Махаббат па, әлде тәуелділік пе? Қалай ажыратуға болады?

0
681

Сырттай ұқсас көрінгенімен бұл екеуін ажырата білу өте маңызды.


Махаббат па, әлде тәуелділік пе? Қалай ажыратуға болады?

Өмірде өмірлік нағыз махаббатын жолықтыруды аңсайтындар көп. Кейде адам өзіне нақ керек серігін тапқандай күй кешеді. Кездесіп, шаңырақ көтереді. Бірақ, алғашқы ғашықтық сезімі уақыт өте келе реніш пен ұрыс-керіске ұласып жататын жағдайлар жиі кездеседі.

Махаббат – бауыр басу, қамқорлық, құрмет пен өзгені сол қалпында қабылдаудан тұратын терең сезім. Ол өзара сыйластыққа негізделіп, адамның бере білу және қабылдай алу қабілетін, серігінің бақытын қалау және ымыраға келуге дайын екенін білдіреді.

Ал махаббатқа тәуелділік, керісінше, адамды рухани тұрғыдан күйретеді. Мұндай жағдайда бір адам екіншісіне эмоционалды, психологиялық, тіпті физикалық деңгейде тәуелді болады.


Махаббат па, әлде тәуелділік пе? Қалай ажыратуға болады?

Сырттай ұқсас көрінгенімен бұл екеуін ажырата білу өте маңызды. Тәуелділік — нағыз махаббат емес. Сезім шынайы болса, серіктестер бірге болғанда да, бөлек жүргенде де өздерін жайлы сезінеді. Ал егер адам серігі жанында болмағанда мазасызданып, қызғаныштан азап шексе — бұл тәуелділіктің нышаны болмақ. Сондай-ақ бір-бірін сүйетін жандар әрқашан сабырлы әрі жақсы көңіл-күйде болады. Ал тәуелді адамды «мені тастап кетеді» немесе «басқаны таңдайды» деген үрей билеп тұрады. Мұндай қарым-қатынаста ішкі еркіндікке орын жоқ, өйткені адам тек серігінің дауысын естігенде немесе оны көргенде ғана бақытты болады.

Кез келген тәуелділік — мейлі ол ішімдікке, есірткіге немесе сезімге болсын — адамға бақыт сыйламайды. Керісінше, адамның ішкі дүниесін қажытып, азапқа салады. Мұндай қарым-қатынаста бір тарап жағымсыз эмоцияларды бастан өткерсе, екіншісі өзгенің дәрменсіздігін пайдаланып, өзін жоғары сезінуі мүмкін.. Кейде бұл жағдай жылдарға созылады. Әдетте, бала кезінде ата-ана мейірім іне қанбаған немесе олардың қатаң бақылауында болғандар, сондай-ақ жалғыздықтан қорқатындар, өзін қорғансыз сезінетіндер мен өзіне сенімі төмен жандар сезімдік тәуелділіктің құрбаны болады. Мұндай сау емес қарым-қатынасқа тек әйелдер ғана емес, ер адамдар да бейім келеді.


Махаббат пен сезім тәуелділігін қалай ажыратуға болады?

Құрмет

Өзара сыйластық, қолдау мен қамқорлық бұл махаббатқа тән белгілер. Бір-біріне серік болатын жандар өз сезімдерімен, пікірлерімен және арман-тілектерімен бөлісуге дайын болады. Ал тәуелділік бар жерде адам тек өз эмоциясына ғана көңіл бөліп, екінші адамның қажеттіліктері мен сезімдерін елемеуі мүмкін.


Кемшіліктерді қабылдау

Егер сіз адамды бойындағы кемшіліктерімен және өзіне ғана тән қылықтарымен қабылдай алсаңыз онда бұл – нағыз махаббат. Ал серігіңізге өз үміт-тілектеріңізді таңып, оның жүріс-тұрысы мен іс-әрекетін үнемі сынап отырсаңыз, көп қылықтары жақпаса, онда бұл – тәуелділік.


Жеке шекара

Адам махаббатқа тәуелді болса, ол өзі ғашық болған жанның жеке уақытын, кеңістігін, достарын барынша шектейді және өзі бақылай алмаймын-ау деген кез келген ортадан оқшаулауға тырысады. Ал нағыз махаббат бар жерде сенім, еркіндік бар.


