​Келін неге КЕТІП қалады?

0
8 721

Күйеуімен сүйіп қосылған болса да келіннің енесімен шығыса алмай бүтін отбасының іргесі сөгілуіне әкеліп соғатын жағдайлар да аз кездеспейді.


​Келін неге КЕТІП қалады?

Басқалардың келіні енесімен немесе күйеуімен (отбасы мүшелерінің бірімен) араздасып, төркініне кетіп қалса, сіздің реакцияңыз қандай болмақ?

Әрине, жанашырлықпен «қиын болған екен», «не болып қалды екен?» дегеннен арыға аспассыз. Біреудің ішкі мәселелерінің біреуге қызығы жоқ қой.

Алайда, «жаман айтпай, жақсы жоқ», сіздің отбасыңызда мұндай жағдай болмайтынына кепілдік бере алмайсыз. "Құдай сақтасын", "жамандықтың бетін аулақ қылсын" дейміз, әрине. Дегенмен, сіздің айналаңызда, таныстарыңызда, туыстарыңызда мұндай жағдай болып тұратыны жасырын емес.


Егер сіздің келініңіз араздасып, немерелеріңізді жетекетеп, төркініне кетіп қалса не істейсіз?!


Қай жолды таңдайсыз? Ізін суытпай, артынан барып, кешірім сұрап алып келесіз бе немесе «оны ешкім қуған жоқ, өзі кетті ме, өзі келсін...» дейсіз бе? Бүгін «кетсе кетер, қатын жолда, бала белде, ал анам жалғыз, мен анамды таңдаймын» деп жаныңызға шығып отырған ұлыңыз арада бір апта өткеннен соң, балаларын сағынып, мұңайып қалса немесе «күйігін» басу үшін ішкілікке салынса не істейсіз?

Келініңізді алып келуден басқа амалыңыз қалмайды. Бірақ, бұл үйден бір рет араздасып кеткен келіншегіне бұрынғыдай сезімі де болмайды ұлыңыздың, сіз де бұрынғыдай келінім деп іші-бауырыңызға тарта алмайсыз.

Ажырасу ма? Жо-жоқ, атай көрмеңіз, немерелеріңізді қайтесіз? Бөтеннің есігіне жібере алмайсыз, анасынан да айыра алмайсыз.


Мұндайда ене үшін стратегия, тактика маңызды. Әркім өзінікін жөн санап, өзін қорғап, пікірін нақтылауға тырысып жатқанда сізге шексіз ақыл мен даналық қажет. Онсыз іс оңбайды.


Неге кетті?

Отбасының іргесін берік етіп, шаңырақты шайқалтпаудың бірнеше жолдары бар. Ол - махаббат, перзент, түсіністік, шыдамдылық.

Бірақ, бұлардың қатарына ЕНЕ деген тағы бір жан қосылады. Егер ене мен келін бір-бірін жақсы түсінсе, тіпті, ерлі-зайыптының ортасында кереметтей махаббат сезімдері болмаса да, олардың арасында түсіністік орнайды. Өйткені, анасына құрметпен қарайтын, қызметін жасайтын келін қандай ер-азаматқа болмасын ұнайды. Жары анасын сыйласа, ері де жарын сыйлайтын болады. Демек, ене де отбасын мықтап ұстаудың тағы бір тәсілі бола алады. Сондықтан, әрбір ене алдымен келін екеуінің арасындағы қарым-қатынасты реттеп алуы тиіс.

Күйеуімен сүйіп қосылған болса да келіннің енесімен шығыса алмауы бүтін отбасының іргесі сөгілуіне әкеліп соғатын жағдайлар да аз кездеспейді.


1.Тым қатал ене

Жаңадан босаға аттаған, үйренгенінен үйренері көп жас келінге қысым көрсетіп, кейін уақыты келгенді қыл бұрауды біртіндеп босату тактикасын көптеген енелер қолданады. Бұл жаман тактика деп айта алмаймыз. «Жас келінге қаттырақ қарағаны, ширатып бір алайын деген шығар» дегендей, енеге мұндай тәсілді қолдану тиімді әрі дұрыс. Өйткені, келін саты-сатысымен кішкентай ғана болса да еркіндікті қолына түсіру үшін отбасын өзін бағыштайды. Есесіне, сенімге кіреді, отбасылық өмірдің оңай болмасын, бақытты өмір сүрудің қымбат тұратынын түсінетін болады.

Егер ененің тарапынан осы тактиканың керісіншесі қолданылса, бұл жағдайды ушықтырып алу қауіп басымырақ. Яғни, жаңа түскен келінді әуелі бос ұстап, кейін келе тізгін тартылса, кім де болсын қарсылық танытуы табиғи құбылыс. Себебі, келінге ерік берілмейді, керісінше уақыт өткен сайын алынады. Еркіндігі шектеледі.

Дұрысы, бастапқы тізгінді босатпай ұзақ уақыт жүру, яғни, ененің сол бастапқы қатаң талаптары жылдар бойы жалғаса берсе, кім де болса шыдамайды. Ақыры күндердің күнінде шыдамы таусылған келін кетіп қалады. Сондықтан, еркіндікке сусап тұрған келіннің шөлін қандырып, арасында мейірімділік танытып, оған жамандық ойламайтындығыңызды, керісінше, отбасының бекем болуын ойлап жасап жатқаныңызды оған сезіндіре алуыңыз керек.


2. Отағасының епсіздігі

Ұлыңызды «мақтай» алмайсыз ба? Яғни, әрбір ана үшін құрсағын жарып шыққан баласының жаманы жоқ. Дегенмен, ұлыңызды туғаныңызбен, мінезін тумайтыныңызды да ескеру керек. Ұлыңыз іше ме, опасыздық жасай ма, адал жарына көңіл бөлмей ме? Егер осы қылықтардың бірі ұлыңыздың бойында бар болса, сіз келініңіздің сөзін сөйлеп, оны қолдап, оның жағына шығуыңыз керек. Яғни, ұлыңыздың отбасына деген жауапсыздығының өтеуін сіз енелік жауапкершілігіңізбен өтеуіңіз қажет. «Осы отбасына сіңіп, өсіп-өнемін» деп келген келін, күйеуінен де, енесінен де қолдау таппаса ешкімге өкпелемей-ақ қойыңыз.


3. Отбасындағы «ЗОРЛЫҚ»

Жоғарыдағы екі амал көбінше осы үшінші жағдайға жеткізеді. Келінге кім үстемдігін көрсетіп, қорлайды?

а) өзіне сенімсіз ене;

ә) өзі өзгелердің тарапынан көп қорлық көрген ене;

б) таным-түсінігі аз, ақылына бағынудан гөрі, ашуы алдында жүретін адуынды ене;

Сіз бұл айтылғандардың қатарында жоқсыз ба? Онда сіз тіліңізді тыя аласыз, ұлыңызды да...



Кеткен келін кімге нені дәлелдемек?

Егер келін күйеуінің үйінен кетіп қалса, мәселенің одан сайын ушығып, жағдайдың қиындай түсетінін біледі. Бірақ, артына қарайламайды, бәрібір кетіп тынады. Неге? Себебі, дәл сол мезетте ашу ақылдан жоғары тұруы мүмкін. Әрине, отбасы болған соң, ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды, келіспеушілік, түсінбестіктер орын алуы мүмкін. Алайда, ашу басылып, сабырға келген соң, ойлануға мүмкіндік бар. Отбасын қайта тіктеуге, қателігін түсініп, қателікті қайта қайталамауға үміттенуге болады.

Бірақ, бұл шешімді ұзақ уақыт миында сақтап, пісіріп жүрген, бір емес, бірнеше рет кетуге талпынып, сабыр кесесі толған болса, іс насырға шапты дей беріңіз.

Мұндай жағдайда шынында да отбасыңыздағы қарым-қатынасты өзгертуіңіз қажет немесе бір отбасы ойран болады.

Мынаны да ескеру керек, шынында да тек қана енелер кінәлі емес, келіндердің де өз тарапынан жіберетін қателіктері баршылық. Келіндерді де ақтағым келмейді. Өйткені, шапалақ екі қолдан шығады.

Кейбір жас келіндер анау айтқандай мәселе туындамай-ақ, үйдегі әрбір түсінбестік үшін, енесі аузын ашып сөйлей қалса да төркініне тұра жүгіреді. Бәлкім, мұнымен олар ішіндегі қыжылын, өкпесін, ренішін білдіру үшін жасауы мүмкін.

Сол арқылы ол өз дегеніме көндіремін деп ойлайды, «талаптар қояды», «жанжал көтереді». Мұндай келіндер өздерін тез «көрсетеді». (Қит етсе төркінге тұра қашатын келін( дейміз ғой, шынында да ақылсыз, арсы деуге де болады мұндайды. Өйткені, бір рет кеткеннен соң, қайтып келеді. Бір емес, бірнеше рет өзі кетіп, бірер күннен соң өзі келіп қадірін де қашырып алады.

Алғаш рет келін үйден кетіп қалғанда не себептен екеніне мән беріп қараңыз. Әрине, бірден соңынан жүгіріп бармаңыз. Дегенмен, арзымайтын ұсақ ұрыс-керіске бола отбасының бұзылып кетуіне де жол бере алмайсыз ғой. Әрбір адам екінші мүмкіндікке ие болуға хақы бар.

Бірақ, екінші мүмкіндігін дұрыс пайдалануы керек. Келініңізді қайта алып келгенде немесе өзі қайтып келгенде бұлай тағы да қайталануына жол бермейтініңізді ескертіп, қайталанған жағдайда қандай шара көретіндігіңізді нақты айтыңыз.

Қысқасы, келініңізді тәрбиелейсіз де...

(фото ашық дереккөздерден алынды)


Кеткен келінді қайтарып әкелу қажет пе?

Бұл өзіңізге қоятын сауалыңыз. Егер отбасыңызда мейірім мен махаббат болатын болса, келіннің кетуі ашу үстінде жасалынған іс болса, аз уақыт күтіңіз. Бір-біріңізден бөлек демалған дұрыс. Бәлкім, құдаларыңыз ақылға салып көрер, бәлкім, келініңіздің өзі қайтып келер.


Қандай жағдайда келінді қайтарып алып келмеу керек?

* Келін үнемі ұрысқа бейім, үйіңізде ол бар кезде тыныштық жоқ болса...

* Төркініне кетіп қалуы бірінші рет емес

* Ұлыңыз онымен бірге тұрғысы келмейді, яғни, ерлі-зайыптылардың арасында шешілмеген мәселе бар. Мұны олар өздері шешуі тиіс. Сіз ақыл-кеңесіңізді айтуыңыз мүмкін

* Келін не күйеуіне, не енесіне көңіл бөлмейді, сіздерді тек қана өзінің жеке мүдделерін іске асыру үшін пайдаланады

* Келін жеңілтек, еріне қиянат жасаған болса

* Сіз қанша ақыл айтсаңыз да жөнге келмейтін, сөзге түсінбейтін, әрдайым көңілі толмайтын, басқа өмірді аңсайтын болса...

Жоғарыда келтірілген мінез-құлықтар келініңіздің бойынан табылса, оны қайтарып әкелудің мүлдем қажеті жоқ та шығар. Өйткені, мұндай келінді отбасыңызға қайта қабылдау батпаққа өз аяғыңызбен барып түскенмен тең боп шығуы мүмкін.

Әрине, әр отбасының, әр адамның тағдыры бөлек. Дегенмен, басқа шаңырақта туып-өсіп, бөтен елдің табалдырығын аттаған соң, сол босағаға сіңуге келіннің өзі де, ене де, тіпті, отбасының барлық мүшесі де атсалысуы тиіс.

Дайындаған: Г. Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:


Барған жеріне СЫЙЛЫ болатын ҚОНАҚТЫҢ 7 белгісі


ҮЙЛЕНУГЕ қорқатын жігіттерді ЖІГЕРЛЕНДІРЕТІН 4 себеп