Қазақстан Азия елдері арасында алғашқы ондықта болса, ТМД елдері арасында көш бастап тұр.
Цифрландыру — Қазақстанның экономикалық, әлеуметтік және басқару жүйесінің дамуына тікелей әсер ететін стратегиялық бағыт. Елдегі цифрлық трансформация халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, мемлекеттік қызметтерді қолжетімді ету, экономиканы әртараптандыру және жаңа технологиялар негізінде бәсекеге қабілеттілікті арттыру мақсатында жүргізіліп, соңғы бірнеше жылда ауқымды істер атқарылды. Ал, ендігі үш жыл ішінде Қазақстан толықтай цифрлық елге айналмақ. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті Қазақстан халқына Жолдауында айтып:
«Жасанды интеллектінің қарқынды дамуы қазірдің өзінде халықтың, әсіресе жастардың мінез-құлқы мен болмыс-бітіміне әсер етіп жатыр. Басқаша болу мүмкін емес. Себебі бұл үрдіс бүкіл әлемде қалыптасқан тәртіпті және адамдардың өмір сүру салтын біржола өзгертуде. Біз бұған дайын болып, батыл әрекет етуміз керек. Әйтпесе, артта қалудың салдары өте ауыр болады. Сондықтан мен алдымызға өте маңызды стратегиялық мақсат қойдым», - деді. Сондай-ақ, Жолдауда экономиканың барлық саласын жаңғыртуға жағдай жасайтын жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылатыны мәлім болды.
Расында, цифрландыру саласы мемлекеттік басқаруды тиімді ету, экономикалық өсімді ұлғайту, әлеуметтік саланы дамыту, ақпарат бағытындағы ашықтық пен қолжетімділікті арттыру салаларына серпін береді. Сәйкесінше, елімізде бірнеше жылдан бері цифрландыру жұмыстары белсенді жүргізіліп келеді. Мәселен, бір ғана «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында 120-дан аса жоба іске қосылса, Smart City жобасы арқылы Астана, Алматы, Шымкент, Түркістан секілді қалаларда көлік, қауіпсіздік және коммуналдық жүйелер цифрланды. Қаржы және салық саласын, білім мен инновацияны дамыту жұмыстары атқарылды. Соның нәтижесінде қазір Қазақстан Азия елдері арасында алғашқы ондықта болса, ТМД елдері арасында көш бастап тұр.
Қорыта айтсақ, цифрландыру Қазақстанның даму қарқынын жеделдетіп, түрлі салада тиімділік пен ашықтықты арттыруға ықпал етуде. Жаңа технологиялар экономика мен әлеуметтік саланың ажырамас бөлігіне айналды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы жылдары да жалғасын табады, әсіресе жасанды интеллект секілді заманауи технологиялар негізгі рөл атқаратын болады. Біздің міндет – жаһандық үдерістен шет қалмау.
Уәлихан Рахиев,
Түркістан облыстық мәслихатының депутаты.