Бала денсаулығы - басты назарда!

0
1 474

Басқарма мамандары білім мекемелерінде қызылша ауруының алдын алу және емдеу жолдары туралы парақша таратты


Бала денсаулығы - басты назарда!

Түркістан облысы, Сайрам ауданының мектептері мен бөбекжай балабақшаларында «Қызылша ауруының алдын алу және емдеу жолдары» тақырыбында семинар сабақтары өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Қызылша – кең түрде таралған инфекциялық ауру. Оның негізгі белгілері дене қызуының көтерілуі, мұрынның, көздің және тамақтың шырышты қабығының қабынуы, теріде бөртпелердің пайда болуымен білінеді. Инфекция көзі – 2 күн инкубациялық кезеңнен 4-ші күнгі бөртпелер шығып ауырған адам. Бұл ауру көбінесе балаларға үйір келеді. Сондықтан да Сайрам аудандық қоғамдық денсаулықты сақтау басқармасының мамандары білім мекемелерінде қызылша ауруының алдын алу және емдеу жолдары туралы ақпараттық парақшалар таратуда.

Сонымен қатар, қызылша ауруының алдын алу мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастыруда. Соның бір айғағы – аудандағы М.Мақатаев атындағы, Сұраншы Батыр атындағы мектепте, №47 жалпы орта мектеп оқушылары арасында өткізілген семинарлар. Семинар сабақтарында мамандар оқушыларды қызылша ауруынан қорғанудың шараларымен таныстырып, салауатты өмір салтын насихаттады.

Сайрам аудандық қоғамдық денсаулықты сақтау басқармасының мамандары ұйымдастырған мұндай семинар Сайрам ауданындағы Ақсукент ауылында орналасқан «Арман» және «Айдана» бөбекжай балабақшаларының қызметкерлері арасында да өткізілді.

Мамандар балабақша қызметкерлеріне қызылша ауруы иммунитеті төмен бүлдіршінде суық тию белгілерімен де басталатынын ескертіп, баладағы әлсіздік, тәбеттің болмауы, құрғақ жөтел, мұрынның бітуі секілді белгілерге немқұрайлы қарамау керектігін түсіндірді.