Жұмысқа бармайтын әйелдің балаларына, отбасына бөлетін уақыты көп болады.
фото: ridus.ru
Қазір ер-азаматының табысына қарап отырмай, қосыла жұмыс істейтін, тіпті жолдасынан көп табыс табатын әйелдер баршылық. Алайда, кейбір әйелдер мүлде жұмыс істемей, үйде бала-шағасына қарап, үйін таптай етіп, жолдасының ас-суын қамдап отырып-ақ өте бақытты. Ендеше, отбасының бақыты үшін табыс тауып, жұмыс істеген абзал ма, әлде үйде отырып жолдасының тапқанын қанағат етіп бала тәрбиелеген дұрыс па? Әрине, ең тиімді нұсқа – ол екеуінің ортасын ұстану. Бірақ, мұндай жағдайда көптеген әйелдерге 24 сағат аз болады. Егер анда да, мұнда да қиналмай үлгерсеңіз, онда жолыңыздың болғаны.
Үй шаруасындағы әйел болудың артықшылығы
Уақыттың көптігі
Жұмысқа бармайтын әйелдің балаларына, отбасына бөлетін уақыты көп болады. Оның сағат бойынша шектеулері жоқ. Сондықтан өмір ағысымен асықпай жүреді, басшылық бақылауы жоқ. Өз ырғағында үй жұмысымен алаңсыз айналысады.
Күйзеліс жоқ
Жұмыс істемейтін әйел өзін жайсыз сезінсе, ешкімнен рұқсат сүұрамай-ақ кез келген уақытта демала алады. Жұмысты бітіру керек, бастыққа ескерту керек деген уайым, күйзеліс болмайды. Негізі отбасының шайқалуына көбіне әйелдің күйзеліске түсуі себеп болып жатады екен. Ал үй шаруасындағы әйелдің ең үлкен уайымы - тамағының тұзы басым немесе күйіп кеткені.
Еркіндік
Үй шаруасындағы әйелдің үймен де, өзінің қызығушылығымен де еркін айналыса алады. Өз уақытын өзі реттейді. Ешкімге есеп бермейді, рұқсат сұрамайды. Бұл еркіндік әйелді бақытты ете түседі.
Балаларының өскенін бақылау
Бұл жұмыс істемейтін әйелдің басты артықшылығы болса керек. Таңнан кешке дейін жұмыс істейтін жандардың көпшілігі баласының қалай өсіп жатқанын байқай бермейді. Бала ұйықтап жатқанда кетіп, ұйықтап қалғанда келетін кездер болады. осындай кезде аздап өкініш болады. Ал үй шаруасындағы аналар үнемі балаларының жанында болғандықтан, олардың досына айналады. Балалары жайлы қолда, қажетті қамқорлығын алып жатқандықтан ер азаматының да көңілі жай, сабырлы болады.
Өзін-өзі дамыту
Үй шаруасын реттеп болған соң өз хоббиімен, қызығушылығымен айналыса алады. Өзі қызыққан іспен айналысқан жан соны дамыту үшін жан-жақты ізденісте болады.
Үйде отырып ақша таба алады
Қазір қаржы табуға мүмкіндік өте көп. Сондықтан үй шаруасындағы әйел де қашықтықтан жұмыс істеп ақша таба алады. Кәсіби тұрғыда өседі, ақша табады, балаларына да қарап үлгереді.
Әйелдің жұмыс істеуіндегі артықшылық
Қаржылай қолдау
Жұмыс істейтін қыз-келіншектердің көпшілігінің негізгі артықшылығы – отбасының материалдық жағдайын жақсартуға үлес қосады. Қаржы мәселесі екінші орында тұрады, ал балалардың қалағанына қол жеткізуге мүмкіндігі мол.