Сезімнің біржақты көрінісі

Махаббат өзара сыйластық пен бауыр басу сезімін білдіреді, ал тәуелділікте екі жанның бірі беруге қарағанда, мұқтаждықты көбірек сезінеді.


Тұйықтық

Тәуелді адам өзгенің көзіне тек тартымды көрінетін жайттарды ғана айтуға тырысады. Ал екінші жан өз жеке өмірі мен сырын сақтап қалу үшін барынша аз сөйлеуге тырысады.


Даралықты жоғалту

Дені сау қарым-қатынаста серік болған жандар өз тәуелсіздігін, дербестігін және жеке қызығушылығын сақтайды. Ал тәуелділік жағдайында адам өз болмысы мен дербестігінен айырылып, екінші адамға тым байланған болып шығады.


Алға жылжу, даму болмайды

Махаббат адамды дамуға шабыттандырып, жақсы қырынан көрінуіне итермелейді. Тәуелді қарым-қатынаста адамдар өзін-өзі дамытуға деген қызығушылығын жоғалтып, тек қарым-қатынас төңірегінде ғана қалып қояды.


Дербестіктен айрылу

Шын сүйген жан серігіне қолдау көрсетеді, бірақ оның мәселелерін өз мойнына алмайды. Ал тәуелді қарым-қатынаста бір жан кез келген қиындықты, тіпті майда-шүйде мәселелерді шешуді өз қолына алып, серігін одан шеттетеді. Осылайша, сүйген адамын дербестігінен айырғанын білмей қалады.


Махаббатқа тәуелділікті қалай жеңуге болады?

Негізі өзгенің тәуелділігін пайдаланатын адам бұдан ләззат алуы мүмкін немесе керісінше, өзіне жабысып алған адамнан қаша бастайды. Мұндай байланысты «сау» деп атауға болмайды, өйткені ол қуаныш емес, тек жан жарасын салады. Тәуелділіктің кез келген түрін жеңу үшін, ең алдымен, мәселенің бар екенін мойындау немесе өмірден жаңа қызығушылық табу керек. Бірақ тәуелді адамның парасатты ойлау қабілеті төмендеп кететіндіктен, жағдай қиындай түседі. Себебі ол бір жағынан бұлай жалғаса бермейтінін түсінсе, екінші жағынан серігінсіз өмір сүре алмайтындай күй кешеді. Мұндай қарым-қатынастың болашағы жоқ екенін түсініп, оны үзуге күш табатындар да болады. Қарым-қатынаста ең қиыны құбылмалы қарым-қатынас, яғни серігі бірде жақындатып, бірде итеріп тастаған кез. Мұндай жағдайда білікті маманның көмегісіз мәселені шешу қиын болады.



Махаббат тәуелділігінің алдын алу жолдары бар. Тәуелділіктің белең алуына жол бермеу оншалықты қиын емес, дейді мамандар.


Жеке кеңістігіңізді сақтаңыз

Уақытты бір-біріңізден бөлек өткізе білу, жеке қызығушылықтарыңыз бен сүйікті істеріңізді дамыту өте маңызды.


Ашық сөйлесуді әдетке айналдырыңыз

Өз сезіміңіз, қалауыңыз бен қажеттіліктеріңіз туралы ашық әрі шынайы айтыңыз. Серігіңіздің айтқанын тыңдап қана қоймай, оны түсінуге тырысыңыз.


Өзіңізді бағалауды үйреніңіз

Өзіне деген махаббат пен сенімділік — салауатты қарым-қатынастың басты кепілі.


Кешірімді бола біліңіз

«Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ». Ұсақ-түйек қателіктерді кешіре білу және іште кек сақтамай алға қарай бірге ұмтылу маңызды.


Жеке шекараны белгілеңіз

Шекара сіздің жеке қажеттіліктеріңіз қай жерде аяқталып, серігіңіздің мүддесі қай жерден басталатынын түсінуге көмектеседі. Осы шекараларды белгілей алу және оны өзара құрметтеу — қарым-қатынастағы кемелдіктің, толысқандықтың белгісі.

Негізі сау, дұрыс қарым-қатынаста әркім — дербес, жеке тұлға. Ешкім екіншісінің араласатын ортасын шектемейді, оның жеке кеңістігі мен қызығушылықтарына құрметпен қарайды. Ал тәуелділік көбіне бір тараптың екіншісін басынуына немесе қорлауына негізделеді.


Дайындаған: Э.Базарбаева,

ERNUR.KZ.