ТҮРКІСТАН: ​ТҮЛКІБАС АУДАНЫНДА ҚҰРЫЛТАЙ САЙЛАУЫ КҮНІ «ТҰСАУКЕСЕР» ДӘСТҮРІ ӨТТІ

0
49


ТҮРКІСТАН: ​ТҮЛКІБАС АУДАНЫНДА ҚҰРЫЛТАЙ САЙЛАУЫ КҮНІ «ТҰСАУКЕСЕР» ДӘСТҮРІ ӨТТІ

ERNUR.KZ. Түлкібас ауданындағы №807 сайлау учаскесінің алдында Құрылтай сайлауына орай ұлттық салт-дәстүрді дәріптеген «Тұсаукесер» рәсімі өтті. Сайлау учаскесіне келген тұрғындар қазақ халқының ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан дәстүріне куә болды. «Тұсаукесер» рәсімі - халқымыздың балаға ақ жол тілеп, оның өмір жолы ашық, қадамы нық болсын деген ізгі ниетін білдіреді. Рәсім барысында бүлдіршіннің тұсауы кесіліп, ақсақалдар мен ауыл тұрғындары ақ батасын берді. Баланың ата-анасы бұл күннің өздері үшін ерекше мәнге ие екенін атап өтті.


«Бүгін біз үшін қуанышты әрі есте қаларлық күн болды. Баламыздың тұсауы осындай маңызды күні кесілгеніне қуаныштымыз. Қазақта тұсаукесер «бала өмірде сүрінбей, жолы ашық болсын» деген ақ тілекпен жасалады. Елімізге амандық, халқымызға бірлік тілейміз. Баламыздың алғашқы қадамына ел-жұрттың ақ батасы берілгеніне разымыз», – деді баланың анасы.

Түлкібас ауданында барлығы 60 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Саяси науқанға қатысуға аудан бойынша 60 090 азаматтың дауыс беру құқығы бар. Сонымен қатар, аудандағы 965 мүмкіндігі шектеулі тұрғынның дауыс беруі үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Сайлау учаскелерінде азаматтардың өз таңдауын еркін әрі кедергісіз жасауына мүмкіндік қарастырылған.