«Жасөспірімдер неге стреске бейім? Неге суицидке барады? Қалай қорған боламыз?» деп бас қатырамыз.
Сурет: kemdetki.ru
«Жасөспірім» дегенде еске бірден мінезі қиын жеткіншек келеді. Өйткені басым көпшіліктің ойында «Бұл – өте қиын кезең. Баланың мінезі жаман жаққа қарай күрт өзгереді. Теріс жолға түсіп кетуі демде. Онымен тіл табысу қиын» деген ойлар нық орнаған. Осындай сөздерді ести беру немесе айналасындағы адамдардан сезе берудің өзі-ақ жас баланы депрессияға жетелеу үшін жеткілікті секілді. Сөйте тұра, «Жасөспірімдер неге стреске бейім? Неге суицидке барады? Қалай қорған боламыз?» деп бас қатырамыз.
Не үшін бұл жасқа жаман көзқарас қалыптасқан? Неге тек негативті тұсынан қараймыз? Оның жақсы жақтары, артықшылығы жоқ па?
Әрине, бар! Біреу емес, екеу емес... Одан әлдеқайда көп. Санамалап көрейік.
Жазғы демалыс
Жазғы демалысты күн санап күтетін, оған жыл бойы жоспар құратын – жасөспірімдер. Кішкентай кезде бұл мезгілдің кереметін түсініп жарытпайсың. Ал ересек жаста басқа жыл мезгілдерінен айырмасы аз. Болса да, оны сезіну қиын. Сондықтан, жасөспірімдік кезеңнің тамаша тұстарының бірі – жазғы демалыстың ұмытылмас, қымбат сәттер сыйлауы.
Жасөспірім болу – өмірдің қызықты және ерекше, зерттеулер мен ашылуларға толы кезеңі. Өзіңді танып, өмірден не қалайтыныңды түсінетін уақыт. Сондай-ақ, бұл – үлкен мүмкіндіктер маусымы. Қолыңда бар еркіндік пен ресурстарды пайдаланып, жасөспірімдік жылдарды барынша тиімді пайдалана аласың.
Жаз – жасөспірімдік кезеңнің ең жақсы көріністерінің бірі. Ол оқудан қажетті үзіліс береді. Қоршаған ортаны, әлемді зерттеу мүмкіндігін ұсынады. Мектептегі стрестен демалу үшін тамаша мұрсат сыйлайды. Мұңсыз-қамсыз күндердің рақатын сезініп үлгер.
Ең қуатты кезең
Байқасаңыз, үздік спортшылардың біршамасы жеңіс шыңына жасөспірімдік шақта жеткен. Барлық жеткіншек спортшы болмаса да, бәрінің ағзасы басқалардыкі секілді жұмыс істейді.
Бұл жастарда заталмасу жүйесі қызметін мүлтіксіз атқарады. Сондықтан дене бітімі, мүсін де мінсіз.
Сонымен қатар, зерттеулер жасөспірімдердің ең жоғары физикалық дайындық пен күшке ие екенін көрсеткен. Ендеше жасөспірімдік шақ – салауатты өмір салтын, жақсы әдеттерді қалыптастыруға аса қолайлы кезең. Мәселен, жаттығулар жасау және дұрыс тамақтану.
Қазір дұрыс өмір салтын таңдап, денсаулықты сақтау, аурудың алдын алу амалдарын жаса. Бұл әрекеттерің болашақта физикалық және психикалық жағынан тұғырлы тұлға болуыңа мызғымас іргетас қалыптастырады.
Еркіндік көбірек, жауапкершілік азырақ
Еркіндік пен міндеттердің, жауапкершіліктің аз болуы жаңа хоббимен айналысып, клубтарға кіріп, қосымша іс-шараларға қатысуға мүмкіндік сыйлайды. Өз қабілеттеріңді, қызығушылықтарыңызды, құндылықтарыңды зерттеу үшін көп нәрсені байқап көруге уақыт пен күш тап. Бұл уақытта ата-аналардың қолдау көрсетуі өте маңызды. Олардың қолдауы жасөспірімнің мүмкіндіктер аясын кеңейтеді, жауапты шешімдер қабылдауды үйренуіне көмектеседі.
Қателесу мүмкіндігі
Жасөспірімдік шақта әдетте жақсы білмегенің, қателік жасағаның үшін жазаланбайсың. Себебі сен әлі толық ересек емессің, баласың. Дұрыс пайымдау қабілеті толықтай қалыптаспаған. Шынайы, ересек өмірге дайындалу алдындағы тәжірибе кезеңінде жүрген практикант саналасың.
Жасөспірімдік шақ — зерттеу мен өсу кезеңі. Бұл – жаңа нәрселерді сынап көру, жаңа дағдыларды дамыту және өзіңізді тереңірек түсіну үшін керемет уақыт. Отбасы мен достардың қолдауымен көбірек жауапкершілік алып, тәуелсіз бола бастайсың. Бұл – әлеуметтік өзара әрекеттесудің артуы. Соның арқасында өзің және айналадағы әлем жайлы көбірек біле түсесің. Қателіктер жасауға болады және олардан түйін түйіп, сабақ алу міндетті. Осылайша дұрыс шешімдер қабылдауды, оң қадам басуды үйреніп, бірте-бірте жауапты ересекке айналасың.
