Бала жоғалды: Арыста балалар үйінің тәрбиеленушісі сыныптасына өкпелеп кетіп қалған

0
1 883

Балалар үйінің қызметкерлері алдымен өздері іздеп, екі сағат бойы таба алмағандықтан Арыс аудандық полиция бөліміне хабарласқан.


 Бала жоғалды: Арыста балалар үйінің тәрбиеленушісі сыныптасына өкпелеп кетіп қалған

иллюстрациялық фото: ашықдереккөзден

Арыстағы балалар үйінен 14 жастағы жасөспірім жоғалып кеткен, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Ол сыныптасымен сөзге кеп ренжісіп белгісіз жаққа шығып кеткен көрінеді. Балалар үйінің қызметкерлері алдымен өздері іздеп, екі сағат бойы таба алмағандықтан Арыс аудандық полиция бөліміне хабарлаған.

Кешкі сағат 18.00-де балалар үйінің тәрбиеленушісі, кәмелетке толмаған баланың жоғалғаны туралы хабарлама кеп түскен соң тәртіп сақшылары дереу іздестіру жұмысына кіріскен. Алайда Арыс ауданы аумағынан бала табылмаған.

"Іздестіру жұмыстарына Арыс АПБ-нің учаскелік полицейлері, жедел уәкілдер мен басқа да құрылымдардың қызметкерлері жұмылдырылды. Полицейлер Арыс ауданының қоғамдық орындарының барлығын тексеріп шығады. Алайда, нәтиже болмайды. Арыстық сақшылар облысқа қарасты барлық қала, аудандарға баланың жоғалуы бойынша хабарлап, іздестіру жұмыстарын күшейтті. Сонымен қатар, жоғалған баланың жақындары туралы мәліметтерді алып, олардан сұрастыру жұмыстарын жүргізді" - деп мәлімдеді Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Үздіксіз іздестіру нәтижесінде сыныптасына өкпелеп балалар үйінен кетіп қалған 14-тегі бала түнде Сарыағаш ауданынан табылған. Көшеде жеңіл тағам әзірлейтін дүңгіршектің жанында отырған жерінен тәртіп сақшылары тауып алған. Полицейлер баланы бөлімшеге жеткізіп денсаулығының жақсы екендігіне көз жеткізген соң психологтарды шақырып жасөспіріммен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, балалар үйіне табыстады.