Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің кезекті Қазақстан халқына Жолдауында осы салаға да ерекше көңіл бөліп, бірнеше бастама көтерді.
Әлеуметтік саланы дамыту – кез келген мемлекеттің тұрақты дамуы мен азаматтарының әл-ауқатын қамтамасыз етудің басты алғышарты. Себебі бұл салаға білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет, тұрғын үй, жұмыспен қамту сынды бірнеше бағыт кіреді және бұл үдеріс арқылы адам капиталының дамуы, әлеуметтік тұрақтылық, халықтың өмір сапасын арттыру, экономикалық өсімге серпін беру сынды маңызды міндеттер орындалады.
Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің кезекті Қазақстан халқына Жолдауында осы салаға да ерекше көңіл бөліп, бірнеше бастама көтерді. Мәселен, Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында білім саласы бойынша «Qazaq Digital Mektebi» деп аталатын шағын жинақты мектеп үлгісін әзірлеуді ұсынды. Президенттің айтуынша, әлем халқы қолданысқа енгізіп жатқан жасанды интеллектімен жұмыс істеу құзіретін балалардың санасына қалыптастыру мектеп қабырғасында басталып қоюы қажет. Сол себепті, мектеп оқушыларына арналған жасанды интеллект негіздері туралы бағдарлама мен оқу материалдарын әзірлеп, ұстаздардың да ЖИ-ді меңгеру дағдысын қалыптастыру керек. Мұндай платформа ауылдағы оқушыларды сапалы оқу тәсілдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек.
Сонымен бірге, Президент медициналық қызметтердің сапасына және көлеміне мониторинг жүргізетін жаңа жүйе керек екендігін және аймақтарда салынған көпбейінді ауруханаларды пайдалануға беру қажет екендігін айтты. Одан бөлек, отандық медицина нысандары жаңартылып, 540 нысан салынғанын жеткізді. Ал, алдағы уақытта елімізде фармацевтика өнеркәсібіне көңіл бөлініп, отандық дәрі-дәрмектің түрі мен санын көбейетін болады. Меициналық қызметтерді пайдалану тиімділігін арттыру да назардан түспейді.
Аймақтардағы әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарға бөлінетін әлеуметтік төлемдерді біріздендіру жұмыс да мықтап қолға алынбақ. Бұл туралы Президент өз сөзінде: «Мемлекеттің көз алдындағыдан басқаны көрмей, бәріне көне беретін әлеуметтік саясаты жүзден астам түрлі жеңілдіктің пайда болуына әкеп соқтырды. Осы жеңілдіктерді әперемін деп «көмек қолын» созатын жылпостар да көбейді. Біз әлі күнге дейін бұрынғы КСРО аумағындағы және одан тыс басқа да аймақтардағы қақтығыстарға қатысқан азаматтарға арнайы төлемдер жасап, медициналық қызмет көрсетіп келеміз. КСРО-ның ыдырағанына 35 жыл болса да, ардагерлеріміз барған сайын «жасарып», көбейіп барады. Мемлекет өзінің негізгі міндеттерін орындаудан бас тартпайды. Бірақ әлеуметтік жеңілдіктерді қолдан көбейту — елді дамытуға, яғни мектеп, аурухана, көлік инфрақұрылымдарын және басқа да нысандар салуға жұмсалуы қажет қыруар қаражатты желге шашу деген сөз», - деп, әлеуметтік мәселелерді сынға алды.
Әлеуметтік саладағы тағы бір маңызды бағыт – демография. Президент өз Жолдауында бұл тақырыпқа да арнайы тоқталып, елдегі демографиялық процесті зерделеу және болжау орталығын құру бастамасын көтерді. Аталған орталықтың жұмысы жолға қойылса, еңбек нарығы, инфрақұрылыммен қамту сынды салалардағы мәселелердің оңтайлы шешілуіне ықпақ етпек. Сонымен бірге, алдағы уақытта зейнетақы қоры, қаржылық сауаттылықты көтеру, халықтың қарызын азайту мәселелеріне де көңіл бөлінгелі отыр. Саналы, парасатты ұрпақ тәрбиелеу жұмыстары да жанданатын болады.
Жалпы, Мемлекет басшысы Жолдауында әлеуметтік салаға қатысы көптеген проблеманы ашық айтып, оларды шешу жолдарын да көрсетті. Бұл қоғамның дамуы үшін маңызды деп санаймын. Себебі аталған саланы дамыту – тек мемлекеттік міндет емес, ол – мемлекеттің өркендеуі мен халықтың бақытты өмірінің негізі. Бұл салаға салынған әр инвестиция қоғамның денсаулығы мен болашағына бағытталады.
Алмас Салимов,
Түркістан облыстық мәлихатының депутаты,
әлеуметтік-мәдени даму, мемлекеттік-құқық, жергілікті өзін-өзі басқару және депутаттық этика мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы.