Еркек «ЕРКЕК» болса, әйел бағынбай қайда барады?

0
6 914

Әйелге тән нәзіктік, ұяңдық, еркекке тән намысқойлық пен батылдық әр жаратылыстың өз бойынан табылса, осы қасиеттерімізді жоғалтпасақ, барлығы да орнында болар еді. Еркектік қасиетін жоғалтпаған еркек тұрғанда, әйел бағынбай қайда барады?


Еркек «ЕРКЕК» болса, әйел бағынбай қайда барады?

Алла Тағала еркекті «ЕРКЕК», әйелді «ӘЙЕЛ» етіп жаратқан соң, өз болмысына тән мінез-құлықтан ажырамауы керек.

Әйелге тән нәзіктік, ұяңдық, еркекке тән намысқойлық пен батылдық әр жаратылыстың өз бойынан табылса, осы қасиеттерімізді жоғалтпасақ, барлығы да орнында болар еді. Еркектік қасиетін жоғалтпаған еркек тұрғанда, әйел бағынбай қайда барады?

Әр отбасында ер азамат мықты болуы керек. Аға айбынды, іні намысты, әке айбарлы, сұсты болса, қыз баласы, әйел заты бағынышты болады. Ер азаматтың намысын таптамай, абыройын асқақ ету үшін әйел де өзінің жұмбақтығын, нәзіктігін сақтайды.

Жасырын емес, «қыздар абыройын сақтай алмады, әйелдер ер-азаматтың жұмысын мойнына артып, күйеуін үйде отырғызып қойды» деген сөздерді жиі естіп жатамыз. Кінәлі адамды да тек бір жақты ғана қарастырамыз. Түптеп келгенде мұның барлығына да әйелді кінәлі етіп шығарамыз. Алайда, қыздарымызды қорғау, олардың абыройын ойлау тікелей ер азаматтарымызға байланысты.

Қыз баланың жүрген жүрісі мен сөйлеген сөзіне тоқтау салып, белгілі бір шеңберден шығып кетпеуін қадағалау, тәрбиесіне жауап беру тікелей анаға артылатын жүк болғанымен, ер азаматтардың айбынды, намыстылығының да әсері тимей қоймайды.

Ананың ақылы қыз бала үшін маңызды болғанымен, әкенің қаһарынан қаймығып, ағаның айбарынан именіп тұрған қыз бала артық әрекетке бармайды. Отбасындағы ер адамды пір тұтып, асқар тауы сезінген қыз баласының ойы да тұрақты, ар-ұятына жауапты болып өсетіндігін дәлелдеудің де қажеті жоқ деп білем. Өйткені, қазақ халқында қыз баланың тәрбиесіне тек ата-анасы ғана емес, аға-жеңгесі, арысы ауыл-аймақ болып жауапты болған. «Осы ауылдың қызы» деген атқа лайықты болу үшін мейлінше жаны мен тәнінің сұлулығына, тазалығына мән берген.

Ащы да болса мойындауға тура келеді, «әкелерде намыс жоқ» десе өре түрегелетін азаматтар түсінуге тырыссын, қоғамның айнасы ештеңені жасырып қала алмайды. Себебі, керек жерінде әкенің жұмсақ мінезі емес, қаталдығы қажет болып жатады. Ананың жұмсақ жүректілігі мен әкенің қатулы қабағы астасқанда ғана ұрпақ азғындамайды.

Кейде ер азаматтардың тәрбиесінде кетіп жатқан кемшіліктерді жолға қою керек шығар деген ой да туындайды. Өйткені, ер азамат қашанда әйелден бір саты жоғары тұрады. Сондықтан, артылар жауапкершіліктің де салмағын саралай білгені дұрыс.

Қашан әкелер намысты болады, қыздар да намысты болады. Қашан ағалар айбынды, батыр болады, әпке-қарындастар түп-түзу болады.

Ерлеріміз елге қызмет етемін десе, алдымен, өз отбасынан бастаса, отбасындағы ана, әпке-қарындас, қыздарымызды намысты, ар-ұятты, ибалы етіп тәрбиелеуге атсалыссын. Өсіп келе жатқан ұлдарымызды да «жұдырығы тоқпақтай, жауырыны қақпақтай» батыр ұландары етіп тәрбиелеу үшін ана тәрбиесімен қоса, әкенің мықтылығы да қажет.

Өйткені, мықты әкенің тәрбиесін көрген ұл бала ертеңгі күні өз отбасында да осындай жағдайды қалыптастыра алады.

Қорғанымыз деп сенім арту үшін еркек мінезді болу керек.

* Ғабит Мүсіреповтің «Еркекке тіс те керек, іс те керек, білек те керек, жүрек те керек...» дегеніндей, ер азамат бесаспап болса, тәрбие де жүйесін табады.

* «Әйел қырыққа келгенше өңін бермесе- қасиет, еркек қырыққа келгенше есі кірмесе- қасірет». Әйелдің өңін бермеуі ер азаматтарға тікелей қатысты екендігінің тағы да бір дәлелі осы емес пе?

Ал, өзін-өзі тәрбиелеуге қауқары жетпеген еркек өз балаларын, әйелін басқара алмайды. Өйткені, ана әкенің рөлін биіктетіп қойғанымен, балаларының көзінен ештеңені жасыра алмайды. Ана әкенің орнын балаларына биік етіп көрсетуге тырысса да ісіміз бен сөзіміз қабыспай жатса, бала барлығын да сезіп отырады.

Сондықтан, мейлінше, жұбайларыңыздың еңбегін де жоққа шығармай, өр мінезіңізді «ұр да жық» дөрекілікпен шатастырып алмай, отбасыңыз арқа сүйейтін, сенім артатын жан болыңыз. Балаларыңызды да жауапкершілікке, қожайындық сезімінің бойына құйылуына, алдымен отбасына деген сүйіспеншілік пен қызметті Отанға деген ұлтжандылық, батырлық сезіммен ұштастыруға тәрбиелеңіз!

Гүлвира ЖҰМАДІЛДАЕВА,

ERNUR.KZ