«БІЗДІ ЖОБАЛАРҒА ҚАТЫСТЫРМАЙДЫ»: түркістандық мүмкіндігі шектеулі жігіттер ӨЗ КҮШТЕРІМЕН кәсіп ашқан

0
801

Қайсар жігіттердің үшеуі де бірінші және екінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жандардың қатарына жатады.


«БІЗДІ ЖОБАЛАРҒА ҚАТЫСТЫРМАЙДЫ»: түркістандық мүмкіндігі шектеулі жігіттер ӨЗ КҮШТЕРІМЕН кәсіп ашқан

«Кәсібің – нәсібің» демекші, бүгінде елімізде өз ісін бастап, мол табысқа кенеліп отырған азаматтар аз емес. Тіпті, олардың арасында мүмкіндігі шектеулі болғанына қарамастан, ел қатарлы кәсіп ашқандар да баршылық. Екі қолға бір күрек тауып, көпке үлгі болып жүрген осындай кәсіпкерлердің бірімен ERNUR.KZ порталының тілішісі тілдесіп қайтқан еді.


Түркістан қаласының тұрғыны Мұхаммедәлі Тасқынбаев өзі сынды екі серіктесімен бірге облыс орталығынан компьютерлік қызмет көрсету орталығын ашқан. Оның айтуынша, осыдан бір жыл бұрын ашылған орталыққа қажетті құрал-жабдықтардың біразын несиеге алынған ақшаға, қалғанын туған-туыстардың демеуімен сатып алған. Бастапқыда жұмысты құжат көшірмесін жасау, фото шығару сынды қарапайым қызметтен бастаған олар, уақыт өте келе электронды порталдан кілт ашу, анықтама алу, бейнемонтаж жасау қызметтерін де меңгеріп алған. Ал, табыс жайлы сөз қозғағанымызда кәсіпкер Мұхаммед «асып-тасып жатпаса да, өзімізге жетеді, өз қажеттілігімізді өзіміз қамтамасыз етіп жатырмыз» - деп қысқа қайырды.


«Бұл нысанды жалға алып, ай сайын коммуналдық қызметтен бөлек 40 мың теңге төлеп жатырмыз. Әзірге мемлекет тарапынан ешқандай көмек алмадық. Көмек алу үшін бірнеше жобаға қатысқан едік. Бірақ көптеген кедергілер туындады. Мысалы, мені бірінші топтағы мүгедек болғаным үшін 500 мыңдық, 3 миллион теңгелік жобаларға қатыстырмады. Тіркелу үшін жұмыспен қамту орталығынан «жұмысқа жарамды» деген құжат алып келу керек екен. Ал, ондай құжатты мүгедек адамның алуы қиын екен. Түрлі жобаларға өтініш жібереміз, бірақ өтінішіміз жауапсыз қалады», - дейді ол.

Ескере кететін жағдай – аталған орталықты ашып, жұмысын дөңгелетіп келе жатқан Мұхаммед, Еркебұлан және Анарбай есімді жігіттердің үшеуі де бірінші және екінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жандардың қатарына жатады. Олардың сөзіне сүйенсек, «сонда мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау көрсетілмек түгілі, жобаларға да қатыстырылмайды ма?» деген сауал туындайды.


Кәсіпкер Мұхаммедтің ойынша, әсіресе мүмкіндігі шектеулі жандар мемлекет тарапынан көрсетілетін көмекпен ғана күн көре алмайды.


«Мысалы, біз дені сау адамдар сияқты автобуспен жүріп, жалпыға ортақ арзан моншаға түсе алмаймыз. Өйткені, бір жерге бару үшін тек қана такси жалдаймыз. Ал, оның бағасы арзан емес. Ал, моншаға барсақ, тым құрығанда қасымызда бір адам жүреді. Оның үстіне, кім болса да төрт қабырғаға қамалып жатқаны дұрыс емес қой. Ондай болса өмірге деген көзқарас та, денсаулық та нашарлай береді. Сондықтан, өзіміз би, өзіміз қожа болуды қалап, өз кәсібімізге кірісіп кеттік», - дейді ол.

Сондай-ақ, олар қызу тірлікпен алысып жатып: «замандастарға амандық тілейміз, тағдырластарға мақсатқа жету үшін ешқашан мойымаңдар, білім алсаңыздар, көптеген мүмкіндіктер есігі ашылады дегіміз келеді», - деген тілектерін де айтты.


Жалпы, бүгінгі күннің батырларын, өскелең ұрпаққа үлгі болатын азаматтарды айдан не аспаннан іздеудің қажеті жоқ. Өйткені, олар арамызда жүр. Тек өзіміз бағаламаймыз.