Арыстық спортшылардың қоржынына 7 алтын, 5 күміс, 7 қола медаль түсті.
Арыс қаласында «Спорт және шеберлік күні» аясында ҚР-ның Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған панкратионнан ересектер, жастар және жасөспірімдер арасында Түркістан облысының чемпионаты өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Үш күнге жалғасқан жарысқа, Шымкент қаласы және Түркістан облысының барлық аудан-қалаларынан 200-ге жуық спортшы қатысты.
Тартысты өткен байрақты бәсекеде «Arys Fight» клубының спортшылары үздік нәтиже көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрінді. Арыстық спортшылар 7 алтын, 5 күміс, 7 қола медальға қол жеткізіп, командалық есепте І орынды иемденді. Жүлделі ІІ орынды Ордабасы ауданының командасы алса, ІІІ орын Шымкент қаласының «Turan Orda» командасына бұйырды.
«Бұқаралық спортты дамытуға қала әкімдігі тарапынан ерекше көңіл бөлініп, қолдау көрсетілуде. Қала спортшыларының 12 ауданнан қатысқан мұндай додада топ жарып, жүзден жүйрік атану осының дәлелі. Жеңіс тұғырынан көрінген арыстық спортшыларымызды алдағы уақыттарда да тек биіктен көріне берсін деп тілейміз», – деді қалалық спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы А.Кенжебеков.
Барлық жүлдегер командаларға арнайы медальдар мен кубок табысталып, демеушілер тарапынан қаржылай сыйлық берілді.