқармай, тиісті энергияны бере алмады. Әйел де соған сәйкес сараңдық танытты.
Мұнда басты мәселе кімнің бірінші бастағанында емес. Мәселе бұл айналымның тұйық екендігінде. Яғн, кім бірінші болып бастаса да, екіншісі қоштаса болғаны, екеуінің арасында осы сараңданып, қызғанып энергиясын бермей қалу әрекеттері жалғасын тауып, тұйық шеңбер бойымен айнала береді, айнала береді... Күндердің бір күнінде ерлі-зайыптылардың біреуінің көзі ашылып, өзі бірінші болып энергия беруді бастауға шешім қабылдап, тұйық шеңбердің шегінен шығуға әрекет жасағанға дейін жалғаса береді.
Қызықты дерек
«Неге үй шарасын атқару әйелдің мойнында? Неге отбасын ер-азамат асырауға міндетті?» деген наразылыққа келейік. Бұл сұрақтың жауабын түсіну үшін тағы да жаратылыс сырына үңілу керек.
Әйел энергиясы тыныштықта толысып, күшейеді екен. Сол себепті де жаңа жерлерді жаулап алуға бармаған, аңға шығып, саятшылық құрмаған. Үйренген ауыл-аймағында, жақын адамдарының ортасында, жайлы үйінде шаруасын істей жүріп, энергия жинай алатын болған. Заманауи өмір ағымы әйелдерді әрдайым қозғалыста болуға итермелейді: таңертең жұмысқа асығады, басқа да шаруалармен әрлі-берлі жүгіреді, тіпті үйге келгенде де тезірек тамақ жасауға асығады. Күні бойы осындай қозғалыста жүріп, қалайша энергиясын арттырмақ? Бүгінгі әйелдер үшін ең қиын тапсырма – баяу ырғақты тіршілікке, байсалды өмір салтына үйрену. Егер осыны үйренсеңіз, әйелдік қуатыңыз ортаймайды, еріңізге де бөліп беруге сараңданбайсыз.
Ал еркектер үшін энергия көзі – қозғалыс. Бір мекеннен екінші орынға барып-келу, адамдармен араласу, бірлесіп еңбек ету, т.с.с. Осындай қозғалыстардың бәрі еркекті физикалық тұрғыда шаршатқанымен, ішкі қоймасын қуатқа толтырады.
Сондықтан да, ықылым заманнан ешкім жазып, мөр баспаса да, ердің тірлігі – түзде, әйелдің ісі – үйде деген қағида қалыптасқан.
Сараң болмаңыз
Бұған дейін ерлі-зайыптылардың бір-біріне махаббатын, қолдауын, қамқорлығын білдіруі бір бөлек іс, энергия беру бір басқа шаруа деп ойлап келген болсаңыз, енді екеуін біріктіріп қараңызшы. Сонда айта беретін, біз қиын санайтын энергия берудің оп-оңай екенін ұғасыз. Ендігі жерде осының бәрін біле тұра, өмірлік серігіңізге жағымды энергия беруге бұрынғыдай сараңдық танытпайтын боларсыз?
Дайындаған: А. Мейірханқызы,
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: