Бюджетті тиімді басқару – болашаққа деген сенімді инвестиция

0
158

Ұлттық қордың тұрақты даму құралы ретіндегі рөлін қайта қарауымыз керек.


Бюджетті тиімді басқару – болашаққа деген сенімді инвестиция

Кез келген мемлекет тұрақты түрде дамуы үшін бюджет саласын тиімді жолдармен басқаруы қажет. Бұл Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік саясаттың да негізгі бағыттарының бірі. Сәйкесінше, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауы барысында ел экономкасы үшін маңызды, пайдасы бар жобаларға басымдық берілуге тиіс екендігін нықтап айтты. Мемлекет басшысының сөзінің сүйенсек, бұл тұрғыда әсіресе инвесторларға ұсынылатын салық жеңілдіктерін мұқият ойластырып, байыппен қолданған жөн.


— Жалпы, инвестициялық келісім жасау тәсілі өз тиімділігін көрсетті. Біз Ұлттық қордың тұрақты даму құралы ретіндегі рөлін қайта қарауымыз керек. Қорды қосымша инвестиция көзі ретінде қолдану үшін ел ішінде болашағы зор және нарықтағы әлеуеті жоғары болатын жобаларға қаржы бөлуге болады, деген Қасым-Жомарт Тоқаев бұл салаға қажетті болса сапалы сараптама жасай алатын халықаралық деңгейдегі басқарушылар мен инвесторларды тарту керектігін жеткізді.


Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі екінші дәрежелі банктер нақты секторға белсенді түрде қаржы салуы керектігін айтты. Себебі, аталған банктер экономикаға несие бергеннен гөр,і қаржылық тәуекелі төмен бағыттарға ақша салғанды жөн көреді екен.


Президенттің айтуынша, Ұлттық банк пен Үкімет банктердің ақшасын экономикаға барынша тартудың тиімді тәсілдерін табуы қажет.


— Банктер туралы заң қабылдау осы бағыттағы маңызды қадам болмақ. Бұл заңда экономиканың сұранысы мен технологиялық өзгерістер ескерілуі қажет. Құжатта бәсекені күшейту, нарыққа жаңа қатысушыларды тарту, қаржы жүйесіндегі технологияларды ілгерілету және цифрлық активтер айналымын ырықтандыру мәселелері қамтылуы керек. Үкімет Қаржы нарығын реттеу агенттігімен бірлесіп, заң жобасын жан-жақты пысықтауы қажет. Депутаттардан осы заңды жыл соңына дейін қабылдауды сұраймын, — деді Мемлекет басшысы.


Жолдау барысында Президент өңір басшыларының қаржыны тиімсіз жобаларға жұмсайтынын айтып, сын тақты. Соның салдарынан әлеуметтік қызметтері мен жеңілдіктері бар Астанаға көшетін адамдардың саны көбейіп, әлеуметтік қолдау шараларына жұмсалатын қаражат көлемі бюджет кірісіне қарағанда әлдеқайда жылдам көбейіп жатқан көрінеді. Оған қоса, мектептер мен медициналық нысандардың жүктемесі артып, орын тапшылығы туындап жатыр екен.


Жалпы, бүгінде Қазақстанның бюджетіне салмақ салып отырған мәселелер бұдан да көп. Сондықтан бюджетті тиімді басқару – мемлекеттің экономикалық тұрақтылығы мен халықтың әл-ауқатын арттырудың негізгі тетігі екендігін ұғынуымыз қажет. Сонда ғана еліміздегі экономикалық тұрақтылық, әлеуметтік салаларды дамыту, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, аймақтарды тең дәрежеде дамыту ұзақмерзімді даму стратегияларын жүзеге асыру сынды жұмыстардың жемісін көре аламыз.


Бюджетті тиімді басқару – Қазақстанның тұрақты дамуын қамтамасыз ететін маңызды іс қана емес, жарқын болашаққа салынатын сенімді инвестиция болып саналады. Сол себепті, осы бағытта атқарылатын жұмыстарға келешегінен мол үміт күтетін елдің азаматтары ретінде баршамыз атсалысуымыз қажет.


Мағауия Тұрысбеков,

Түркістан облыстық мәслихатының депутаты,

бюджет, экономика және ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы.

Бөлісу