«Бала проблема емес қой?» дерсіз?.. Бірақ, мойындамағанмен де бұл күнделікті өмірде қайталанып келіп жатқан үрдіс. Оны сіз байқамауыңыз да мүмкін. Алайда, ата-аналардың тарапынан «бұл баланың еркелігі ғана» деп қарастырудан бөлек, «Түүһ, осы бала шаршатты мені. Қашан есейіп, өз алдына жүреді екен» деген сөздерді де еркіңізден тыс айтасыз ба?
«Бала проблема емес қой?» дерсіз?.. Бірақ, мойындамағанмен де бұл күнделікті өмірде қайталанып келіп жатқан үрдіс. Оны сіз байқамауыңыз да мүмкін. Алайда, ата-аналардың тарапынан «бұл баланың еркелігі ғана» деп қарастырудан бөлек, «Түүһ, осы бала шаршатты мені. Қашан есейіп, өз алдына жүреді екен» деген сөздерді де еркіңізден тыс айтасыз ба?
Бала қиқарлыққа салынып, ата-анасын тыңдамай, табандап отырып алуы да сізге таныс па? Ол ата-анасының айтқандарына қайшы әрекеттер жасап жатуы да үйреншікті жағдай ма?
Ол балабақшадағы сәтінен бастап, мектеп табалдырығын аттаған сәтінде де тәрбиешісінен, мектептегі ұстаздарынан қайта-қайта шақырту алып жатқан кезде ата-ана баланы ПРОБЛЕМА ретінде қарастыра бастайды. Тіпті, кейбір ата-аналар баласының көзінше «шаршадым сенен» деген сөздерді де айтып қалады. Мұндай сөзді балаңызға айтудан сақтаныңыз!
Себебі, баламен дұрыс қарым-қатынас орната алмай қалуыңыз мүмкін. Балаға бірдеңе айтар алдында жақсылап ойланып алыңыз.
Мойындауымыз керек, біз алдымен айтамыз, соңынан ойланамыз. Керісінше жасаңыз. Алдымен ойланыңыз, соңынан сөйлеңіз.
Сонда баламен дұрыс қарым-қатынас орнатасыз. Егер дұрыс қарым-қатынас орната алмасаңыз, балаға әсер ете алмасаңыз, яғни, сөзіңізді «өткізе» алмасаңыз қалыпты жағдайға айналады.
ПРОБЛЕМА осыдан келіп шығады. Бала есейген сайын бұл жағдай ушыға түседі де, бала тәрбиесін уысыңыздан шығарып аласыз.
Есейіп, азамат болғанда балаңыздың кейбір жағымсыз қылықтары мен теріс әрекеттерін көріп қалсаңыз, «мен қай жерден қателестім екен?» деп сан соғып қалатыныңыз анық.
Баланың өзіне тән өмірі бар екендігін ескеріп, онымен жеке тұлға ретінде санасуымыз керек. Көптеген ата-аналардың қателігі өз баласының портретін сызып алады. Аядай ғана шеңберге сыйғызып, «менің балам осындай болу керек» деген секілді ұстанымдармен баланы сол портреттің ішіне күштеп кіргізуге тырысады.
Бұған көбінесе себепкер болатын - «ЖҰРТТЫҢ БАЛАСЫ». Көпшілік ата-ананың басты қателіктерінің бірі баланың қабілеті бар ма, қызығушылығы бар ма, онымен еш санаспайды.
«Менің балам міндетті түрде осындай болуы керек» деген секілді баланың бойында жоқ қасиеттерді іздейміз. Оның орнына баланың жасырынып жатқан қабілетін аша түсу керек. Баланы еркінен тыс күштеу арқылы ата-аналар баламен арадағы қарым-қатынастың бұзылғанын байқамай да қалады. Онымен жеке тұлға ретінде санаса білсеңіз, біздің баламыз өскен кезде ТҰЛҒА бола алу мүмкіндігіне ие бола алады.
«Мен балаларымды ештеңеден мұқтаждық көрсеткен жоқпын, қарны тоқ, көйлегі көк, демек мен жақсы ата-анамын» деген ойды да санамызға сіңіріп аламыз.
Анығында бала тек материалдық құндылықпен тәрбиелене алмайды. «Оның жан-дүниесі нені қалайды?», «сезімі не дейді?» деген сұрақтардың жауабын тауып, шешуге ұмтылсаңыз баламен арадағы түсініспеушілік, проблемалар азая түседі.
Бала тәрбиесін жауапкершілік деп қарастырумен қатар, өнер деп қарастыруға да болады. Өйткені, қазіргі заманға сай тәрбиелеп шығару үшін әрбір ата-ана сол өнерді меңгеру керек.
Мағжан Жұмабаевтың тәрбиеге қатысты айтылған «Тәрбиеші кінәлі» деген сөзі бар. Тәрбиеші деген сөздің ауқымы кең. Ол ата-анадан бастап, ата-әже, аға-әпке, балабақша тәрбиешілері, мектептегі ұстаздар барлығы да кіреді. Сондықтан, бала құлақпен емес, көзбен тәрбиеленетінін ұмытпауымыз керек.
Яғни, ақыл айту, насихат айту керемет болса да оны ісіңізбен дәлелдеп бере алмасаңыз баланың тәрбиесінде кеткен ағаттықты өзіңіз жасап отырсыз.
Жүсіп Баласағұнның керемет сөзі бар «Құрсақта біткен қылық қара жерге бірге кіреді» деген. Сондықтан, әпсәнадан айтылып келе жатқан бала тәрбиесін құрсақтан бастау керек деген ұғымға келісемін. Өйткені, жақсы ана баласына мейлінше жақсы тәрбие беруге тырысады. Ал болашақ ата-аналар да есте ұстайтын қағида бұл баланың тәрбиесіне алаңдасаңыз, дұрыс жар таңдауды қолға алыңыз. Өйткені, жар таңдау арқылы баланың бойынан көргіңіз келген қасиетті жарыңыздың да бойынан таба алуыңыз керек.
Гүлвира ЖҰМАДІЛДАЕВА ,
ERNUR.KZ