Қызық пен шыжыққа толы өмір
Жасөспірімдік жылдар «алғашқыларға» толы: алғашқы достық, алғашқы махаббат, алғашқы гаджет, алғашқы көлік және тағы басқа. Одан да бөлек көп қызықты нәрселер бар. Ересек жаста көбіміздің өміріміз күнделікті күйбеңге айналады. Бірқалыпты, сүреңсіз күндерде ешқандай жарқын бояу мен эмоция, толқу жоқ.
Ал жасөспірімдер көптеген қызықтар мен шыжықтарға кенеле жүріп, жаңа эмоциялар мен әсерлерге қол жеткізе алады.
Жаңа нәрсені байқап көру
Жасөспірімдік шақ жаңа нәрселерді байқап көру, зерттеу үшін көптеген мүмкіндіктер ұсынады. Бұл жастағылардың шаш үлгісін немесе киім стилін жиі әрі қалаған кезде өзгертуі – қалыпты жағдай. Әр түрлі іс-шаралар, тағамдар мен хоббилерді байқап көру арқылы жаңа қызығушылықтар мен таланттарыңды ашуың мүмкін.
«Алтын орта»
Жасөспірімдік кезеңде балалық шақ пен ересек өмір арасындағы алтын ортаға тап боласың. Сен ендігі кішкентай бала емессің. Ересектер қатарына да қосылмадың. Екі шақты байланыстыратын алтын көпір іспеттісің. Ендеше, осы бір айрықша жағдайыңды барынша пайдаланып, екі жақтың да жақсы тұстарын қажетіңе жаратып қал. Мәселен, жасыңа лайық жұмыс істеп, ересектер секілді табыс тап та, оны тұрмыстық қажеттіліктерге емес, бала секілді ішкі жан қалауыңа азық болатын нәрселерге жұмса. Мұндай мүмкіндік сенде қазір ғана бар. Кейін, ересек өмірде мойныңа тұрмыстық жауапкершіліктер артылатындықтан, қиынға түсіп кетеді.
Дамуға жол ашық
Айтылғандардан бөлек, жасөспірім болудың керемет болуына себеп болатын тағы бір нәрсе бар. Мысалы, жасөспірімдер өзін дамыту, қабілеттерін жетілдіру, қабілеттерін шыңдау үшін көбірек мүмкіндікке ие. Түрлі клубтарға қатысып, спортпен айналысу, өзін әр түрлі іс-шараларда сынап көруде – еркін. Сонымен қатар, бұрынғылармен салыстырғанда, қазіргі жас жеткіншектер интернет атты алпауыт ресурсқа еш қиындықсыз қол жеткізе алады. Бұл олардың оқып-үйренуге және дамуына көмектесетін мүмкіндіктер аясын одан әрі кеңейтеді. Сондай-ақ, бүгінгі жасөспірімдерде үлгі тұтарлық тұлғаларға да көбірек қолжетімділік бар, олардан бағыт-бағдар мен қолдау алу қиын емес.
Жақсы достар табу
Жасөспірімдік кезеңде достық, қарым-қатынас әліппесін меңгере, олардың маңызын түсіне бастайсың. Жеке көзқарасың қалыптасады. Бұл айналаңдағы достарыңды сұрыптау, електен өткізу, жақсысы мен жаманын ажыратуға көмегін тигізеді. Сол себепті де көптеген адамдар ең адал, ең шынайы достарын жасөспірім шағында табады, таниды. Өмір бойына жалғасатын шынайы достықты осы жаста құра бастайды.
Ойлау икемділігі
Жасөспірімдерде ойлау икемділігі әлі жойылмаған. Бұл кезеңде олардың миы жаңа ақпаратты қабылдауға ашық, сондықтан олар жаңа тәжірибелер мен өзгерістерге оңай үйренеді.Сондықтан олар жаңа идеялар мен өмір жағдайларына тез бейімделеді.
Сондай-ақ, жасөспірімдер арасында ренжіу мен қайта татуласу жиі болады. Олар бір-бірімен өкпелеп, тез арада кешіре алады, бұл олардың өзара қарым-қатынасын әрі қарай нығайтады. Осылайша, жасөспірімдер үшін кешірім мен қайта байланыс орнату — бұл маңызды әлеуметтік дағды, ол оларға болашақта тиімді қарым-қатынас орнатуға көмектеседі.
Жасөспірімдік кезең – барлық қиындықтары, өзгерістері, көңілдің құбылмалылығы мен өте ұнамсыз безеулеріне қарамастан, керемет уақыт екенін ұмытпауымыз керек. Өйткені дәл оссы жастарда тұлға ретінде қалыптаса бастаймыз, қоғамдағы өз орнымызды іздей және таба бастаймыз.
Жалпы, тек жасөспірімдік шақ қана емес, дүниедегі барлық нәрсенің жақсы мен жаман, артық пен кем тұстары бар. Олардың қайсысын көріп, қайсыбірін сезінуің өзіңнің қай жақтан қарағаныңа, нені көре алғаныңа баланысты.
Дайындаған: А. Бектұрғанова,