Шабыттың қайнар көзі
Жұмыс істейтін қыз-келіншектер айналасындағы жақындарына үнемі шабыт беріп жүреді. Қандай да бір қиын жағдайда қалғанда шешімін табады. Анасының әрбір әрекеті бала үшін жақсы үлгі. Олар өмірдің оңай емес екенін, тәтті, жақсының барлығы еңбекпен келетінін ұғынып өседі.
Тәуелсіз болу
Ақша табатын әйел көп жағдайда жолдасынан қолдау күтіп тұрмайды. Көптеген ұсақ-түйек мәселелерді өзі шешеді. Бұл ер азаматтарға да жағатыны сөзсіз. Яғни тәуелсіз болып, мәселені өзі шешу арқылы әйел жолдасының міндетінің жартысын өзіне алады.Ал ер азамат шамалы болса да бос уақыты болғанына қуанады, өзін жайлылықта сезінеді.
Көңілдің жайлылығы
Әйел адам өз арманын іске асыруға мүмкіндігі болғанда, көңілі жай болып, шағымы аз болады. Ал әйелдің көңілі жай болғанда отбасында жайлылық орнайды.
Махаббаттың артуы
Жұмыс істейтін аналар көп уақытын үйден тысқары өткізеді және балаларын аз көреді. Бірақ, жұмыстан сағынып келгенде, анасы да, оны ұзақ уақыт көрмеген балалары да бір-біріне махаббаттарын аямайды, арадағы жылылық сақталады.
Балалар біршама дербес болады
Аналары жұмыс істейтін балалар дербес болып өседі. Себебі олар аналарын көп көрмейді. Басқа амалдары болмағандықтан сабағын өзі оқып, қарны ашса өзі әрекетін жасап тамақтанады. Бұл баланы жауапкершілікке тәрбиелейді және ересек өмірге дайындайды.
Әрине, әркімнің өз таңдауы бар. Бірі үй шаруасын қаласа, бірі жұмыс істегенді, мансап қуғанды дұрыс көреді. Дегенмен, қайсы таңдау болса да отбасының жайлылығы, тыныштығы бірінші орында болуы тиіс.
Жақсы қарым-қатынасты сақтаудың жолы
Табысты ер-азамат жанынан қандай жанды көргісі келеді? Үй шаруасындағы әйел ме әлде жұмыс істейтін бе? Екеуін бір жерге тоғыстыру біршама қиын. Бірақ, әйел үй шаруасында болса да, жұмыс істесе де, ер-азаматымен қарым-қатынасын бейбіт әрі жайлы ететін үш жағдай бар.
- Әйел күйзеліске түсетіндей, қатты шаршап-шалдығып жұмыс істемеуі керек. Егер шаршаса онда өзін жоғалтады және жолдасына қарауға шамасы келмейді, отбасының жайлылығын сақтау қиын болады.
- Мүмкіндігінше ер ,-азамат әйелінен көп ақша табуы керек. Егер ер-азамат әйелінен көп табыс тапса, өзін жеңіл сезінеді. Егер күйеуіңізден көп ақша тапсаңыз, оны міндет етпеңіз. Ер-азаматыңыз өзін ыңғайсыз сезінбесін.
- Жұмысты үйге алып келмеу керек. Әрине бұл жерде әңгіме құжаттар, есеп-қисап немесе сол секілді қағаздар жайында емес. Оның үстіне қазір көпшілік жандар қашықтан жұмыс істейді.
Бұл жерде жұмыстағы ахуал, жағдай жайлы айтылып тұр. Жұмыста қарбалас сәттер, ашуға тиетін, жүйкені тоздыратын жағдайлар жиі кездеседі. Алайда, дәл осы ахуалды жұмыстан шыққан жердегі есікке қалдырып кету керек. Үйге мейірімді ана, қамқор жар кіруі керек. Бұл тек жұмыс істейтін қыз-келіншектерге ғана қатысты емес. Үй шаруасындағы әйелдердің тіршілігі көзге көріне беремесе де, олардыкі де қайнаған жұмыс ортасы.
Дайындаған: Э.Базарбаева