Балаға рухани білімді балабақша жасынан бастап беру керектігі басты назарда болды.
Жуырда Түркістан облысы, Отырар ауданының орталық балалар кітапханасында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында тағылымы мол шара өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Отырар аудандық балалар кітапханасы қызметкерлерінің ұйымдастыруымен өткен іс-шараға «Ақбол» балабақшасының бүлдіршіндері қатысты. Кітапхана қызметкерлері балаларға қызықты ертегілер оқып берді және ертегілер бойынша сұрақтар қойылды.
«Ертегі әлемінде» деп аталған бұл оқу сағатының мақсаты – балаларды ұлттық рухани біліммен сусындату, ертегі желісі арқылы бала бойына ізгілік пен адамгершілік-рухани тәрбие дәнін себу.
Балабақша жасындағы балаларды жан-жақты дамыту кезінде ертегінің алатын ролі өте зор. Халқымыз ертеден-ақ ертегілерді өскелең ұрпақты елін, Отанын сүюге, адалдыққа тәрбиелейтін құралдың бірі есебінде пайдаланған. Ертегідегі кейіпкерлердің іс-әрекеттерін, олардың адамгершілік, ерлік істерін үлгі, өнеге еткен.
Бүлдіршіндерге ұлттық тәрбие берген, олардың кітапқа деген қызығушылығын арттырған бұл шарада «Ертегілер елінде» атты кітап көрмесі де ұйымдастырылды. Кітапхана қызметкерлері көрмеге шолу жасап, бүлдіршіндерді кітаптармен таныстырды.
Сондай-ақ, шара барысында викториналық сұрақтардан түзілген «Ертегі кейіпкерлері» және «Жұмбақтарды шеш» ойындары ойнатылды. Балалар іс-шараға белсене қатысып, рухани азық алды.