Өмірдің жақсысы мен жаманын, ағы мен қарасын қатар көріп, өзінің қоғамның маңызды бір мүшесі екенін сезінеді
Жазғы демалыста мектептегі күнделікті білім алудан үзіліс беріледі. Бірақ оның бәрін жай демалыспен құр өткізуге болмайды. Есесіне, осы үш айды балалар мен жасөспірімдер үшін жаңа нәрселерді үйренуге және дағдыларын дамытуға тамаша мүмкіндік деп қарастырған жөн. Яғни, жазда білім алатын мектебіне бармаса да, өмір мектебі тоқтамауға тиіс. Балаңыз қоғамнан бөлектеніп үйде отырып қалмай, таңнан кешке дейін ойын ойнап қана қоймай, түрлі шараларға белсенді қатысып, қызықты әрі пайдалы өткізуіне көмектесіңіз. Мына 10 түрлі шараларды жүзеге асырсаңыз, бұл мақсатқа жетесіздер.
1. Танымдық экскурсиялар
Жазда баланы шомылуға ғана апара бермей, мұражайларға, тарихи орындарға немесе ғылыми орталықтарға жіберіңіз. Бұл қызықты әрі көп ақпарат беретін танымдық сапар болады. Оның үстіне мұндай орындар көбінесе жазда балаларға арнайы бағдарламалар немесе іс-шараларды жиі ұсынады.
2. Кітап оқу
Миың тынышталсын, көзің демалсын деп қолына мүлде кітап ұстатпай қою дұрыс емес. Формулалар мен ережелерге толы мектеп оқулығын оқымаса да, қызықты ақпараттар берілген танымдық кітаптар, көркем шығармалар оқығаны жөн. Баланың жасына және мазмұны қызығушылығына сай кітап ой-өресін, таным көкжиегін бірден бірнеше есеге кеңейтеді.
3. Тәжірибелер жасау
Балаға «Үйді шашасың, бүлдіресің» деп тыйым сала бермей, түрлі эксперимент жасап көруіне рұқсат беріңіз. Есік алдындағы құм, топырақ, тас сияқтылардан бастап, үйдегі бұйымдардың жұмысын, жасалуын зерттесін. Заттардың физикалық жай-күйінен химиялық реакцияларға дейін тәжірибе арқылы танысса, көп нәрсеге көзі жетері анық. Ол үшін кейбір қажеттілерін өзіңіз әкеліп берсеңіз де, арнайы уақыт бөліп бірге жасасаңыздар да, өкінбейсіз.
4. Тіл үйрену
Неғұрлым көбірек тіл білген адамда соғұрлым шекара кеңейіп, есіктер ашыла береді. Ересек адам ретінде мұны жақсы білетін боларсыз. Ендеше, оқу уақыты емес қой деп баланың тіл үйрену сабақтарын доғарып қоймаңыздар. Қайта, дәл осы мезгілді пайдаланып қалыңыздар. Басқа пәндерге алаңдамай, тек тіл үйренуге уақыт пен көңіл бөлуге мүмкіндік көбірек. Бұл үшін арнайы курсқа баруға, онлайн-курс алуға, тіпті болмағанда мобильді қосымшалар, ғаламтордан тегін сабақтар қарауға да болады. Әйтеуір, әрекетсіз отырмау керек.
5. Шығармашылық, көркемсурет үйірмелері
Баланың шығармашылық қабілетін дамыту, қандай да бір өнерге бейімдеу қаншалықты маңызды екені белгілі. Бірақ, ол оқумен, сіз жұмыспен жанталасып жүргенде, оған уақыт пен энергия жетпей қалып жатады. Бұл олқылықтың да орнын толтыру үшін жазды пайдаланыңыздар. Қандай да бір үйірмеге беріңіз немесе үйде шығармашылықпен айналысуына жағдай жасаңыз.
6. Волонтерлықпен айналыссын
Волонтерлық жобаларға қатысып, ерікті түрде қоғамға пайда әкелетін іс жасау баланы өте құнды адамдық қасиеттерге тәрбиелейді. Өмірдің жақсысы мен жаманын, ағы мен қарасын қатар көріп, мейірімділік пен ізгіліктің қаншалықты қажет екенін түсінеді. Өзінің қоғамның маңызды бір мүшесі екенін сезінеді. Өзін ғана ойламай, айналасына пайдалы болу, қамқорлық жасау дағдысы қалыптасады.
7. Спортқа ден қою
Бүгінгі балалардың физикалық белсенділігінің төмен екенін білеміз. Смартфон, гаджеттерге деген махаббаты да белгілі. Осыны ескерсек, көп баланың жазғы демалысы көгілдір экран алдында не телефондағы ойындармен өтетінін аңғару қиын емес. Міндетті түрде спорт секциясына жазыңыз, жазғы сауықтыру лагеріне жіберіңіз немесе аулаға шығып асыр салып ойнауын, жаттығу жасап, секіріп-жүгіруін өзіңіз күнделікті қадағалап отырыңыз. Әйтпесе, баланың денсаулығы мен дамуы кері кетуі әбден мүмкін.
8. Саяхат пен кэмпинг
Бір күндік болсын саяхаттың өзі қоршаған орта, әлем туралы қаншама білім беріп, таным көкжиегін кеңейтеді. Отбасыңызбен табиғат аясына шығып, сейіл-серуен құрыңыздар. Қазіргі тілмен айтқанда, кэмпинг ұйымдастырыңыз. Ол жерде бала табиғи жағдайда күн кешу, қауіп-қатерден сақтану, қауіп төнген жағдайда аман қалу шаралары, қоршаған ортаға қамқорлық жасау сынды көптеген пайдалы әрекеттерді үйренеді.
9. Аспаздық мектеп
Ұл-қыз деп бөлмей, барлық баланы аспаздық сабағына қатыстыру маңызды. Себебі, олар қандай жағдайда да өз денсаулығының қамы үшін пайдалы ас дайындай білулері керек. Аспаздық сабақтары балаңызға тамақ әзірлеуді үйренуге және тамақтану туралы көбірек мәлімет білуге көмектеседі. Сонымен қатар басқа елдердің аспаздық дәстүрлері, тамақтану мәдениеті туралы танымдық білім алады.
10. Бағдарламалау, компьютерлік біліктілік
Қазіргі балалар компьютердің тілін түсінбейді дей алмаймыз. Алайда, ол қолданушылық деңгейде қалып қоймағаны абзал. Бос уақыты көп болатын жаз мезгілін тиімді пайдаланудың тағы бір тәсілі – робототехника, IT курстарына қатыстыру. Онда бала жаңа заманның технологияларының тілін түсініп, тұтынушылықтан көрі тереңірек білім алады. Бұл болашақ мамандығына, өнертабысына, т.б. жетістіктеріне іргетас қалауы әбден мүмкін.
Жазғы демалыс – бала үшін жаңа ашылулар мен шытырман оқиғалардың уақыты. Демалыс жоспарына осындай іс-шараларды енгізу арқылы балаңыздың уақытын қызықты және пайдалы өткізуіне, сонымен қатар, білімі мен дағдыларын байыта отырып, жаңа оқу жылына дайындалуына көмектесесіз.
Дайындаған: А. Бектұрғанова,
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: