​НАУРЫЗ мерекесінде МАҒЫНАЛЫ тәрбие бар

0
5 714

Ұлыстың Ұлы күнінде ойналатын ойындар мен жасалатын жоралғылардың ұрпаққа берер қандай тәрбиесі бар?


​НАУРЫЗ мерекесінде МАҒЫНАЛЫ тәрбие бар

Наурыз мейрамының тойлануы, шығу тарихы Орта Азия, Иран мен Ауғанстанда біздің дәуірімізден алдын, VI ғасырда кең таралған деген дерек бізге жеткен.

Шығыс халықтары арасында күн мен түннің теңесуіне орай, жыл басы ретінде тойланатын ұлы мерекедегі әр халықтың өзінің салт-дәстүрі мен ұстанымына сай ойындар ұйымдастырылып, тағамдар әзірленеді.

Бізде «Наурыз көже» дайындалып, қазақтың ұлттық ойындары алтыбақан, қыз қуу, көкпар, аударыспақ, жамбы ату секілді ойындармен қатар, балалар үшін асық ойынының да орны ерекше.

Қазақ халқы Наурыз тойын өте ежелден үлкен мереке ретінде дүбірлетіп өткізген. Әсіресе, осы ұлы мерекеде халықтың дәстүрлі әдебиеті мен мәдениеті, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, өткен тарихы, бүгіні мен болашағы көгенкөз жас буын ұрпаққа үгіттеліп отырған.

Ерлер қолдарына кетпен, күрек тағы басқа құралдар алып, бұлақ көздерін ашады, су жолдарын аршиды. Ағаш егеді. «Бұлақ көрсең көзін аш, жақсы көрсең сөзін аш», «атаңнан мал қалғанша, тал қалсын», «ағаш еккенге сауап көп» деп ағаш егеді, жақсылықтың, жаңалықтың бастамашысы болады.

Ал, қыз-келіншектер шелекке айран, сүт құйып алып, қолдарына ожау алып, үйдің босағасын ақпен аптайды. «Ақ мол болсын, жауын-шашынды жыл болсын, көк-құт көзін ашсын» деп Алладан тілек тілейді. Мал мен жанның амандығын сұрайды. Олар әдейі ырыммен бұлақ көзіне май тамызады.

Ер-азаматтардың отырғызған, жаңа еккен ағашына ақ құяды. Ырымдап ақ шүберек байлайды. Мұны қазақ «көк — құттың көзін ашу» деп атайды.

Табиғатты қорғап, жаратылысқа жаны ашитын әрбір адам балаларына көк шөпті жұлғызбайды, бұтақтарды сындырудан тыяды, құстардың жұмыртқасын шағып, балапандарын өлтірткізбейді.

Осы Ұлыс күні балаларына «ұят болады», «обал болады», «жаман болады», «күнә болады» деген төрт сөзді қазақ аналары үнемі айтып отырған. Осы төрт сөзді үнемі естіп өскен бала, есейгенде анасының сөзінен асып, еш уақытта жаман нәрсеге бармайды.

Қазақ халқы мейрамнан бір күн алдын үйлерін қағып-сілкіп тазалайды. Мереке күні киетін сәнді киімдерін әзірлейді. Кірлерін де күнілгері жуады.

Осының барлығы баланың санасында орнығып қалатын тәрбие құралы десек артық емес.

Халқымыз Наурыз күнін «ақ түйенің қарны жарылған күн» деп ерекше қастерлейді. Осы күні ел ішіндегі дуалы ауызды батагөй, әулие ақсақалдарды арнайы дәмге шақырады. Не арнайы іздеп барып ақ батасын алады. Ол қарияларға арнайы сыйлық беру де үрдіске айналған.

Қазақтың «Баталы ұл арымас, батасыз құл жарымас» деген мақалы осы шындықты растайды. Өйткені қазақта наурыз күнгі тілек қабыл болады деген наным бар. Жақсы адамнан бата алсаң, жолың жақсылыққа оңғарылады деп ырым етеді. Сүйтіп, жақсы сөздің уыз батаның, ақ тілектің күшіне көміл сенеді. Бата алған жастардың жүрегі қуанып, жылдар бойы көңілді жүреді.

«Ұлыс оң болсын,
Ақ мол болсын.
Қайда барса жол болсын! Ұлыс бақты болсын,
Төрт түлік ақты болсын!
Ұлыс береке берсін, Бәлі-жала жерге енсін!
Бай қылсын,
Төрт түлік сай қылсын, Кетпес дәулет берсін,
Отауыңа сәулет берсін.
Бастарыңа бақыт қонсын, Қастарыңа нөкер толсын. Дұшпандарың жоқ болсын.
Көре алмаған қаскөйдің,
Іші күйіп шоқ болсын. Ризық, нәсібің тасып, Көңілдерің тоқ болсын.
Туған балаларың ер жетіп,
Өсіп үлкен ел болсын,
Бақталасың кем болсын.
Дәулетің шалқып, сел болсын, Дастарқаның кең болсын!»

Көктемнің шуағын ерте келген Ұлыстың ұлы күнінде ақсақалдарымыз бата беріп, ұрпақтың санасынан ата-баба дәстүрінің ұмыт қалмауын, ұлы мерекенің жалғасуын қалайды.

Күн мен түн теңесіп, ызғардың беті қайтатын, төрт түліктің төлдеп, аққа жаритын мезгіл болғандықтан, қазақ оны «Ұлыс күн» деп атаған. Парсы тілінен аударылғанда наурыз сөзі «жаңа күн» деген мағынаны береді. Бұл күні араздасып жүрген адамдар татуласып, төс қағыстырады. Өкпені ескі жылдың қойнауында қалдырады.

Көне заманда 21 наурыз күні түнде үйдің төріне қос шырақ жағып қоятын болған. Ол «осы үйдегі ерлі-зайыпты екі адамның шырағы жанып тұрсын, өмірлері сол шамдай жарық болсын, көңілдері шырақтай маздап тұрсын» деген ниеті. Наурыз күні таңмен таласа тұру да ырыздық-несібені арттырады деп сенген.

Қазақ наурыз мерекесін ұлыс тойын, үш күннен тоғыз күнге дейін жалғастырып тойлаған. Наурызды құт мейрамы немесе көктем мерекесі деп атаған. Бастапқы үш күнде құт басы, ортаңғы үш күнді құт ортасы, соңғы үш күнді құт аяғы деп білген. Осы үш үштен тоғыз күнде үйіне қонақ көп келсе, ырысымыз тасыды, бағымыз жанды, адамдар арасындағы бет-беделіміз өсті, тілегіміз қабыл болды деп қуанған.

Бұл ұрпақты қонақжайлыққа, пейілдің кеңдігіне, жанашырлыққа, бауырмалдылыққа тәрбиелейді. Сонымен қатар, табиғаттың, құстар мен жануарларды қорғауды үйретеді.

Г. Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


ЕНЕнің көңілін табу АҚЫЛДЫ келіннің қолынан келеді


Отбасылық мәселеде АШУыңызды келтіретін 7 СЕБЕП