​Жасөспірім балаңыз ЖАЛҚАУ болса, МЫНА әрекеттерді жасаңыз

0
1 939

Бала жалқау болса, оған ата-ана айыпты.


​Жасөспірім балаңыз ЖАЛҚАУ болса, МЫНА әрекеттерді жасаңыз

Жасөспірім шақта бойын жалқаулық, еңсесін енжарлық басу – екінің бірінде кездесетін жағдай. Тіпті кішкентайында тілалғыш, елгезек болған балалардың өзі өсе келе өзгеріп кетіп жатады. Айтқаныңмен келісе салмайды, істемеу үшін мың сылтау табады, «ұмытып кетіппін» деп құтылғысы келеді немесе "қазір, қазірмен-ақ" сілеңді қатырады.

Ал ата-ана қайтеді? Бірінші жай сөзбен айтады, екінші ретте қаттырақ сөйлейді, үшінші ретте де айтқанын істемесе, айқаға басып не ұрып-соғып артық кетуі – болып-ақ жатқан жағдай.


Бүгінгі күнгі көп мамандар «Жалқаулық деген нәрсе жоқ, адамның бір нәрсені істегісі келмеуі – басқа бір себептердің салдарлары» дейтін тұжырым айтады. Оқыған, естіген боларсыз. Сондықтан біз де өтпелі кезеңдегі жас өскіннің мұндай қылықтарын жалқаулыққа жаба салмай, мәселенің мән-жайын тереңнен іздеп көрейікші. Негізгі себепті тапқанда, ар жағынан шешімі де қылаң береді.


Мотивация болмауы

Жасөспірімнің ештеңеге ықыласы болмауының бірінші себебі – мотивацияның жоқтығы. Нақты бір мақсат не көздеген пайда, қызығушылық болмаған кезде, «мұның маған еш керегі жоқ» деп ойлап тұрса, жасөспірім тұрмақ, есті ересек адамның өзі шаруасын кейінге қалдыра береді емес пе?

Бұл себеп пен салдарды болдырмаудың амалы – балаға мотивация беріп отыру. «Осы айтқанымды істесең, мен сенің мына өтінішіңді орындаймын, мынадай нәрсеге рұқсат беремін» немесе «Күнделікті осылай жасап жүрсең, болашақта мына жағынан пайдасы тиеді» дегендей ұсыныстармен келіссөзге шақырыңыз. Жасөспірім бала үшін ең жақсы мотивация беруші – ақша. Қалай болғанда да оған қалта қаражатын беретініңіз, анда-мұнда қыдыруға, серуендеуге жіберетініңіз, ең ақыры – тәтті-пәтті сатып әперетініңіз анық қой. Ендеше соның бәрін жайдан-жай бере бермей, үй шаруасына көмектескені үшін, сабағын жақсы оқығаны үшін берілетін ақы, тапсырманы уақытылы орындағаны үшін сыйақы есебінде берген әлдеқайда тиімді.



Өзіне сенімсіздік

Көбіне жасөспірімнің бір іске «қолымнан келмейді-ау», «қате істеп қоярмын» дегендей сенімсіздік, қорқыныштың салдарынан қолы бармай жатады. Ал әрбір жіберген қатесі, дұрыс емес жасаған ісі үшін ата-анасынан ұрыс еститін болса, одан да мүлде ештеңе істемей ұрыс есту жолын таңдайды. Өйткені, оның бойында тәуекелге бел буу, жасап көру, дұрыс болмаса қайсарлық танытып, қайта басынан бастап жасап көру сынды дағдылар әлі қалыптаспаған.

«Жалқаулықтың» бұл себебіне көп жағдайда ата-аналар кінәлі, шешім де өздерінің қолында. Баланың бетнен қақпай, қатесі үшін ұрса жөнелмей, оны жөндеуге болатынын айтып, қайта басынан бастап көруді үйретсе, баланың өзіне деген сенімділігін жоймаса, мұндай «жалқаулық» та болмас еді. Әлі де кеш емес. Балаға «Сенің қолыңнан келеді», «Мен көмектесемін», «Дұрыс болмаса, ештеңе етпейді. Келесіде бұдан да жақсы жасайсың. Қайта істеп көр» дегендей сөздермен сенімділік беріп, бойына қанат бітіріп, ақыл-кеңесіңізбен бөлісіңіз.


Жоспарлай алмау

Уақыт пен шаруаларды жоспарлай алмау, маңызды істерге басымдық бермеу – жасөспірімнің жалқаулыққа бой алдыруының тағы бір себебі. «Сәлден кейін жасаймын» деп көп уақытын құр босқа жоғалтып алу, үлгермеу, жеңіл-желпі істерді алдымен жасап, соларға көп уақыт жұмсау, маңызды істердің қалып қоюы осыдан шығады.

Ата-ана ретінде балаға жоспарлаудың, жоспармен жүрудің, уақытты тиімді қолданудың үлгісін көрсетіңіз. Қалай болса солай жасалғаннан көрі, жоспарлы түрде жасалған іс әлдеқайда нәтижелі екенін іспен дәлелдеңіз. Сөзбен де түсіндіріңіз. Өзіңіздің де, оның да шаруаларын бірге жоспарлаңыздар. Бір айлық, апталық, бір күндік жоспарлар құруды, маңызды шаруаларға басымдық беруді, іс кестесін түзуді, уақыт межесін қоюды үйретіңіз.


Шаруаның шаш-етектен болуы

Кейде өтпелі кезеңдегі баланы ересек санап, мойнына көбірек жүк, жауапкершілік артып қоятынымыз да жасырын емес. Ол өзінен кейінгі іні-қарындастарына бас-көз болуы керек, сабағын жақсы оқуға міндетті, қосымша тіл үйрену, үйірме, спорт секциялары сынды жүктемелерді де қосамыз, үй шаруасына көмектесетіні тағы бар. «Барып кел-шауып келмен» миын ашытатынымыз да рас. Осындай тапсырмалар мен жұмсаулар тым көбейіп кетсе, жалқау болу былай тұрсын, жеткіншектің физикалық күші де, жүйкесі де сыр беруі әбден мүмкін.

Сондықтан, баланы оңды-солды жұмсай бермей, анда-мұнда жүгірте бермей, үйренсін деп түрлі қосымшаға жаза бермей, жүктемелер мен жауапкершіліктің салмағын таразылап отыру керек. Оның міндеттері мен шаруаларының нақты кестесі болғаны дұрыс. Сабақ, қосымшалар мен үйірмелер, үй тапсырмасын орындау, ата-анасына көмектесуден бөлек, тынығу, ойын жинақтау үшін күнделікті бос уақытының болуын да міндетті түрде қарастырыңыз.


Байқап отырсақ, баланың жұмысқа, сабақ оқуға ықыласының болмауына көп жағдайда ата-аналардың өздері себепкер екен. Ендеше, «жалқаусың», «өзгеріп барасың», «неге істемедің?», «неге айтқыза бересің?» деп дүрсе қоя беруге асықпайық. Мейірімді болу, қолдау білдіру, түсіністік таныту, дамуына, дұрыс дағдылар мен қабілеттерді қалыптастыруына белсенді көмектесу арқылы берілсе ғана, тәлім-тәрбиеңіз бойына жақсы сіңеді.

Дайындаған: А. Мейірханқызы,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

ЕРКЕКТЕР қай кезде ӨТІРІК АЙТАДЫ